Орыс сыныптары жабыла ма?
Орыс сыныптары жабыла ма?
587
оқылды
Оқу-ағарту министрлігі орыс тілінде оқытатын сыныптарды жабу туралы ақпаратқа қатысты ұстанымдарын жариялады. Кейбір ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілерде 6-7 жыл ішінде қазақстандық мектептерде орыс тілінде оқытатын сыныптар жабылатыны туралы мәлімет тарады. «Қазақстанда орыс мектептерінің болашағы бар ма?» атты материал екі жыл бұрын 31 арнадағы «Информбюро» эфирінде шыққан. Сол кезде елордадағы №90 гимназияның директоры Аятжан Ахметжанұлының пікірі БАҚ-та тараған ақпаратқа негіз болған екен.
«Сюжетте орта білім беру саласындағы үрдістер талқыланды. Сондай-ақ орыстілді мектептердегі оқушылар санының азаюы сөз болды. Гимназия директоры қалған оқушылар болашақта бәсекеге қабілетсіз болып қалуы мүмкін деген пікірін білдіріп, ата-аналарды мемлекеттік тілді меңгеру үшін балаларды қазақ мектептеріне беруге шақырды. Сонымен қатар сюжетте Білім сарапшыларының қазақ лигасының вице-президенті Наталья Дрейттің де пікірі ұсынылды. Ол орыс және қазақ мектептері толы және мәселе мұғалімдердің жетіспеушілігінде, ал бұл жағдайды педагогтердің мәртебесі туралы заң өзгертуі тиіс деп мәлім деді. Бүгінде бұл материал пабликтерде әдейі бұрмаланып жарияланып жатыр», – деп жазды Stopfake.kz.
Оқу-ағарту министрлігі де орыс тілінде оқытатын сыныптарды жабу туралы ақпараттың жалған екенін мәлім етті.
«Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. Қазақ сыныптарында да, орыс тілінде оқытатын сыныптарда да орыс тілі бұрынғыдай оқытылады, басқа жоспар жоқ», – деді Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова.