Жаз маусымы әлі аяқталмаса да Петропавл қаласының тұрғындары жылыту маусымына дайындық мәселесіне қатты алаңдаулы. Соңғы екі жыл бойы жылу-электр орталығының қуаты жетпей, қызылжарлықтар қыстың көзі қырауда бүрсеңдеп шыққан болатын. Ал наурызда кәсіпорынның мұржасы құлағалы тіпті маза кетті.
Солтүстіктің қысы суық әрі қытымыр. Енді бір-бір жарым айдан соң жылыту маусымы басталуы тиіс. Бірақ тұрғындарды жылуэлектр орталығының мүшкіл жағдайы мазалап отыр. Қыстан қысылмай шығу үшін қызылжарлықтар бұған дейін көмір қорын жинап алған болатын. Бұрындары ала жаздай сатылатын 100 вагон көмір биыл айналдырған он күн ішінде тақыл-тұқыл. Яғни, қызылжарлықтар баламалы жылыту көздеріне ауысып жатыр деген сөз.
Алайда күні кеше брифинг өткізген «Севказэнерго» АҚ бас директоры Олег Перфилов халықтың күмәнін сейілтпекші болды.
«Тұрғындарды мазалайтын ең басты сұрақ – қыста үйіміз жылы бола ма? Бұл сұраққа «Иә, жылы болады!» деп жауап беремін», – деп сендірді. Оның айтуынша, биыл жылыту маусымы әкімдіктің кестесіне және температуралық режимге сәйкес уақытында басталады. Яғни, кәсіпорында жүріп жатқан жөндеу жұмыстарының жылыту маусымына қатысы жоқ.
Бас директор әлеуметтік желілердегі жазбаларға үнемі мониторинг жүргізіп отыратынын да айтып қалды.
«Биыл қыста жылу көлемі жылыту жүйесі қатып қалмастай етіп, өлместей-талмастай ғана беріледі» деп жазып жатқан тұрғындардың пікірін де ол жоққа шығарды. «Биыл керісінше пәтерлер бұрынғыға қарағанда жылырақ болады. Сол себепті жылытқыш сияқты қосымша құралдарды сатып алудың еш қажеті жоқ», – деді кәсіпорынның бас директоры.
Дегенмен қоғам белсендісі, облыстық қоғамдық кеңестің мүшесі Павел Афанасьевтің айтуынша, «Севказэнерго» кәсіпорны медицина ұйымдарының басшыларына болжамды энергия тапшылығының алдын алу мақсатында баламалы жылу көздерін іздеу керектігі туралы хат жолдағанын айтады.
«Мұны қалай түсінуге болады? Алдағы уақытта жылу ташылығы болатыны туралы ескерту ме? Әлде апат бола қалған жағдайда «біз ескертіп едік қой» деп жауапкершіліктен жалтару үшін жасалған амал ма?», – дейді қоғам белсендісі.
Оның айтуынша, кәсіпорынның бас директоры қол қойып, облыс әкімдігінің Денсаулық сақтау басқармасына жіберген бұл хаты кейін кері қайтару үшін сұратылып алыныпты-мыс.
«Қазір бұл мәселе тексеріледі. Сол екі хаттың күні мен номерін айтуға уәде берді, іздестіріп жатыр», – дейді ол.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі бұл мәселенің мән-жайын анықтаған соң нақты жауабын беретінін жеткізді.
ТӨТЕНШЕ ЖАҒДАЙ РЕЖИМІ НЕЛІКТЕН ЖАРИЯЛАНДЫ?
Бұған дейін кәсіпорындағы апатқа байланысты қалада төтенше жағдай режимі жарияланған болатын. Сол кезде бұл – кәсіпорынға бюджеттен қаржы бөлу үшін жасалған әрекет деген жорамал айтылған еді. Мұны қала әкімі Руслан Аңбаев жоққа шығарды. Оның айтуынша, жөндеу жұмыстары тек кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүргізіліп жатыр. «Себебі «Севказэнерго» табиғи монополиялар субъектісі болып табылады. Сондықтан оған қатысты мемлекеттік сатып алулар туралы заңның нормалары қолданылады. Заң бойынша құрылыс не қайта құру басталмас бұрын, жобалау-сметалық құжаттаманы бекітудің барлық кезеңдерінен өту керек, оған қоса көптеген, соның ішінде экологиялық сараптамалар бар. Бұл үрдіс бір жылдай уақытты қажет етеді. Ал төтенше жағдай режимі бұл мерзімді қысқартуға мүмкіндік береді. Қажетті құрал-жабдықты сатып алу үшін кәсіпорын мердігерлермен келісімшарт жасай алады. Бюджет қаржысы бөлінбейді», – деді қала әкімі Руслан Әкімжанұлы.
