Қаладағы Медеу ауданының полиция қызметкерлері сауда орталығында бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен 52 жастағы ер адамды ұстады. Бұл туралы Алматы қалалық ПД баспасөз қызметі хабарлады. Полицейлердің айтуынша, ұсталған күдікті ірі сауда орталығының сатушыларын тұрақты түрде тонап жүрген. Ол өз әрекетін сатушылар келушілерге қызмет көрсетумен айналысып жатқан қарбалас сәтте жүзеге асырып келген. Оның әрекетін ешкім бақылап отырмағанына сенімді болған қаскөй сатушылардың ұялы телефондарын немесе басқа да құнды заттарын жымқырып отырған.
«Тергеу әрекеттері барысында аталған адамның екі ұрлық эпизодын жасауға қатысы бар екені анықталды. Күдікті бұрын да осыған ұқсас қылмыстары үшін бірнеше рет сотты болған», – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.Қазір Ш.есімді азаматтың Алматы қаласында бұрын жасалған осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталуда. Полиция өкілдері осы адамның қылмыстық әрекетінен зардап шеккен азаматтарды төменде көрсетілген мына телефон нөмірлері арқылы хабарласуларын сұрайды: 254-48-02; 254-48-10; 8-702-476-66 60.
Алматы