Сапасыз интернет сан соқтырды
Сапасыз интернет сан соқтырды
© коллаж: Елдар Қаба
667
оқылды
Әлем 5G-ге көшіп жатқан кезде біз әлі шалғай ауылдардағы интернеттің баяулығын айтып келеміз. Еліміздегі білім саласының цифрлануы қандай деңгейде екенін пандемия кезінде көрдік. Содан нәтиже шығардық па? Әлде сапасыз интернеттің кесірін балалар тартып жүр ме? Интернетті былай қойғанда, ұялы байланыс жоқ елді мекеннің ертеңі не болмақ? Ұлттық статистика бюросы жүр­гізген зерттеудің қорытын­дысына сай былтыр елді мекен­дердің мобильді интернетпен қам­тылуы 90,6 пайызға дейін өс­кен. Ғалам­торға қол жеткізу көр­сеткіші бо­йынша аймақтар ара­сында Павло­дар, Қарағанды, Жам­был және Түр­кістан облыс­тары алда екен. Мұндай нәтижеге ие болуға «250+» бағдарламасы сеп болған. Жоба ая­сында әрбір опе­ратор өзінің база­лық стансасын орнатып, ауылдарды мобильді интернетпен қамтыған. Осылайша, «Теле2» операторы қаңтар айына дейін шалғайдағы елді мекендерге 333 базалық станса орнатқан. Ал Kcell былтыр 212 стансамен 213 ауылға интернет жеткізген. Статистикаға қарап, еліміздің барлық ауылының интернетке қосылғанына сеніп қалуға болар еді. Алайда интернетті аймаққа қағаз жүзінде жеткізсе де көп оператор оның сапасына мән бермейді. Салдарынан ауыл халқы алыстан хат[1]хабар ала алмай отыр. Батыс Қазақстан облысы Амангелді ауылының тұрғындары осылайша наразылық білдіруде. Олар ұлттық байланыс операторына 10 жылдан бері бірнеше рет хат жазып, өтініш жолдаған. Алайда әлі күнге жауап жоқ. Зейнеткер Дина Қажымбетованың айтуынша, ғаламтордан қосымша медициналық мәлімет қарау мұң болған. Ұялы байланыс пен интернет мәселесіне қатысты әкімдікке де, операторға да барып, бірнеше рет өтініш айтқан.
– Амангелді ауылында 300-ден астам үй бар. Мектепте 180 бала оқиды. Ұялы байланыс сапасы әр жерде әрқалай. Интернет те дәл солай. Елді мекеннің тең жартысы ғаламторды пайдалана алмай отыр. Ал күзде мектеп күрделі жөндеуге жабылмақ. Балаларды онлайн оқытуға мүмкіндік жоқ, сонда қайтпек керек? – дейді Дина Қажымбетова. Негізі ауылдан 3 шақырым жерге Beeline байланысының тарелкасы орналасқан. Алайда ол қазір ауылды толық қамти алмай отыр.
АЙЫППҰЛ ТӨЛЕУДЕН АСА АЛМАЙ ЖҮР «Қайда барсаң Қорқыттың көрі» демекші, қай ауылға барсаң да алдыңнан интернет мәселесі шығады. Облыс пен аудан әкімдеріне қойылатын сұрақтардың ішінде міндетті түрде интернет жүреді. Жергілікті әкімдіктерде ешқандай құзырет жоқ. Интернет мәселесімен тек Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі шұғылданады. Байланыс операторларымен де солар келісімге келеді. Халыққа мұны түсіндіру қиын. Есесіне, олар бәріне әкімдікті кінәлайды. Ал ауылдарға интернет жеткізуге тиіс байланыс операторлары соңғы жылдары негізгі жұмыстарын жайына қалдырып, айыппұл төлеуден аса алмай жүргендей. Мұны жақында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің өзі де айтты. Ведомство басшысы ұялы байланыс операторлары министрлікке 200 ауылда интернет бар деп өтірік ақпарат бергенін, соған орай тексеру жүргізіліп, 2019 жылы 15 миллион, 2021 жылы 140 миллион теңге көлемінде айыппұл салынғанын жеткізді.
– Қазір барлық ауылға интернет жеткізу мәселесі өзекті. Әзірге 5 163 ауылдық елді мекен мен қалада интернет бар дейміз, бірақ 768 ауылда интернет сапасы төмен. Бұрын неге интернет сапасы жөніндегі сұрақтарға жауап бере алмадық? Өйткені жалпы ең төменгі деңгейдегі параметрлер белгіленбеген еді. Былтыр ең төменгі параметрлер 3G үшін – 1,5 мегабит, 4G үшін – 5 мегабит болды. Бұрын тексеру жүргізгенде 3G болса, интернет бар деп есептелетін. Ал қазір осы параметрлерге сай келе ме, осыны бақылаймыз, – деген еді министр Бағдат Мусин. Осыдан кейін байланыс операторларының өз ісіне салғырттық танытып, мойнына алған міндетке жүрдім-бардым қарағаны үшін салынатын айыппұл өсті. Енді ғаламдық желісі сыр берген компаниялар 1000 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлейді. Бұрын бұл сома 10 есе аз болатын. Егер заңбұзушылық қайталанса, айыппұл құны тағы артады. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің мәліметінше, операторларға түсетін арыз-шағым бұрынғыдан 10 есе жиілеген.
