Бірер күн бұрын мемлекеттік оқу гранты иегерлерінің тізімі шықты.
Gap year: жұрт не дейді, жүрек ше?!
846
оқылды

Бірер күн бұрын мемлекеттік оқу гранты иегерлерінің тізімі шықты. Әлеуметтік желіде тарап жатқан видеолардағыдай, студент атанғанын естігенде жүрегі жарылардай қуанғандар үшін шынымен бақыттымыз. Ал бұл тізімнен өзін таппаған немесе тапса да, көңіл қалауымен таңдамаған мамандығы болғандықтан әрі-сәрі күйде қалған жеткіншектерге біздің айтарымыз бар...  

ОҚУ-ТОҚУСЫЗ ДА АДАСПАДЫМ

Дарын Амандықов – Назарбаев зияткерлік мектебінің 2018 жылғы түлегі. Мектеп бітірген соң Қарағанды медициналық университетіне грантқа түскен ол екі семестрден соң оқуды тастап кеткен.

«Медицинаға ешкімнің қыстауынсыз өзім барған едім, өйткені биология мен химия пәндерін сүйіп оқыдым. Бірақ аз ғана уақыттан соң бұл мамандыққа шынайы қызығушылығым жоқ екенін түсіндім. Ақыры gap year аламын деп шештім. Ата-анамның мойнында отырмас үшін жұмыс істедім. Өзімді әр салада байқап көрдім. Басқа қалаға көшіп, қоғамдық тамақтандырумен айналысатын ірі компанияның франшизасына аспаз болып та орналастым. «Тар жол, тайғақ кешумен» бұл командаға сіңісіп, су-шефпен төбелесіп қалғанша өзімді жап-жақсы көрсете алдым», – деп ағынан жарылды Дарын.

Бұдан соң кейіпкеріміз барда да жұмыс істеп көрген, проблемаларын өз бетінше шешуді, құжаттарды реттеуді үйренген, өзінің айтуынша, классикалық ұғымдағы оқудан ажырағанмен, даму ретіндегі оқудан ешқашан жалықпаған.

«Gap year кезінде менде апатия жиі болатын. Оқудан шығып кеткенім дұрыс болмағаны туралы әлдебіреу ескерту айта бастаса, ашуланатынмын. Ең қиыны – кеудемдегі мұңымды жеңу болды. Бірде әкем мен туралы сұраған туысқандарымызға «медицинаның екінші курсында оқып жатыр» деп жауап берген. Ол мен үшін ұялғаны себепті, туыстарымызға өтірік айтқан. Өзімнің шешімімді қанша дұрыс деп ойлағаныммен, осы оқиғаны білгенімде қатты қапаландым. Сонда оқуды тастап кеткеніме алғаш рет өкіндім», – дейді ол.

Қазір Дарын Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курсында оқып жатыр. Қатарластарынан сәл-пәл кештеу бітіреді демесеңіз, өзі саналы түрде жақсы көріп түскен мамандығы бойынша білім алуда.

«Gap year алу туралы қандай кеңес берерімді де білмеймін. Мен жай ғана нені дұрыс деп санасам, соны істедім. Кейде қателесемін, оның сабағын да алып отырамын. Қазіргі уақытта таңдаудың көптігі біздің жолымызды бөгейді – парадокс, иә?! Сол көп жолдың ішінен өзіңе тиесіліні табу үшін, жүрегің қалап тұрған нәрсені істеу керек сияқты. Туыстарыңыз ренжісе, оларды кінәламаңыз. Кінәлауға тұрарлық бір дүние болса, ол – сапасыз болса да жоғары білімді «міндетті» қылып қойған түсінік дер едім», – дейді кейіпкеріміз.

  «ҮЗІЛІС» – ҮЛКЕН МЕКТЕП

Келесі кейіпкеріміз 19 жастағы Мерей Назарова да мектеп бітірген соң gap year алып, екі жыл бойы волонтерлікпен айналысамын деп шешкен. Қазір ол жастарға арналған халықаралық AIESEC ұйымының департамент директоры.

«Мектеп бітіргенімде, әрі қарай немен шұғылданғым келетінін онша түсінбедім. Асығыс шешім қабылдап, ұнамайтын мамандыққа түскім келмеді, сондықтан күте тұрайын дедім. Осы уақыт ішінде өзімді әртүрлі салада сынап көріп, өз жолымды тапқым келді. Солайша волонтерлік ұйымдарды іздей бастадым. Таңдауым AIESEC-ке түсті. AIESEC – көшбасшылықты дамытумен айналысатын халықаралық жастар ұйымы. Көшбасшылықты дамыту процесі кроссмәдени алмасу, яғни шетелдік тағылымдамалар, волонтерлік жобалар, әртүрлі форумдар арқылы жүзеге асады. Осы ұйымға келгелі бері team leader, жобаларды ұйымдастырушы болып көрдім. Қазір департаменттің тағылымдамалар жөніндегі директорымын», – дейді Мерей.

Екі жыл ішінде ол бұл ұйым аясында мүдделес ұл-қыздармен танысып қана қоймай, болашақта қажет болатын тәжірибе мен білімді де алып үлгерген.

«Жұртшылық алдында сөйлеуді, команданы басқаруды, жобалық менеджментті және басқа да пайдалы дағдыларды меңгердім. Волонтерлік жобалармен айналысып жүріп, менде планетамыздың дамуына үлес қосуға деген мақсат пайда болды. Ақыры, биыл Түркиядағы Erzincan Binali Yıldırım университетінің «Денсаулық сақтаудағы басқару» мамандығына грантқа оқуға түстім», – дейді ол.

