Тағылған айып расталмады
Тағылған айып расталмады
549
оқылды
Қорғаныс министрлігі бұрынғы әскери қызметші Айғаным Елшібаеваның «әскерде қысым көрдім» деген шағымына байланысты мәлімдеме жасады. Арнайы комиссия келісімшарт бойынша әскери қызметші Айғаным Елшібаеваның Қарулы Күштер қатарынан заңсыз шығарылуы және батальон командирі тарапынан қысым көруіне қатысты тексеруді аяқтады.
«Қорғаныс министрлігінің комиссиясы азаматша Елшібаеваның айтқан тұжырымы мен айғақтарын қайтадан мұқият зерделеген. Комиссияның жан-жақты тексерісі нәтижесінде Елшібаеваның арызында көрсетілген деректер құжатпен расталмағанын және шындыққа жанаспайтынын анықтады», – делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, 6 мамырда Қонаев гарнизонының әскери полиция бөлімі әскери қызметшінің жазбаша өтініші бойынша тексеру жұмыстарын жүргізген. Батальонның барлық жеке құрамы Елшібаеваға қатысты 54 179 әскери бөлімінің лауазымды тұлғалары тарапынан заңсыз іс-әрекет деректері болғанын растамаған.
«Жаңа комиссия жұмысының нәтижелері және Қонаев гарнизонының әскери полиция бөлімі жинаған материалдарды қарау, сондай-ақ 54 179 әскери бөлімі қызметшілерінің түсіндірмелерін талдау бойынша азаматша Елшібаева ұсынған айыптаулар расталмады», – делінген министрлік мәлімдемесінде.
Бұрынғы әскери қызметші қызмет атқару барысында батальон қолбасшылығы тарапынан бірнеше мәрте ескерту алғаны және әскери бөлімнің аумағына ұялы телефонды заңсыз алып кіргені үшін тәртіптік жауапкершілікке тартылғаны айтылды.
«Биыл 3 мамырда аттестаттау комиссиясының шешіміне сәйкес Елшібаева жауынгерлік даярлық бағдарламасын төмен меңгергені және тәртіпті бұзғаны үшін ҚР Қарулы Күштері қатарынан теріс пиғылы бойынша шығарылды. Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңына сәйкес Елшібаева аттестаттау комиссиясының қорытындысымен келіспеген жағдайда сот органдарына жүгінуге құқылы екенін хабарлаймыз», – делінген министрлік жауабында.