Аудан әкімдері жауапкершіліктен қашады - Жанарбек Әшімжан
Аудан әкімдері жауапкершіліктен қашады - Жанарбек Әшімжан
11,111
оқылды
– Баршамызға мәлім, «Қаңтар оқиғасынан» кейін алдымыздан шыққан сансыз мәселенің бірі – жайылымдық жерлердің жетіспеушілігі. «Жер аманаты» комиссиясы осы бағытта құрылды. Біз комиссия құрылғаннан кейін бірден өңірлерді аралауға шықтық. Алдын ала Жер комитетіндегі жер ресурстарына қатысты құжаттардың барлығын қарап, зерттедік. Соның арқасында қай өңірде қандай жерлер игерілмей жатқанын, кімде қанша жер барын, ірі жер иеленушілердің ұстанымын түбегейлі бағамдадық. Содан кейін әр өңірді графикке қойып отырып, жұмыс істедік. Бұрын жерге жергілікті атқарушы билік тікелей бақылау жасайтын, биыл 1 қаңтардан бастап оның бәрі Үкіметтің құзырына, атап айтқанда, Жер ресурстары комитетінің қарауына өтті. Бұрын көп жағдайда жергілікті әкімдіктер жерлерді үлестіре бергенін білдік. Оның үстіне, көбіне аудан әкімдері жауапкершіліктен қашқаны көрінді. Жыл соңына дейін 5 миллион гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылуы керек. Сондықтан әр өңірде, әсіресе жайылымдық жерлер, халықтың малын бағатын жерлері қатаң бақыланады. Бұның бәрі істің бастамасы ғана. «Жер аманаты» шын іске кіріскенін нақты көрсетіп үлгерді. Қазір «Жер аманаты» комиссиясының арнайы байланыс орталықтары құрылған. Тек тамыз айының басынан бері орталыққа 1 мыңға жақын арыз-шағым келген. Сол өтініштердің барлығы шетке ысырылып жатқан жоқ, бәрі назарда. Бір сөзбен айтқанда, халықтың арқасын аяздай қарып жатқан мәселелерге келгенде комиссия жұмысында үлкен ілгерілеу бар. Бірер күнде Алматының Нарынқол өңіріндегі жер дауларының әділ шешімін табуға аттанамыз. Қазір соның құжаттарын егжей-тегжейлі зерттеп жатырмыз.  

Жанарбек ӘШІМЖАН,

Парламент Мәжілісінің депутаты,

«Жер аманаты» комиссиясының мүшесі