Павлодарда көшеде жігітті пышақтап тастаған бойжеткенге қатысты сот үкімі шықты. 22 жастағы бойжеткен негізгі жазадан бөлек, мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды, – деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
25 мамырда түн ортасында М.Жүсіп көшесіндегі монша маңында жігіт пен қыздың арасында жанжал туындаған.
Павлодар қаласының № 2 сотының үкімі бойынша, мас қыз жанжал кезінде ер адамның асқазанына пышақ сұғып алған. Жігіт ауруханаға түсті.
Бойжеткенге Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 106-бабының бірінші бөлігі бойынша денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін айып тағылды.
«Сотталушы Павлодар қаласының прокурорымен кінәсін мойындау туралы мәміле түрінде келісім жасап, сот жауаптылықты жеңілдететін мән-жайды – мойындауын ескерді», – деді Павлодар қаласының №2 сотында.
Ол 4 жылға бас бостандығын шектеу түрінде жазаға кесілді.
Сонымен қатар, осы жылдар бойы қоғамдық орындарда жүз сағат мәжбүрлі еңбекке тартылады. Нақты қай жерде жұмыс істейтінін жергілікті атқарушы органдар анықтайды.