ИНТЕРНЕТСІЗ АУЫЛ ПЛАТФОРМАДАН ШЕТ ҚАЛА МА? Пандемиядан кейін Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов саланы цифрландырудың әлі де қарқын алатынын айтқан. Алайда шалғай ауылдарға интернет бармаса, жүргізіліп жатқан жұмыстың барлығы нәтижесіз болуы мүмкін. 2025 жылға дейін Қазақстанда бірыңғай білім беру онлайн-платформасын енгізу көзделген. Оқу[1]ағарту министрлігінің мәліметінше, бірыңғай білім беру платформасын енгізу үшін «Күнделік», Online[1]Mektep, Mektep.Edu, Bilimal, Daryn. Online секілді бес білім беру ақпараттық жүйесі іріктелген. Сондай-ақ білім беру ұйымдарында қолдануға арналған интеграциялық жұмыстар және осы платформаның техникалық дайындығы туралы ақпарат берілген. Депутат Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, оны толықтыру бойынша белсенді жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірыңғай білім беру онлайн платформасы 8 мыңға жуық білім беру ұйымын, 3 миллион оқушы мен 300 мың мұғалімді біріктіреді.
– Алайда бірқатар ауыл мектептерінде сапалы интернетсіз жүргізіліп жатқан жұмыстар мен қолда бар нәтижелердің еш мәні жоқ. Бүгінде 7550 мектептің 58-інде мүлдем байланыс жоқ. 192 мектепте жылдамдықтың төмендігі сонша, қарапайым сайтты ашу мүмкін емес. Ал интерактивті сервистер туралы сөз қозғаудың өзі орынсыз. Министрліктің қалалық және ауылдық мектептерге арналған нормативтік құжаттарында интернет сапасының әртүрлі параметрлері белгіленген. Ауылдағы интернет жылдамдығы қала мектебіне қарағанда бірнеше есе төмен, – деді Мәжіліс депутаты Жұлдыз Сүлейменова.
Мұндай тәсілмен білім беру бағдарламаларына жаңа цифрлық компоненттерді енгізу білім сапасының алшақтығын арттырады. Шалғайдағы ауылдарда «терезенің жаны», «көршінің үйі» деген «арнайы орындар» әлі бар. Қарапайым kundelik.kz-ке кіре алмай жүрген ата-ана мен оқушы министрлік ұсынған 15 цифрлық білім беру платформасына қосылуы екіталай. Осылайша, интернетсіз ауылдар онлайн платформалардан шет қалып, оқушылар арасындағы білім деңгейі алшақтап кетуі де мүмкін.
– Қазір көп жерде жағдай жақсара қойған жоқ. Интернеті жақсы дегеннің өзінде байланысқа шығу мұң болып тұр. Жылдамдық төмен. 4G-дің өзі дұрыс істемейді. Ал жоғарыдағылар интернеттің жылдамдығы баяу болса да, бар деп есеп өткізеді, – дейді сарапшы Мейіржан Темірбек.
Kundelik.kz шыққалы бері ауыл мұғалімдерінен маза кеткен. Интернетсіз ауылдың ұстаздары ауданға қатынап күнделік толтыруға мәжбүр. Күнделікті уақытында толтырмаса, мектептің рейтингіне әсер етеді-мыс. Рейтингті анықтайтындар алдымен жағдайға қарауды ұмыт қалдырған-ау шамасы. Мәселен, Шығыс Қазақстан облысында Өскеменнен 400 шақырым Тарбағатай ауданында ұялы телефон ұстайды да, Өскеменнен небәрі 40 шақырым жердегі І.Айтықов ауылында байланыс жоқ.
– Интернеттің нашарлығы, мектептегі компьютерге деген кезек, көршіге, қала берді қаладағы туысқанға күнделік толтыруға қолқа салу қинайды. Жүйені жаңалап, өзгеріс енгізбес бұрын, биікті ғана шолып өтпей, төменге назар салса ғой. Қолданысқа енетін 15 онлайн платформаны біздің баяу интернет ашатынына күмәнім бар, – дейді мұғалім Алмагүл Исабекова.
Ауыл-аймаққа интернет орнатып, цифрландыруға көшеміз дегелі 30 жыл болды. Алайда елді мекенді интернетпен қамту бойынша әлі де шешілмеген сұрақтар бар.