Алматыдағы Ғылым академиясының ғимаратындағы архив және сирек кітаптар мен көне қолжазбалар қоры жойылудың алдында тұр. Зиялылар қауымының бұл мәселені көтеріп жүргеніне бірнеше жыл болған. Бірақ оны естір құлақ жоқ секілді. Дәл осылай жалғаса берсе, ұлтымыздың тарихи мұрасы көз алдымызда құрдымға кетуі әбден мүмкін.
Осыдан 90 жыл бұрын Орталық ғылыми кітапхана Қазақ КСР Ғылым Академиясының тұңғыш президенті Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен құрылған. Ол 1959 жылы «Сирек кітаптар, қолжазбалар және ұлттық әдебиет» бөлімін ашып, тарихқа, әдебиетке қатысты құнды қолжазбалар мен көне кітаптарды жинау үшін арнайы экспедиция ұйымдастырады. Осылайша Ә.Марғұлан бастаған бір топ ғалым ел ішінен ұлтымыздың тарихи-мәдени мұраларын түгендеп, Орталық ғылыми кітапхананың қорына қосты. Соның арқасында осы уақытқа дейін қаншама ғалым шетелдің архивтерін кезіп әуре болмай, өзіміздің еліміздегі құнды деректерге сүйеніп келді. Алайда қазір ғылыми кітапхананың жағдайы мәз емес. Қордағы мұраларды болашақ ұрпаққа қыл түсірмей сақтап қалу қиын болып тұр.
– Кезінде Ғылым академиясы тарамай тұрып бұл кітапхананың Орталық ғылыми кітапхана деген жеке мәртебесі болған. Кейін Ғылым академиясы тарап, қоғамдық ұйымға айналғанда кітапхананың да мәртебесі алынып тасталды. «Ғылым ордасы» атты кәсіпорын құрылып, кітапхана соған қарады. Мұнда қызмет ететін қызметкерлердің де кітапханашы мәртебесі жоқ. Бұл мәселені шешу үшін ғылыми кітапханаға бұрынғы статусын қайтаруымыз керек, – дейді кітапхананың тұрақты оқырманы, журналист Дина Имамбай.
Оның айтуынша, Сирек кітаптар мен көне қолжазбалар бөлімінің ережесі бойынша оқырманға құнды басылымдардың электронды нұсқасы берілуі керек. Әр басылымға арнайы мөр басылуы тиіс. Бірақ бүкіл қордың цифрлы нұсқасы болмауына байланысты қызметкерлер көне кітаптарды да оқырмандарға беруге мәжбүр. Сондай-ақ оқу залында компьютерлер жетіспейді, мұнда тұрған 3 компьютер ескірген. Көне кітаптарды қолға беру олардың сақталуы үшін өте қауіпті.
Ал академик Хангелді Әбжановтың пікірінше, кітапхананың бүгінгі жай-күйі сын көтермейді. Ол барлық мәртебесінен айырылып, кітап сақтайтын қоймаға айналған. Кітапханада жұмыс істейтін мамандардың айлығы да мардымсыз. Сирек кездесетін қолжазбалардың біразы қолды болып та кеткен.
– Сирек кітаптар мен қолжазбаларды сақтау, баптау және қалпына келтіру жұмыстары көңіл көншітпейді. Өйткені реставрациялау жұмыстары заманауи жабдықтармен және озық технологиялармен емес, осыдан 50-60 жыл бұрынғы әдіспен жүргізіледі. Мәтіндер өшуге жақын. Енді 5-10 жылдан кейін олардан да айырыламыз. Халықтың руханиятын әркімнің талан-таражысына салмауымыз керек. Қысқасы, жұмыс көп, уақыт аз. Ең бірінші, кітапхана туралы арнайы заң қабылдау керек. Екіншіден, ғылым туралы заңға ғылыми кітапхананы да қосуымыз қажет. Отыз жыл бүлдірген дүниені 30 күнде қалпына келтіре алмаймыз. Бұған кемі 10 жыл керек, – дейді Хангелді Әбжанов.
Алайда ғылыми кітапхананың бұрынғы Реставрация бөлімі жабылып қалған, қазір бұл секторда 1 адам ғана істейді. Жалпы елімізде көне қолжазбалар мен кітаптарды жөндейтін реставраторлар даярлайтын оқу орны жоқ, сондықтан маман жетіспейді. Осы мәселені тарихшы Алмас Жүнісбай министрдің кеңесшісімен кездеcкенде де айтыпты. Бірақ нәтиже шықпаған.
– Ғылым академиясының архивінде ізденіп жүрген Харвардтың докторантымен таныстым. Екеуміз отырып, Орта Азия тарихы туралы ұзақ сөйлестік. Кезінде Қазақ елінде басты ғылыми орталық болған Ғылым академиясының тарихи-құжаттық мұрасын сақтап отырған қазіргі Ғылым ордасының ғылыми архивінде зерттеушілерге жағдай жасалмағандығы туралы пікір айтты. «Мені қойшы, зерттеймін, кетем, ал ана құжаттарға обал» дейді. Осы мәселені мен қанша айтсам да, қанша көтерсем де әлі еш нәтиже жоқ, – дейді Алмас Жүнісбай.
Тарихшының айтуынша, қазаққа тарих та, жазба мұра да, архив те керек емес сияқты. Өз қазынасын сақтай алмай, ертең айырылып қалған соң, қайыршы болып Қытай, Ресей, Өзбекстанға алақан жайып, сандалып жүруіміз мүмкін.
Осы мәселені айтып Ғылым және жоғары білім министрлігінен сұрағанымызда олар министрдің жақында арнайы жиналыс өткізіп, мамандарды шақырып, ақылдасатынын айтты.
– Бұл мәселеден мен хабардармын. Ғылыми кітапхана мен архивтің отандық ғалымдар үшін қаншалықты маңызды екенін түсінемін. Бұл түйкілді біз мұқият зерттеп, сарапшы ғалымдармен ақылдасамыз. Бір шешім табылатынына сенімдімін, – дейді министр Саясат Нұрбек.
Алайда жоғарыдағылардың істі созып келе жатқанына бірнеше жыл болған. Сондықтан зиялылар қауымы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жазып, Орталық ғылыми кітапханаға бұрынғыдай жеке мекеме мәртебесін беруді және кітапханаға тек тарихшы-ғалым директор болса деп көмек сұрап отыр.