Жыл басында «AMANAT»партиясының Сарыарқа аудандық бөліміне Ахметовтер отбасы – Роман мен Юлия келіп, партияға мүше болуға ниет білдірген. Олар партия мүшесі атанып қана қоймай, «AMANAT»-тың қоғамдық шараларына белсене қатысып жүр. Партияға өздері ұсыныс жасап, әлеуметтік көмек шараларын да ұйымдастырып отырады. Ізгі істерімен көпке үлгі болып жүрген отбасымен жақын танысу мақсатында Юлия Ахметовамен сұхбаттастық.– Жыл басынан бері «AMANAT» партиясымен бірлесіп біршама ауқымды жұмыстар атқарған екенсіздер. Қоғамдық жұмыспен белсенді түрде айналысуға не түрткі болды? – Қоғамдық жұмыспен айналыса бастағаныма көп болған жоқ. Жыл басында жұбайым екеуміз «AMANAT» партиясына мүше болуға шешім қабылдадық. Мұндай шешім қабылдауымызға түрткі болған нәрсе – ол барша қазақстандықтың жүрегін дүр сілкіндірген қаңтар оқиғасы. Біз ешқашан соғыс болмаса екен, адамдар бір-біріне түсіністікпен қарап, көмек қолын созып, бейбітшілікте өмір сүрсе екен дейміз. Қаңтардағы қайғылы жағдай мені қатты ойландырды. Екінші тынысым ашылды десем болады. Бәрін ой елегінен өткізіп, адами құндылықтарды қайта нақтыладым. Өмір тек қуанышты сәттерден тұрмайды, түрлі қиыншылық та бірге жүреді. Сондай қиын кезеңдерде бізді одан алып шығатын бірлік қана екен. Қаңтардағы оқиға кезінде алматылықтар қала қауіпсіздігін күзеткен сақшыларға бірге тамақ дайындап, қажетті заттарын жеткізіп отырды. Ол адамдар өз өмірлерін бәйгеге тігіп, жақсылық жасауға ұмтылды. Бір жағы осындай батыл, жақсылықты мақсат еткен адамдар да бізді игі іспен айналысуға шабыттандырды.
Ал «AMANAT» партиясы біздің отбасымыз үшін қоғамдық жұмыстарға атсалысу алаңына айналды. Партияға мүше болып, сол арқылы көмекке мұқтаж жандарға жақсылық жасаудың тағы бір жолын таптық. Қоғам үшін күн сайын көптеген игі іс жасауға болатынын көріп келемін, әлбетте өзім де одан шет қалмаймын.
Мысалы, жақында ғана жаңа оқу жылы қарсаңында мұқтаж оқушыларға көмек ретінде оқу-құралдары салынған сөмкелерді сыйға тарттық. Мектеп сөмкесін, оқуға қажетті кеңсе тауарларын жұбайым екеуміз өзіміз таңдап, шын ниетімізбен әзірледік. Ал балаларымыз оларды сұрыптауға қуана көмектесіп, өз үлестерін қосты. Сол кезде олар «Анашым, сіз басқа балаларға не үшін көмектесесіз?» деп таңдана сұрады. Біз балаларға түрлі отбасы: жалғызбасты аналар, науқас балалар, көпбалалы аналар, басқа қиын жағдайдағы отбасылар болатынын түсіндірдік. Менің ойымша, ес біліп қалған балаларды игі іс жасауға бағыттау қажет. Сондықтан оларды жақсы әрекетімен өзгелерге үлгі болуға, тек рухани тұрғыда емес, ісімен де жомарт болуға үйретеміз.
[caption id="attachment_213469" align="alignnone" width="1200"] Роман мен Юлия отбасымен[/caption]
– Бүгінге дейін қандай шараларға атсалысып үлгердіңіздер? Ерекше есіңізде қалғаны болды ма?– Партияның ұйымдастыруымен болған әлеуметтік жоба көп. Көбіне қатысып, үнемі өз үлесімізді қосуға тырысамыз.
Биыл жұбайым екеуміз 9 мамыр қарсаңында бірнеше ҰОС ардагерлерінің үйінде болдық. Азық-түлік себеттерін табыстап, арнайы барып, құттықтап қайттық. Мекенжайларды «AMANAT» партиясынан алдық. Партияның Сарыарқа аудандық филиалының өкілдері әрқашан қолдау көрсетіп, еріп жүреді. Жақсылық жасау мүмкіндігін сыйлағаны үшін партияға тағы бір рет алғысымызды білдіреміз.