Бүгінде жөндеу жұмыстары жоспар бойынша жүргізіліп жатыр. Биыл наурызда 150 метрлік мұржаның 50 метрі құлаған болатын. Опырылып түскен мұржаның 40 метрі 20 қыркүйекке дейін қолмен бұзылмақ. Одан соң техника көмекке келеді. Осы күнге дейін оның 22 метрі бұзылыпты. Бұл жұмыс 20 қыркүйекке дейін жалғасады деп күтіліп отыр. «Севказэнерго» жылыту маусымы басталғанға дейін мұржаны толық бұзып бітіруге асықпайтындай.
Кәсіпорынның бас директоры сендіргеніндей, бұл жұмыс жылыту маусымына кедергі келтірмейді. Басқа екі мұржа оған дейін дайын болмақ.
«Қанша үлгерсек, соншасын бұзамыз. Жылыту маусымына бұл нысан әсер етпейді. №2 мұржаның ішкі жөндеу жұмыстары аяқталып, ол іске қосылды. Қыркүйекте сырты жөнделеді. Қыркүйек айының соңына дейін екінші мұржаны жөндеу аяқталады. Үшінші мұржаны зерттеу жұмыстары аяқталды, елеулі ақаулықтар анықталған жоқ. Қазан айында оның сырты жөнделеді. Күн суытқанша №2 және №3 мұржа іске қосылады», – деп сендірді кәсіпорынның бас директоры Олег Перфилов.
Оның айтуынша, қазандықтар мен газ шығару құрылғылары да жөнделіп жатыр. Тамыз айының соңына дейін – 5, қыркүйекте – 7, қазанда – 10, ал желтоқсанда барлық 11 қазандық дайын болмақ. Директорға сенсек, қазан айының басында барлық турбиналар сақадай сай болады. Жаңа мұржаның құрылысы қазан айының басында басталады деп жоспарланып отыр. Ол бұрынғыдан 30 метрге биігірек болады. – 180 метр. Оған 9 қазандықты қосу ойда бар.
«Жылыту маусымын бастау үшін қыркүйек айында 7 қазандық жеткілікті. Жылыту маусымын ойдағыдай өткізу үшін 9 қазандық жұмыс істеп, екеуі резервте болуы тиіс. Олардың жұмысы қамтамасыз етіледі», – деп сендірді бас директор.
Сондай-ақ ол биылғы күрделі жөндеу жұмыстарына байланысты тариф қымбаттамайтынына уәде берді.
«КӨППЕН КӨРГЕН ҰЛЫ ТОЙ»
«Өткен жылыту маусымы қандай болғанын бәріміз жақсы білеміз. Сондықтан алдағы жылыту маусымы қалыпты режимде өтуі үшін тиісті жұмыстар жүргізіледі», – деді Петропавл қаласының әкімі Руслан Аңбаев.
Қаланың орталық жылумен жабдықтау жүйесіне 4 500 ғимарат қосылған. 84 білім беру нысанының 79-ы дайындық паспортын алыпты. Ал 16 денсаулық сақтау нысанының 12-сі дайын. 1 115 көппәтерлі үйдің әзірге 430-ы ғана әзір. Әсіресе, 1914 жылдан 1960 жылға дейін салынған, пәтер иелері кооперативтері құрылмаған үйлерді қысқа әзірлеу бойынша қиындық туындап отыр. Қала әкімдігінің тұрғын үй инспекциясы бөлімінің мамандары осындай үйлердің тұрғындарымен кездесулер өткізіп, жылыту маусымына уақытылы және сапалы дайындалу қажеттілігі туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Билік басындағылар жылыту маусымына тиісінше әзірлену тұрғындардың өздерінің мойнында десе, қалалықтарды жылу-электр орталығының жай-күйі толғандырып отыр. Бір-біріне баламалы жылу көздерін сатып алып, есік-терезелерін қымтауға кеңес беріп жүрген қызылжарлықтар биыл жылуға жарымай шығатындарына іштей дайын. Не де болса, «көппен көрген – ұлы той».