Қазақ қызы екенін қайтыс болар алдында айтқан
Қазақ қызы екенін қайтыс болар алдында айтқан
© Сурет ғаламтордан
489
оқылды
50-60 жылдары күллі Еуропаны өзіне қаратып, аты аңызға айналған кутюрье Кристиан Диордың ұзақ жылдары музасы болған Алла Ильчун туралы енді деректі фильм түсірілді. Парижді бағындырған қазақ қызының шым-шытырыққа толы тағдыры мен өнердегі жолы туралы былтыр кітап жазған Берлин Иришев биыл жаңа туындысын ұсынып, Алматыда өткен тұсаукесерге түсірілім тобымен бірге арнайы келді.    width= Қытайдың Харбин қаласында туып-өскен Алла Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін анасымен бірге Францияға көшіп кеткен. Әкесі Қуанхан Елшін отбасын Еуропаға аттандыруға көмектесіп, өзі елден шыға алмай қалған. Алланың әкесінің әріқарайғы тағдыры белгісіз. Қуғын-сүргінге ұшырап кеткен деген деректер бар. Алла еліміз Тәуелсіздік алғанға аз ғана уақыт қалғанда, 1989 жылы 62 жасында дүниеден озған. Франция астанасы Парижді бағындырған қазақ қызын қалың елге танымал еткен кітап авторы, жазушы, дипломат Берлин Иришев осы жолы да зерттеу жұмыстарын жалғастырып, көрерменге тың деректерге толы «Алла – Шығыстан шыққан Dior-дың маржаны» атты туындысын ұсынды.    width= Францияның Алматыдағы бас консулы Алексис Шахтахтинский қазақ қыздарының ерекше сұлулығына тоқталып өтіп, Алла Ильчунды елге қайтарған дәл осы Берлин Иришев екенін айтты. Авторлардың айтуынша, зерттеу жұмыстары ең қиынға соққан. Зерттеушілердің бірі Гүлнара Захарова Dior үйіне алғаш хабарласқаннан бір мардымды жауап алғанша 10 айға жуық мерзім өткенін айтты. Түсірілім тобы екі айға жуық Алланың жатқан жерін іздеген, күн-түн демей мұрағат пен кітапханаларды торуылдаған, Алла өзі жұмыс істеген Dior мен YSL сән үйлерімен байланысып, олардың мұрағаттарымен де көп жұмыс істеген. Францияның Мәдениет министрлігі мен Париж мэриясы да біраз көмек көрсеткен. Одан қалды авторлық құқық, зияткерлік мүлікті қорғау сияқты мәселелерді шешу, келісу, сатып алу үшін көп уақыт жұмсалған.  width= Фильмге дайындық барысында авторлар әлеуметтік желі арқылы Алланың жалғыз тұяғы Маркты тауып, кейін туындыға арқау болған бірнеше көлемді сұхбат жүргізген. Берлин Иришевтің айтуынша, Марк Парижде тұрады, бұрын әскери азамат болған, қазір фотограф болып жұмыс істейді, бойдақ. Фильмде сондай-ақ Алламен араласқан, бірге қызмет еткен достары, әріптестері, француз және ресейлік танымал өнертанушылар бой көрсетеді. Солардың бірі Александр Васильев Алланың қазақ қызы екенін кездейсоқ білгенін баяндады. Модель өмірінің соңына дейін қудалаудан қорқып, жеке өмірі туралы тіс жармаған. Тек Франция азаматтығын алған кезде ғана Васильевке құпиясын ашқан. Оған дейін Харбинде туып-ескен Алланы әріптестері қытайлық деп есептеген екен. Дәл осы Алла әлі Еуропада шовинистік көзқарастар өршіп тұрғанда бірінші болып азиаттық модельдерге жол ашып берді. Айта кететін жайт, фильмді тәмамдайтын Гүлнәра Захарованың өлеңін ақын Олжас Сүлейменов оқиды. Жуырда деректі фильм үлкен экранға жол тартпақ. Болашақта тіпті деректі фильм мен кітаптардың негізінде Францияды таңдай қақтыртқан қазақ қызы туралы көркем фильм де жарық көруі ғажап емес.