Жолан бастаған жобалар жолда қалды
Жолан бастаған жобалар жолда қалды
676
оқылды
Осыдан төрт жылдан астам уақыт б­ұрын Нарынқол өңірі қайтадан өз алдына дербес әкімшілік басқару аймағы болып, Райымбек батыр ауданы атанғаны ж­ұрт жадында. Сол кезде жаңа ауданның тізгінін ­ұстаған Жолан Омаров сияқты азаматтың бастамасымен аймақта қордаланған көптеген мәселе шешіліп, екінші тынысы ашылғандай болды. Тіпті бір кездері тұрмыстың тапшылығы мен ауа көшкен ж­ұрт та Нарынқолға қайта орала бастаған. Өкініштісі, Райымбектен Талғар ауданына ауыстырылып, сонда жүріп дүниеден өткен Омаровтың көп бастамасы аяқсыз қалғандай. Атап айтқанда, аймақтағы ағын судың тапшылығы жер игеруге ниетті жұрттың меселін қайтарып тұр. Ауданда шаруашылықаралық 8 канал бар екен. Барлығының тозығы жеткен. Егістікке жіберілген судың көп бөлігі техникалық шығынға ұшырайды. Ішкі шаруашылық каналдарының жағдайы мәз емес. Тозығы жеткен ағын су желілерін қайта қалыпқа келтіру үшін 7 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет. Биыл бөлген 1,6 миллиард теңгеге жүргізіліп жатқан жұмыстың қарқыны баяу. Осыған қарап-ақ бір-екі жылда каналдардың шаруасы реттеледі деп айту қиын. Көмірші ауылының тұрғыны, фермер Бақытжан Нұрмұханбетовтің айтуынша, шаруалар ағын судың тапшылығынан судың жартысын ғана игеріп отыр.
«Сарыжаз ауылдық округіне қарасты Көмірші ауылы аумағында жалпы көлемі 1044 гектар суармалы жер бар. Судың жетіспеушілігінен соның жартысын ғана игеріп отырмыз. Ауылдың тау жағынан үлкен тоспа орнатып, ағын суды жинап, молайту тетігін қарастырса дұрыс болар еді. Жағдайды облыс әкіміне де жеткізгенбіз. Өз кезегінде өңір басшысы аудан әкімі мен салаға жауапты басшыларға тапсырма берген. Бәріне уақыт төреші ғой ендігі кезекте өтінішіміздің қалай орындалғанын күтеміз», – дейді шаруа.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері де көңіл көншітпейді. Ресми дерек аудандағы өнеркәсіптің 41,8 пайызға, ауыл шаруашылығының 1,5 пайызға, құрылыс жұмыстарының 9,2 пайызға, бөлшек сауда айналымының 2,9 пайызға құлдырағанын көрсетеді. Нарынқол аймағының атын көпшілік картоппен байланыстырады. Облысты былай қойғанда республика бойынша картоп егуден алдына қара салмайтын аймақта бір кездері шетелдік инвесторлардың көмегімен іргелі кәсіпорынды іске қосуға талпыныс болған. Өкініштісі, картоппен аты шыққан өңірде картоп өнімдерін брендке айналдыруды мақсат еткен жоба жалғасын таппады. Картопты тереңдете өңдейтін кәсіпорынды айтпағанда ауданда картопты сақтайтын бірнеше қойма бар. Сыйымдылығы 5,5 мың тонна болатын 3 сақтау қоймасы күзгі өнімнің 4 пайызын ғана сақтауға қабілетті. Аудандағы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін 3 кәсіпорынның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Ұн шығаратын «Аманат корпорациясы» мен жүн өңдейтін «Текес түбіт» кәсіпорны жұмысын тоқтатқан. Жергілікті тұрғындар ағын су мен бірге жайылымдық жердің тапшылығын сезіне бастағанын айтады. Есесіне 70 мың гектар жайылымдық жерге иелік еткендер өз меншіктеріндегі жерді мақсатты пайдалануға асығар емес. Бүгінге дейін сот арқылы небәрі 200 гектар жер қайтарылыпты. Тағы 20 мың гектардың мәселесі қаралып жатқан көрінеді. Сарыбастау ауылының тұрғыны Ержан Молдахметов Шалкөде жайлауының да әлдекімдердің жымысқы әрекетінен жекенің қолына өтіп кеткен.
– Қолымызда сол жайлаудан 1 650 гектар жерді сырттағы біреулерге жазып бергендігі туралы 2017 жылғы мемлекеттік актінің көшірмесі бар. Жерді иеленгендер содан бері оны пайдаланбаған. Биыл 250 бас ірі қара мен бір отар қой кіргізді. Енді аумақты алқапты қоршап алмақ. Біз бұған қарсымыз. Ата-бабамыздан келе жатқан жайлауымызды өзімізге қайтарып беруді талап етеміз. Аудан әкіміне айта-айта шаршадық, – дейді ол.
Оған қоса, аудандық аурухананың 1989 жылы салынған ескі ғимараты, Сүмбе ауылдық ауруханасы, одан бөлек 5 дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуді қажет етеді. Сарыжаз, Шәлкөде және Тегістік ауылдық мәдениет үйлерінің ғимараттары пайдалануға жарамсыз. Жолдың жайы мүлде бөлек. Шалғайда орналасқан қос ауданды көмірмен қамтамасыз ететін «Бүркіт» отын-энергетикалық компаниясының директоры Ләззат Ботабекова Сарыбастау ауылынан «Ойқарағай» көмір кенішіне, одан ары «Ойқарағай» шекара бекетіне дейінгі облыстық маңызы бар 47 шақырым жолды өз күштерімен жүруге жарамды етіп ұстап отырғанын алға тартады. Дегенмен қазір халықтың күнделікті барыс-келісіне жарап тұрған жолға облыс, республика тарапынан назар аударылуы қажет-ақ. Аудандық ардагерлер мен ақсақалдар кеңесінің төрағасы, Бекболат Бірбаев та жерлес азаматтың сөзін қостап, ауданда салынып жатқан құрылыс нысандарының сапасыздығын, бақылаудың жоқтығын алға тартады. Тау өзендері мол аймақта сусап отырған елді мекендер бар. Мұнда да мердігерлердің жауапсыздығынан қазына қаржысы желге ұшқан. Ауыз су желісін қайта жаңғырту жұмыстары 6 жыл бұрын басталған Қаратоған ауылының тұрғындары да қазір тіршілік нәрінен тарылып отыр. Бір сөзбен айтқанда, кезінде даңқы төске өрлеген аудандағы көп істің көзін тауып, мәселелерді уақыт оздырмай шешуде Жолан Омаровтай басшының қажеттілігі сезіліп-ақ тұр.

Болат АБАҒАН,

Алматы облысы