"Болашақпен" ауылға!
"Болашақпен" ауылға!
676
оқылды
Солтүстік Қазақстан облысының ең шалғай ауылдық округінде Ұлыбританияда оқып келген азамат әкім болып қызмет атқарады. Ол – Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі Ержан Бітниев. Әкім туған ауылына қызмет етуді өзінің перзенттік парызы санайды. Кейіпкеріміз Ержан Қадырұлы Ш.Уәлиханов ауданындағы Қайрат ауылында туып-өскен. Елордадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін тәмамдаған соң ол туған ауылына қайтып келуді жөн санапты. Мамандығы бойынша тарих пәнінің мұғалімі және гуманитарлық ғылымдар магистрі алдымен ауыл мектебінде ұстаздық етіп, кейін жергілікті әкімдікке қызметке орналасқан. Қайрат ауылдық округі әкімі аппаратында бас маман болып төрт-бес жылдай қызмет еткен соң Ержан Қадырұлы 2013 жылы ауылдық квота бойынша «Болашақ» бағдарламасына бағын сынап көрмекші болады. Жолы болып, Ұлыбританияның Ковентри қаласындағы Уорвик университетіне оқуға түскен. Ол басына қонған бағы үшін әлі күнге дейін туған ауылының алдында қарыздармын деп санайды.
«Мен Қайрат ауылдық округі әкімдігінің аппаратында бас маман болып қызмет атқара жүріп, ауылдық квота бойынша шетелге оқуға түстім. «Болашақ» бағдарламасы бойынша әлемдегі ең танымал да беделді жоғары оқу орындарының бірінде білім алу – әркімнің басына қона бермейтін бақ деп білемін. Бұл да болса ауылымның арқасында қол жеткізген жетістігім. Сондықтан әр қарыздың өтеуі бар дегендей, туған ауылымның алдындағы борышымды қайтаруым керек деп шештім», – деп ағынан жарылды ауыл әкімі.
  АУЫЛҒА КӨШІП КЕЛЕТІНДЕР КӨБЕЙДІ Осындай ұстанымға берік жас маман шетелдегі оқуын тәмамдаған соң елордадағы Мәдениет және спорт министрлігіндегі бас сарапшылық қызметін тастап, 2017 жылы өз ауылына қайтып оралған. Содан бері Ержан Қадырұлы – Қайрат ауылдық округінің әкімі. Былтыр ел тарихында тұңғыш рет ауыл әкімдерінің сайлауы өткен кезде оның кандидатурасы сол кездегі «Nur Otan» партиясы тарапынан ұсынылғаны да көп жайды аңғартса керек.
«Англияда мен жақсы тәжірибе жинақтадым. Шетелде алған барлық білімімді туған ауылымды өркендету жолына бағыттағым келеді. Ауыл тұрғындарын толғандыратын мәсе лелердің шешімін табуға өз септігімді тигізсем деймін. Сол себепті жаңа мерзімге сайлауға түскен болатынмын», – дейді ол.
Қамал алар жастағы ауыл әкімінің жұмысы нәтижесіз де емес. Ержан Бітниев Қайрат ауылдық округін басқарғалы шағын кәсіпкерлер саны, әсіресе, сауда-саттық және ауыл шаруашылығы салаларында фермерлік шаруашылықтардың саны артқан. Мәселен, 2017 жылға дейін мұнда небәрі екі-ақ кәсіпкер болса, бүгінде олардың саны сегізге дейін жеткен. Мал шаруашылығы саласында фермерлер саны 8-ден 18-ге дейін ұлғайған. Бұған қоса, жергілікті фермерлер асыл тұқымды мал басын көбейтіп, техникалық базасын нығайтуға көшкен. Жергілікті кәсіпкерлер картоп өсіріп, бау-бақша баптауды қолға алып жатыр. Ауылдардағы әлеуметтік-мәдени нысандар, атап айтқанда, клубтар жөнделіп, елді мекендердің бұған дейін тас қараңғы көшелері жарықтандырылған. Қайрат ауылында ұялы байланыс орнатылып, 3G интернеті тартылғаны – ауылдықтар үшін игілік. Бұған дейін басқа жаққа қоныс аударған тұрғындар өз ауылдарының күн санап көркейгенін көріп, қайтадан көшіп келіп жатыр. Олардың арасында жастардың да бар екені көңіл қуантады. Кейінгі толқынның ауылға деген көзқарасы өзгере бастапты. Бір кездері қалаға кетуді ойластырып жүрген «Болашақ» бағдарламасының түлегі, Англияның Ноттингем университетінде магистр бағдарламасы бойынша оқыған Гүлдана Битниева да бүгінде ауылда мұғалім болып еңбек етіп жүр. Мектепте оқушы саны да көбейе түскен.   УӘДЕНІҢ ҮДЕСІНЕН ШЫҒУ ҮШІН «Соңғы кездері елге қоныс аударушыларды шақырып жатырмыз. Соңғы екі жылда округке оңтүстік өңірлерден 5 отбасы көшіп келді. 2020 жылы Нұр-Сұлтан қаласынан туып-өскен ауылына Ерлан Досумбеков қоныс аударды. Ерлан да «Болашақ» бағдарламасының түлегі, бүгінде Қайрат орта мектебінде директор болып жұмыс істейді.
