Jas Otan Жастар қанатының төрағасы Елнұр Бейсенбаев жоғары оқу орындарының
және колледждердің, студенттік ұйымдар мен жастар ісі жөніндегі комитет басшыларымен кездесті.
Кездесу барысында студент жастардың пікірін ескере отырып, 2025 жылға дейінгі «Жастар – Отанға!» бағдарламасы талқыланды. Сондай-ақ Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қазақстанның басқа да облыстарындағы университеттер мен колледждердің жатақханаларына жүргізілген мониторингтің аралық қорытындысы жасалды.
– Қазақстан бойынша жоғары оқу орындарына тиесілі 600-ден астам жатақхана бар. Солардың 70-тен астамының жағдайы санитарлық нормаларға сай келмейді. Еліміздегі жоғары оқу орындарындағы жатақханалардың жетіспеушілігі де ең үлкен проблема. Мысалы, Алматы қаласында 35 мың студентке жатақхана жетіспейді, Шымкент қаласында 7 мыңнан астам, Нұр-Сұлтан қаласында 12,5 мыңнан астам орын жетпейді. Елбасы – Nur Otan партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қауіпсіздік кеңесінде айтқан тапсырмасы бойынша қаңтар айының соңынан бастап біз жатақханаларды тексеруді қолға алдық. Басты мақсатымыз – студенттерге қолайлы жағдай жасау, олардың қажеттілігін қанағаттандыру, – деді Елнұр Бейсенбаев.
Jas Otan Жастар қанатының төрағасы, сондай-ақ көптеген жатақханада интернеттің, оқу залдарының, тамақ дайындайтын бөлмелерінің жоқ екенін айтты. Кейбір жатақханалардың жөндеуден өтпегеніне біраз уақыт болғанын, жатын орындарының ескіргенін тілге тиек етіп, осы мәселелерді жіті бақылауға алу керек дейді. Сөз соңында Елнұр Бейсенбаев жоғары оқу орындарында спорттың 4 түрінен спартакиада өткізу туралы ұсынысын білдірді. Сондай-ақ студенттерді жатақхананы тексеру жұмысына белсенді атсалысуға, жаз мезгілінде дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жастар – Отанға!» халықаралық лагеріне қатысуға шақырды.
Іс-шара кезінде жастар саясаты саласында жүргізіліп жатқан жұмыстар жайы баяндалып, студент жастардың проблемалық мәселелер, оларды шешу мүмкіндіктері қарастырылып, ЖОО жастарының идеялары мен пікірлері тыңдалды.
Абылайхан ЖҰМАШ