Бурабайда биыл да балық қырылды
Бурабайда биыл да балық қырылды
897
оқылды
Тұмса табиғатымен талайды тамсандырған Бурабайдың экологиялық ахуалы соңғы жылдары көптің бас ауруына айналғандай. Туристер мен демалушылардан кейін қалған қоқыстар өз алдына, аядай, мөлдіреген көлдер ластанып бара жатыр деп дабыл көтеретіндер көбейген.  Бірнеше күн бұрын Бурабайдағы ең ірі көлдің бірі – Айнакөлде балық қырылды Өкінішке қарай, бұл балықтың жаппай қырылуының алғашқы дерегі  емес. 2020 жылдың күзінде де Бурабай көлдерінде балықтар жаппай қырылып, экологтар мен табиғат жанашырлары үлкен шу көтерген. Ұлттық парк басшылығы мұны бірнеше күн ауа температурасының жоғары көтеріліп, кейін­нен жауған жаңбырда балықтардың бірін-бірі жаншып тастауынан деп түсіндірген. Көл суына тиісті сараптама жүргізілгенімен, жабулы қазан жабулы күйінде қалды. Су бетіне қалқып шыққан балықтарды демалуға барған жер­гілікті тұрғындар байқапты. Ба­лықтардың қырылып жат­қанын көл экологиясының қатты бұзылуымен байланыстырған жұртшылық жер­гілікті билік пен «Бурабай» мем­лекеттік ұлттық та­би­ғи паркінің бас­шылығынан тез арада тиісті ша­ра қабылдауды талап еткен. Се­бебі көлдің ластануы өңір­де эко­логиялық жағдайды ушық­тырып, түрлі қауіпті аурулардың өршуіне себепші болмақ. Жер­гілікті тұр­ғындар көлдердің лас­та­нуына жо­ғары лауазымды шенді­лер­дің қа­тысы бар екенін айтады.
«Бурабай көлдеріне экология­лық апат төніп тұрғаны анық. Көл­дегі балықтардың жыл сайын қы­рылып жатқаны бұған айқын дәлел. Осыдан бірнеше жыл бұрын да Үлкен Шабақты көлінде балықтар жаппай қырылып қалған. Онда Бурабайға лауазымды шен-шекпен­ділер келердің алдында масаларды улап тастауы осындай келеңсіздікке душар еткен. Мұндай жағдайда би­лік басындағы шенеуніктердің жал­ған сөйлегендері жұрттың ашуын туды­рады. Осыдан кейін билік өкіл­деріне халық тарапынан қандай се­нім болмақ?» – дейді Бурабай ау­да­нының тұрғыны Юрий Теплицкий.
Тұрғындар дабыл қағып, көлдегі балықтың қырылуынан қауіптеніп, суға тез арада ауқымды әрі кешенді тексеріс жүргізілуін талап еткені­мен, тиісті сала өкілдері күдік туды­ратындай ештеңенің анықталма­ға­нын айтып ақталмақ болды. Ұлттық парк басшылығының мәлімдеуінше, Үлкен Шабақты көлінде қырылған балық бірді-екілі ғана жағдай. Сон­дықтан шу көтеруге еш негіз жоқ.
«Үлкен Шабақты көлінде табан, алабұға балықтарының қырылғаны анықталды. «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі ғылыми бөлі­мінің мамандары көлге арнайы ба­рып талдау жасау үшін көл суынан сы­нама алды. Судың гидрохи­мия­лық анализінен балықтар қырылған судың құрамы қалыпты деген қоры­тындыға келдік. Жыл сайын дәл осы кезде көк­шіл-жасыл түсті балдырлардың гүлдейтін уақыты. Оның барысында балдырлар көмірқышқылды газ шы­ғарып судағы оттегіні өзіне сі­ңі­реді. Бұл өз кезегінде балықтардың қырылуына себеп болған. Негізінен бұл көлдің таяз жерлерінде бола­ды. Балық аулаушылар мен көлге ке­лушілер балықтардың қырылып жатқаны туралы факті­лерін ұлттық парктің жануарлар әлемін қорғау және сақтау бөліміне хабарлауына болады», – дейді «Бурабай» табиғи паркінің дирек­торы Сергей Быков.
Дегенмен жергілікті тұрғындар парк басшылығының бұл уәжімен келіспейді. Бейне түсірілім жүргіз­ген тұрғындар көлдің айналасы тү­гелдей өлген балықтарға толып кет­кенін әрі балықтардың тазартыл­май сол күйі сасық иісі шығып жағада жатқанын жеткізді. Бурабайдағы балықтың бір ме­зетте жаппай қырылуына экологтар да назар аударып, тиісті кешенді тек­серіс жүргізілуі қажеттігін алға тарт­ты. Экологтардың мәліметінше, бү­гін­де суға қауіпті зиянды заттар­дың бо­луына судан арнайы сынама алын­ған. Зерттеу нәтижелері бірер күнде белгілі болмақ. Сонымен қа­тар көл­жие­гінде өлген балықтар да жеке са­раптамаға жолданғаны ай­тылды. «Бурабай» мемлекеттік ұлт­тық табиғи паркі ешқандай қауіп жоқ екен­дігін айтқанымен, эко­лог­тар асығыс қо­рытынды шығарудан аулақ болып, тиісті зерттеулердің аяқталуын күтудің қажеттігін мәлімдеді.
«Егер талдаулар су қоймасында зиянды химиялық заттардың қа­лып­­ты шекті нормадан асып кет­кенін анықтаса, арнайы тек­серіс жүр­­гізіледі. Біз су қойм­а­сының жағдайын, оның күтімін то­лық тек­сереміз. Оның нәтижелері бойын­ша су қоймасына иелік ететін кә­сіп­орынға ұсыныстар беріледі», – дейді Ақмола облысы экология де­пар­таментінің басшысы Қадыр­хан Бейсенбаев.
P.S. Сонымен Бурабай көлдерінде балықтардың жыл сайын қырылуы­ның себебі белгісіз. Кешенді тексеріс жүргізіп, көлдердің тұтастай эколо­гия­лық жағдайын анықтау күн тәр­ті­біндегі мәселе. Ал оның жүрдім-бар­дым жасалуына жол берілмегені жөн.

Ақмола облысы