Көкшетауда басына істік темір кіріп, дәрігерлердің бірегей отасымен алынған бала Щучинск қаласының футбол алаңында жарақат алған болып шықты. Қазір аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Балаға футбол алаңында басына істік темір қадалып қалғаны туралы Щучинск қалалық полиция бөліміне 17 тамыз күні 17.00 шамасында хабарланыпты. Тоғыз жасар бала футбол алаңы қоршауында шығып тұрған болат темірге баспен соғылғаны анықталды.
«Аталған факті бойынша полиция Қылмыстық кодекстің 178-бабы 1-тармағы (Сапасыз құрылыс) бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Тергеу шеңберінде аталған балалар алаңын салған құрылыс компаниясы анықталды. Сонымен қатар нысанның Бурабай ауданы Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй инспекциясы» мемлекеттік мекемесінің теңгерімінде тұрғаны белгілі болды», – деді облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазір бірқатар сот сараптамасы тағайындалып, тергеу амалы жалғасуда.