"Жедел желіге" 1 мыңға жуық өтініш түсті
"Жедел желіге" 1 мыңға жуық өтініш түсті
10,840
оқылды
«Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» жер мәселелері бойынша 985 өтініш келіп түсті. Оның барлығы өңірлік комиссиялардың қарауына жіберілген.
«Бүгінде ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер тапшылығы мәселесі өзекті болып отыр. Партияның мобильді қоғамдық қабылдауы ел аралаған кезде өңір тұрғындары осы мәселелерді көтерді. Бір айда «Жер аманаты» комиссиясының «жедел желісіне» жер мәселелері бойынша 985 өтініш келіп түсті. Бұл өтініштердің 62 пайызы жайылым жер бөлу мәселесіне, ал 28 пайызы шалғайдағы жайылымдар мен жер телімдерін алу кезінде көмек көрсетілуіне қатысты болды», – деді «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.
7 шілдеде «Жер аманаты» комиссиясының жер мәселелері жөніндегі «жедел желісі» іске қосылған болатын. Осылайша, қазақстандықтар барлық заң бұзу фактілері туралы 8 800 080 44 41 телефонына хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы + 77008004441 нөмірі бойынша қабылданады. «AMANAT» партиясы Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің ақпаратына сәйкес, жер мәселелеріне қатысты өтініштердің басым көпшілігі Түркістан (53,1 пайыз), Шығыс Қазақстан (17 пайыз), Ақмола (8,3 пайыз) және Павлодар (8,3 пайыз) облыстарының тұрғындарынан келіп түсті. Айта кету керек, «Жер аманаты» комиссиясы жұмысының нәтижесінде мемлекет меншігіне еліміз бойынша 293,2 мың гектар жайылым жер қайтарылды. Атап айтқанда, Қарағанды облысында – 82 мың га, Қостанай облысында – 67,1 мың га, Жамбыл облысында – 46,3 мың га, Жетісу облысында – 41,9 мың га, Ақтөбе облысында – 20 мың га, Түркістан облысында – 17 мың га, Солтүстік Қазақстан облысында – 18,9 мың га. «Жер аманаты» комиссиясының жұмысы жалғасып жатыр.