«Бірінші тамызға дейін суды үйге тарту туралы қала әкімінің хабарламасы келген. Бірақ оған көпшіліктің мүмкіндігі жетпеді. Су тарту үшін 500 мыңнан 1 миллионға дейін қаражат кетеді. Ал халықтың мұндай жағдайы жоқ қой. Содан 12-13 тамыз күндері көшелердегі барлық колонкаларды алып тасталды. Қазір 9 мың халық тұратын Шанхайда бар-жоғы 4-ақ колонка ғана қалды. Соғыс кезінде де мұндай болған жоқ қой. Төрінен көрі жақын зейнеткер адамдар, арбаға таңылған мүгедек адамдар тұрады. Мәселен, біздің көрші 83 жасқа келген Иван Репич ақсақал жалғыз тұрады. Ол кісі қалай үйіне су тартады? Жиында халықтың қарызы бар екені айтылды. Бірақ біреулер үшін бәрінің де зардап шегуі тиіс емес қой! Мәселен, өз басымда су үшін ешқандай қарыз жоқ. Қарызы бар адамдардан неге сот арқылы өндіріп алмайды? Ең басты қажеттіліктен халықты айыру қаншалықты дұрыс? ХХІ ғасырда осындай жағдайға тап болдық... Бұл сұмдық қой», – дейді ашынған Застанционный кентінің тұрғыны Елена Сапенова.Ал қала әкімдігі тұрғындардың қарызы көбейгендіктен осындай қадамға баруға мәжбүр болғандықтарын мәлімдеді. Сондай-ақ, мұқтаж жандарға әкімдіктің орталықтандырылған су тартуға көмек көрсетілетінін жеткізді.
«Застанционный кентінің суға дебиторлық қарыздары 13 миллион теңгеге жетіп жығылған. Тек орталықтандырылған су құбырлары өткен жерлерде ғана колонкалар алынып тасталды. Ал әлеуметтік тұрмысы төмен мұқтаж адамдарға су тартуға құжаттама және орталықтандырылған құбырдан үйге қарай қазу тегін жүргізілмек. Кеше ғана Застанционный кентінде жиын өткізіліп бес колонкаға дейін қалдыру туралы шешім қабылданды», – дейді Көкшетау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Жанна Әбдірахманова.Халық тіршілік көзін қайтармаса, Мемлекет басшысына дейін шағымдануға әрі петиция жариялауға бекініп отыр.
Ақмола облысы