Сәулеттік жобалар жанданды
Сәулеттік жобалар жанданды
570
оқылды
Тараз қаласының тотыдай түрленген кейпі шаһар тұрғындары мен қонақтарының көз алдында. Көне шаһардың сәулеттік келбетін жақсарту үшін бірнеше ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Бүгінге дейін іске асқан және жоспардағы сәулеттік жобалар тарихи қалаға өзгеше рең береді. Облыс әкімдігі Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман ­Әбдешовтің айтуынша, бұл жобалар тұрғындар мен қала қонақтарына қолайлы орта қалыптастыруды мақсат етеді.
– Бірнеше жылдан бері қала құрылысы, сәулет саласында атқарылған ауқымды жобалар арқылы көне шаһар өзгеше кейіпке енді. Қала аумағында «Көне Тараз» және «Тектұрмас» кешендері бой көтерді. Арбаттар мен саябақтар пайдалануға берілді. Бір ғана «Таразға тарту» жобасы аясында 28 тынымбақ салынды. «Үшбұлақ» каналы абаттандырылып, «Анаға тағзым» орталығы есігін айқара ашты. Сондай-ақ үстел теннисі мен көкем гимнастика орталығы мен оқушылар сарайы да қазір ел игілігіне қызмет етіп жатыр. Бұдан бөлек, Дінмұхамед Қонаев пен Шерхан Мұртаза атындағы тынымбақ, «Тектұрмас» этно-тарихи кешенінің 3-кезеңі, Тараз қаласының негізгі көшелерінің сәулеттік келбеті мен стилін қалыптастыру мақсатында «Дизайн код» аясында эскиздік жобалары әзірленіп жатыр. Шаһардың негізгі көшелерінің бойындағы нысандарды түнгі жарықтандыру бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылуда, – дейді облыс әкімдігі Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Әбдешов.
Мамандардың айтуынша, архитектуралық құрылыстар әдетте мақсаты бойынша ерекшеленеді екен. Мәселен, архитектуралық жарықтандыру және қасбеттің түпнұсқалық жарықтандыруы қалаға өзгеше реңк берумен бірге тұрғындар мен қонақтарға ерекше көңіл күй сыйлайды.
– Қаланы сәулеттік жарықтандырусыз көзге елестету мүмкін емес. Ол бір уақытта бірнеше функцияларды орындайды. Кәсіби жарықтандыру арқылы қарапайым болып көрінетін заттардың сыртқы пішіні өзгереді. Ең бастысы, сәтті және талғамға сай жүргізілген жарықтандыру көшелерге жеке ерекшеліктерді бере отырып, бірегей қалалық бейне қалыптастырады. Бизнес жобалар мен кәсіптік нысандарға инвестиция тартуды ынталандыратын тартымды атмосфера орнатады. Мұнан бөлек, кешкі және түнгі уақытта қала көшелерінде тұрғындардың қауіпсіздігіне ықпал етеді, – дейді Арман Әшімбекұлы.
Расында, сәулет өнерінде ғимараттардың түнгі жарықтандыруының өзіндік мәні мен мазмұны бар екенін айтады. Сонымен қатар көше жарықтандыруы – қала тұрғындарының қауіпсіздігін де қамтамасыз етудің тетігі. Демек, қаланы жарықтандыру жұмыстары сән-салтанаты жарасқан, қауіпсіз қаланың негізгі алғышартына жатады.

Жамбыл облысы