Михаил бәрін шаң қаптырды
Михаил бәрін шаң қаптырды
420
оқылды
Қазақстандық атлет жеңіл атлетикадан Михаил Литвин Түркияда өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында алтын медаль жеңіп алды. Ол 400 метрлік қашықтықта жүгіруден сайысқа түсті. Нәтижесінде спортшы 45,36 секундтық көрсеткішпен мәре сызығын бірінші болып қиды. М.Литвин іріктеу кезеңінде 44,94 секундтық көрсеткішпен Қазақстан рекордын жаңартқан еді. Ислам ынтымақтастығы ойындары 2005 жылдан бері тұрақты өткізіліп келеді. Биыл бесінші мәрте жалауын желбіретті. Биылғы додаға 55 елден спортшылар қатысып жатыр. Ойындар 18 тамызға дейін жалғасады. Қазірге дейін қазақстандық спортшылар 15 медальмен (6 алтын, 1 күміс, 8 қола) жалпыкомандалық есепте үшінші орында тұр. Көш басында 54 (22-18-14) медальмен Түркия құрамасы келе жатса, екінші орында 29 медальмен (9 алтын, 13 күміс, 7 қола) Иран спортшылары тұр.

Кербез ЕСІМХАН