«17 жылдық еңбек жолымның көп бөлігін өзім туып-өскен жерде өткізгендіктен, мен тұрғындардың тұрмыс жағдайы мен оларды толғандыратын мәселелерді жақсы білемін. Шешімін күткен қиындықтар әлі де баршылық. Оларды шешу жолдарын да білемін, тек халық қолдаса болғаны», – дейді Ержан Қадырұлы.
Атап айтқанда, Қайрат орта мектебінің қаусап тұрған ғимараты күрделі жөндеуді қажет ететіні – мұғалімдерді ғана емес, оқушылар мен олардың ата-аналарын да толғандырған мәселе. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен қаражат бөлінуі тиіс. Ауылдық округ әкіміне үміткер болған кезінде Ержан Қадырұлы халыққа берген уәдесінің үдесінен шығып келеді. Атап айтқанда, Қайрат ауылында спорт ойын алаңын салу, ал Жасқайрат ауылында спорттық көше тренажерларын орнату, Қайрат орта мектебіне сорғы, ауа тазартқыш циклондар арқылы қатты отынмен жылытатын қазандық орнату, Қайрат орта мектебіне инклюзивті оқыту кабинетін ашу сияқты мәселелердің шешілуіне ауылдық округ әкімінің өзі ұйытқы болды. Әкімнің ықпал етуімен логопунктте қажетті құрал-жабдықты сатып алуға демеуші де табылды. Сайлау қарсаңында Ержан Бітниев ауылдастарына елді мекендегі мәселелерді шешу үшін қосымша қаржыландыру көздерін іздестіруге уәде берген. «Ер жігіттің екі сөйлегені – өлгені» дегендей, әкім аудандық бюджетке ғана алақан жая бермей, түйткілді мәселелердің оң шешімін табу үшін өзге де қаржы көздері қажет екенін жақсы түсінеді. Сайлауалды бағдарламада көрсетілген шаралардың дені орындалса, қалғандары бойынша тиісті жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, Жасқайрат ауылының көшелерінде жарық-диод шамдарын орнатуға конкурс өткізіліп, тиісті ақша бөлініпті. Осы ауылдың клубының материалдық-техникалық жағдайын жақсарту да кезегін күткен мәселенің бірі. Бұл мақсатқа қажетті қаражат бөлінген. Мамандығы мұғалім болғандықтан болар, ауыл әкімі ауыл мектептеріне көп көңіл бөледі. 2025 жылға дейін барлық мектептердегі кадр жетіспеушілігі мәселесін шешуді өзіне міндет санайды. Сондай-ақ жарты әлемді шарласа да, өз ауылына қайтып оралған ол өз жерлестері арасында туған жерге деген патриоттық сезімін арттыруды да мақсат тұтып отыр. Сонымен қатар халықтың қаржылық сауаттлығына да назар аудару керек деп санайды. Жалпы, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне үлес қосып жүр. Қоғам дерті саналатын сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – ауыл әкімі жұмысындағы басым бағыттардың бірі. Шетелде оқыған әкім ауылдықтар үшін үнемі ашық, күні-түні байланыста. Жұмысы бастан асатындықтан, кесе-көлденеңдеген адамдармен жолығу түгіл, телефон арқылы әңгімелесуге уақыты шектеулі. Еңбекқорлығы мен жұмыс бастылығының арқасы болса керек, алдағы 4 жылға жоспарлаған шаруасы кезегімен орындалып келеді.