Сонымен қатар көпбалалы аналарға, мүгедек балаларға, әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға барып әлеуметтік көмек көрсетіп тұрамыз.
Партияның «Ардагерлерді ардақтайық», «Кедергісіз келешек», «Бақытты отбасы» жобаларына да қатысып, өз үлесімізді қостық.
Маған әлеуметтік жобалардың энергиясы ұнайды. Мұндай шараларда қайырымды адамдар көп, жақсылыққа, махаббатқа деген күш пен сенім бар. Есте қалған ерекше оқиға деп елорданың орталық саябағында өткен тоқу фестивалін айтар едім. Бірнеше жыл бұрын алғаш рет қоғамдық өмірге араласуға деген құштарлық сол кезде басталды. Өзім тоқыма тоқымасам да қызықты шараға қатыстым. Сол фестивальда біз әлеуметтік кәсіпкер Рахима Мұқышевамен танысып, кейін достасып кеттік. Арада біраз уақыт өткен соң оның «Тоқылған шырша» атты жобасына қатыстым. Мен өзім журналист ретінде БАҚ-та эко-шыршаны жариялаумен айналыстым. Флешмобқа қатысып, қаншама жаңа таныстық орнаттым. Шырша тоқуға оқушылар, көпбалалы аналар, қарттар үйінің зейнеткерлері, эстрада жұлдыздары, шетелдік қонақтар, еріктілер қатысты. Әрбір байланған шаршы – бір жанның қолының жылуы. Шырша жаңажылдық мереке кезінде елордаға көрік беріп тұрды. Бұл – менің әлеуметтік жобадағы алғашқы тәжірибем.
– Бүгінде қоғамдық шараларға қатысып, көмек қолын созғысы келетін жандар көбейіп келеді. Оларға өз тарапыңыздан қандай кеңес берер едіңіз? – Қоғамға пайдаңды тигізу үшін жаһандық деңгейдегі әрекет жасаудың қажеті жоқ. Ең бастысы, шын жүректен жасалса болғаны. Жақсылықтың үлкен-кішісі болмайды. Мысалы, біз киілмейтін киімдерді тастамаймыз. Оларды мешітке немесе шіркеуге апарып береміз. Әрине, тек пайдалануға жарайтынын береміз. Ал ескі ойыншықтар мен кітаптарды балалар орталығы мен кітапханаларға апарамыз. Бүгінде бұл біздің отбасылық дәстүрге айналған. Әлеуметтік көмек көрсетуге аса көп уақыт кетпейтінін айта кеткім келеді. Ең бастысы, ниет болса болғаны. Сондай-ақ мен әрбір затпен оның басқа адамдарға әлі де пайдалы болатынын біліп, қуана қоштасамын.
– Қазір қандай да бір ірі жобаларға қатысып жатырсыздар ма? Белгілі бір жоспарлар бар ма?
Қазіргі әлеуметтік жауапкершілігі бар адам, ана ретіндегі міндетім балаларға көңіл бөліп, оларға үлгі бола отырып, жақсылыққа баулысам деймін. Біз, ересектер балаларымызға көбірек уақыт бөлуіміз керек. Әрқайсысы өз гаджетін ұстап алып бірге отыру емес, кәдімгідей сөйлесу, уақытты қызықты өткізуге тырысуымыз қажет. Тәрбие – бала жан дүниесінің негізі. Бірге серуендеу, табиғатқа экологиялық көзқарас қалыптастыру, саламатты өмір салтын ұстану сияқты отбасылық дәстүрлер болуы керек. Осылайша, біз жарқын болашағымызды қалыптастырамыз. Біздің отбасымыз да қатардағы қарапайым отбасы. Елімізде мейірімді, қамқор отбасылар көп екенін білемін. Дәл осы себеппен бірлігі жарасқан, тату Қазақстанымды жақсы көремін.
[caption id="attachment_213476" align="alignnone" width="1200"] Роман мен Юлия отбасымен[/caption]
Ал әзірге айналысып, жүзеге асырып жатқан ірі жобалар жоқ. Бірақ алдағы уақытта партия тарапынан болсын, басқасы болсын игілікке бағытталған қоғамдық шаралар ұйымдастырылып жатса, барынша атсалысамыз.
– Әңгімеңізге рақмет.