Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді
Кәсіпкерліктің көкжиегі кеңейіп келеді
807
оқылды
Ақмола облысында кәсіпкерлік саласын дамытуға баса назар аударылып келеді. Бұл орайда, екі қолға бір күрек табуға ұмтылып, кәсіпкерлікке бел буғандарға «Бизнестің жол картасы – 2025» сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы», «Жұмыспен қамту жол картасы» cияқты мемлекеттік бағдарламалар аясында ауқымды жобаларын жүзеге асырып жүр. Облыс әкімдігінің Кәсіпкерлік және туризм басқармасының мәліметтері бойынша өңірде «Бизнестің жол картасы – 2025» басталған уақыттан бері ғана жалпы сомасы 236,1 миллиард теңгенің 4 138 жоба мақұлданған. Өткен жылы аталған бағдарлама есебінен 1 685 жоба қолдау тауып, кәсіпкерлік өкілдіктері пайда болған. Негізінен шағын және орта кәсіпкерлік сала өкілдерін субсидиялау, несиелерді кепілдендіру, мемлекеттік гранттар ұсыну, өндірістік инфрақұрылымдарды жүргізуге мән берілген. «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті жаңа бастағандарға арналған шағын несиелеу, отбасылық және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту жобалары жүзеге асырылған. Бағдарламаны жүзеге асыруға 1 543 миллион теңге бөлініп, аталған сомаға кәсіпкерлік жобаларын бастаушыларға 186 шағын несие беру және 240 жаңа жұмыс орнын құру жоспарланыпты. Басқарма мәліметінше, облыс бойынша шағын кәсібін ашқан 164 адам жалпы сомасы 832 миллион теңге сомасында несие алған. Өңірде кәсіпкерлік саласының дамуына тың серпін берген «Қарапайым заттар экономикасы» жобасы болып табылады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – шетелдік импорт тауарларын ығыстыратын жергілікті әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарларымен алмастыру. Бағдарлама жүзеге асырылғаннан бері облыста 260 жоба мақұлданып, оған жалпы сомасы 44,6 млрд теңге қаржы бөлінген.
«Мемлекеттік бағдарламалармен негізінен аграрлық саладағы атап айтқанда, сүт өнімдерін өңдеу, ет өнімдерін өңдеу және консервілеу, сүтті тұқымды малды өсірумен байланысты жобалар мақұлданды. Сондай-ақ, киім-кешек тігу, қонақ үй бизнесі сияқты жобалар да ашылып жатыр. Бағдарлама шеңберінде «Родина» агрофирмасы, «Асыл арман» ЖШС, «MILK PROJECT», «Kazyna SR», «Авиценна-Бурабай», «Зерновая индустрия – Астана», «КАИК» сияқты жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер өз жобаларын сәтті жүзеге асырып жатыр», – дейді Ақмола облысы әкімдігінің Кәсіпкерлік және туризм басқармасы басшының орынбасары Александр Загребин.
Жалпы облыс аумағында бүгінде 50 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысан жұмыс істейді.