Қандала бар жатақханада қалай тұруға болады?
Қандала бар жатақханада қалай тұруға болады?
422
оқылды
Jas Otan Жастар қанаты Алматы қалалық филиалы ЖОО жатақханаларына мониторинг жасауды ары қарай жалғастырды. Кезекті рейд Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ жатақханасында жүргізілді. Мониторингтік топ құрамында Jas Otan Жастар қанаты белсенділерімен бірге қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекет­тік орган мен БАҚ өкілдері болды. Студенттердің хал-ахуалын жақынырақ білу мақсатында жүргізіліп жатқан мониторинг барысында студенттер жатақханасында біраз олқылықтар бар екеніне көзіміз жетті. Мониторинг жасауға кел­гендер алдымен осы оқу орнына тиесілі №1 жатақханаға бас сұқты.
«Бүгін Jas Otan Жастар қана­тының бастамасымен студент­тер жа­тақханасына кезекті мони­то­ринг жүргізілді. Негізгі мақсат – уни­верситет басшылығы тара­­пы­нан студент жастарға жаса­­лып жатқан жағдайды бақы­лап, қадағалау, сонымен бірге өз ұсы­ныстарымызды тиісті ор­ган­дар­ға жеткізу. Біз бұған дейін жекеменшік ЖОО жатақ­ханалары жағдайымен таныс­қан болатын­быз. Көп­теген сту­денттен «Біздің жатақханамызға да тексеру жүр­гізсеңіздер» де­ген өтініш түсті. Расында да, бүгін жатақханаларда көптеген олқылық бар екенін көріп тұрмыз. Санитарлық нор­малар сақтал­маған. Осы оқу ор­нына тие­сілі жатақханада газ плитасының ішінде өліп жатқан тышқан болды. Бұл санитарлық норманың өрес­кел бұзылғаны деп білеміз. Мұндай жағдайға мүлдем жол бермеу керек. Бұл жерде студенттер тегін тұрып жатқан жоқ. Аз да болса ақы төлеп тұрады. Соған сай университет басшылығы студент­тердің жағ­дайын жақсартуға толыққанды қосылып, осы мәселелерді шешуі қажет», – дейді Алматы қалалық Jas Otan Жастар қанатының тө­рағасы Мәди Ахметов.
Жатақханада істен шыққан тоңазытқыш, газ плиталарын бай­қадық. Оқу бөлмелері де талап­қа сай емес. Душ бөлмесінде желдет­кіш жұмыс істемейді. Ең бастысы – жатақхана студенттер үшін таза, қауіпсіз болуы керек. Тексеру бары­сында байқағанымыздай, бір­неше бөлменің есігінде құлпы жұмыс істемейді. №2 жатақханада біршама тәртіп бары байқалды. Бірақ ескі ғимараттағы ескірген жиһаздар бұл жерде де бірден көзге шалынды.
Мәди Ахметов мониторингтен соң тексеру барысында бірге жүрген қоғамдық бақылау ко­миссиясының әрқайсысы жағ­дайға баға беретінін айтты. Сосын кемшіліктер құзырлы ор­гандарға баяндалады. Айта кетерлігі, бұл университеттің жатақ­ханаларына бірінші рет мониторинг жүргізіліп тұрған жоқ. Бірақ келген сайын жақсы жаққа өзгеріс байқалмайтыны сөз болды. «Анықтама жасалып, ескерту жіберіледі, бірақ университет басшылығы немесе осы жатақхана қызметкерлері кемшіліктерді жоюға тырысып жатқаны бай­қалмайды. Өткен жылы да екі-үш рет келгенбіз. Тағы келіп тұрмыз. Айтарлықтай оң өзгеріс жоқ», – деді ол.
«Әр ай сайын мониторинг жасалады. Алдағы уақытта бақы­лауды қатаңдатамыз. Жатақхана ескі. 1958 жылы тұрғызылған. Барынша таза ұстауға тырысып келеміз» деп қысқа қайырды уни­верситеттің Студенттер мәселесі бойынша департамент директоры Әйгерім Әубәкірова. Студенттер жатақханасында тышқан, қандала, тарақан бары да расталды. Оларды жою әрекеттері жиі жасалып тұратыны айтылды. Мониторинг қорытындысы бо­йынша, оқу орны басшылығына жағ­дайды жақсарту үшін тиісті шаралар қолдану жайы тағы да ескертіледі.   Гүлнар ЖҰМАБАЙҚЫЗЫ