Айтпақшы, Мерей волонтерлік ететін AIESEC ұйымы арқылы шетелге волонтерлікке немесе тағылымдамаға баратын «gappies» (gap year алатын мектеп түлектерін осылай атайды) те жетерлік екен. Олар алты аптадан бастап бір жарым жылға дейін шетелде волонтерлік етіп (жатын орны және тамағы тегін) немесе ақысы төленетін тағылымдамадан өтіп келген соң, жүрегіне шынымен жақын мамандықты тауып, оқуға тапсырып жатады.  

FOMO АЛДЫ-АРТЫҢА ҚАРАТПАЙДЫ

Қарапайым тілде gap year – мектеп бітіру мен ЖОО-ға түсу арасындағы ұзақмерзімді демалыс. Батыста мұндай тайм-аут – кең таралған тәжірибе, ал біздің елде оны, өкінішке қарай, сәтсіздіктің синонимі деп қарастырады. Мектеп бітірген соң, әзірге университетке түспей, басқа іспен айналысатынын айтқан балаға қазақстандық ата-аналардың реакциясы қандай болатынын елестету аса қиын емес. Еуропа мен АҚШ-та осы уақытты пайдалы өткізуге көмектесетін бағдарламалар көп. Мәселен, Принстон және Гарвард сияқты университеттер осы практиканы дәріптеп, gap year алған балаларға уақытша зерттеу жобаларына қатысуға мүмкіндік береді. Gap Year Association ұйымының дерегінше, gap year алған түлектердің 90 пайызы келесі жылы ЖОО-ға түседі және басқаларға қарағанда олар оқуды әлдеқайда жоғарырақ үлгеріммен бітіреді. Бірақ біздегі жағдай өзгешелеу. Мектеп түлектері ата-аналары үлгі ете беретін «жұрттың баласынан» қалмау үшін балы жетіп тұрған, бірақ көңілі соқпайтын мамандыққа түсе салғанды құп көреді. Әрі-беріден соң, басқалар оқып жатқанда, «далаңдап» бос жүруге намыстанады.

«Қазіргі жастарда кең таралған FOMO фобиясы бар. Fear of missing out, яғни әлденені өткізіп алудан қорқу деп аталады. Gap year осы қорқынышты үдетеді. Қатарластарының бәрі университетте бір-бір мамандықтың қыр-сырын меңгеріп жатқан тұста бала өзін құдды бос жүргендей, тоқтаусыз ағыннан қалып қойғандай сезіледі. Қазақстандықтардың gap year ала бермейтіні сондықтан. Тағы бір себеп – ата-ана тарапынан қысым. Бала – ата-ананың «ең маңызды жобасы», бұл дегеніміз – көп ата-ана жұрт алдында өзінің еңбегін, күшін баласының жетістігі арқылы көрсеткенді жақсы көреді. Сондықтан олар баласын жетелеп жүріп өздері қаламайтын мамандыққа болса да оқуға түсіреді, әйтеуір, тентіреп бос жүрмесе болды. Сосын біздің қоғамда адамдарға да қысым бар», – дейді психолог Жанерке Әбубәкір.

  ӘСКЕРГЕ БАРУ ДА – «ДЕМАЛЫС»

Қазақстандық мектеп түлектерінің gap year алудан қашқақтайтын тағы бір себебі – әскер. Жеткіншек он сегізге тола сала, әскерге шақырту алады. Жасыратыны жоқ, әскери қызметке көңілі соқпайтын бозбалалар содан жалтарып та, соңғы вагонға жетіп үлгеруге тырысқан жолаушыдай, ұнасын-ұнамасын, әйтеуір бір мамандықтың тізгінін ұстауға ұмтылады. Neupusti білім беру платформасының негізін қалаушы, білім беру сала сының сарапшысы Ардақ Бердібековтің айтуынша, әскерді де өзінше gap year ретінде қарастыруға болады.

«Кейбіреулер үшін әскер де gap year болуы мүмкін. Одан қорқудың қажеті жоқ. Өйткені әскерге бару арқылы бала оқудың қадірін түсініп, одан оралған соң ЖОО-ға түсуге деген талпынысы жоғарылауы мүмкін. Жалпы кез келген ситуацияда да gap year-дің артықшылықтары көп деп ойлаймын. Біз балаларға ҰБТ-мен өмір бітпейтінін түсіндіре беруіміз керек», – дейді ол.

Білім беру саласының тағы бір сарапшысы, қоғам белсендісі Аятжан Ахметжанның пікірінше, gap year – қалаған мамандығына ұпайы жетпей қалған мектеп түлектері үшін оқуға қайта дайындалуға жақсы бір мүмкіндік. Бұл тұста қатарластарыммен бірдей бітірмедім деп алаңдау да орынсыз.

«Менің өзім 1986 жылғы болсам да, университетте 1990 жылы туғандармен бірге оқыдым. Қатарластарымнан кеш бітірсем де, барлығына үлгердім. Қазір небір пайдалы білім беру орталықтары бар, ҰБТ-дан төмен балл алып, оқуға түсе алмай қалсаң, бір жыл бойы қайта дайындалып, келесі жылы тапсырғанда тұрған ештеңе жоқ», – дейді педагог.

ТҮЙІН: Gap year алудың басты кемшілігі ретінде сарапшылар «студенттік шақты уақытылы бастан кешпеу қаупін» атайды. Бірақ біз мұнда 18 жасында студент атанудың орнына университет табалдырығын 25 жаста аттау дұрысырақ деген ойды жеткізуден аулақпыз. Тек 1-2 жылды «сарп етуге» қорқып, мамандықты құлықсыз таңдау оншалықты сәтті идея еместігін түсіндіргіміз келді. Тек жұрттың сөзі мен жүрек қалауы тартысқа түссе, басымдық беруге екінші нұсқа лайықты екені есте болсын!