«AMANAT»: Жаңа оқу жылының қарсаңында 81 жаңа мектеп ашылады
«AMANAT»: Жаңа оқу жылының қарсаңында 81 жаңа мектеп ашылады
781
оқылды
Партияның білім беру саласындағы сайлауалды уәделері қалай орындалып жатқаны жөнінде партияның баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихаты барысында айтылды. «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің төрайымы Жұлдыз Сүлейменова Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру аясында 2022 жылы 214,5 мың орындық 225 жаңа мектепті пайдалануға беру жоспарланғанын хабарлады. «Мектептердің жалпы санының 164-і мақсатты құрылыс есебінен салынады. Қалған 61 мектеп – жеке инвестиция есебінен тұрғызылады. Бұл ретте, жаңа оқу жылының қарсаңында 37 мыңға жуық орынға негізделген 81 жаңа мектеп ашылуға дайын болуы тиіс. Әкімдіктер ұсынған мәліметке және жеке инвесторлармен алдын ала жасалған шарттарға сәйкес, биыл қыркүйек айында 41 мемлекеттік және 40 жекеменшік мектеп пайдалануға беріледі деп күтілуде», – деді Мәжіліс депутаты. Былтыр Партияның сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру аясында 160 мыңнан астам оқушыға арналған 277 жаңа мектеп ашылды. Сонымен қатар, партия шағын қалалардағы, аудан орталықтары мен ауылдардағы мектептерді жаңғырту бойынша ауқымды жұмыс жүргізуде. Депутаттың айтуынша, сайлауалды бағдарламаны орындау аясында жыл сайын 1000-ға жуық мектептің жағдайын жақсарту жоспарланған.    width=
«Бүгінде 2021-2025 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді. Соған сәйкес, биыл 1 003 мектепті және алдағы жылдары 994 мектепті жаңғырту жоспарланған. Соның нәтижесінде көптеген мектептер күрделі немесе ішінара жөндеуден өтіп, жаңа жиһаздар мен пәндік кабинеттерге ие болады. Сонымен қатар, мектеп асханалары мен кітапханалары жаңартылады. Мәселен, 900-ге жуық мектеп кітапханаларында материалдық-техникалық жабдықтауды жақсарту және қорды көркем әдебиетпен толықтыру жоспарлануда. Өз кезегінде, 450 асханаға жиһаз, ас үй техникасы мен жабдықтар сатып алынады. Сондай-ақ тамақтану залдары жөнделеді. Шағын қалалар мен ауылдарда оқушылардың мектеп ішіндегі және оның аумағындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі өзектілігін жойған жоқ. Сондықтан қазіргі уақытта 500-ге жуық мектепте бейнебақылауды, дабыл түймелерін, турникеттер мен күзет жүйесін іске қосу жұмысы жүргізілуде», – деп атап өтті Жұлдыз Сүлейменова.
Айта кету керек, жаңа оқу жылында 3,6 млн бала мен 384 мың педагогты қамтитын 7700-ге жуық мектеп ашылады. Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова партия алаңында өткен баспасөз мәслихатында хабарлады. Сондай-ақ Шолпан Таңатқызы алдағы оқу жылында оқушыларды қандай жаңалық күтіп тұрғанын баяндады.
«Жаңа оқу жылында балалар 31 мамырға дейін оқитын болады. Сонымен қатар, мектеп бағдарламасына бірқатар өзгерістер енгізілді. Мәселен, ағылшын тілі енді бірінші емес, үшінші сыныптан бастап оқытылады. Ал 1-сыныпқа «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері енгізілді. Бұл қадам оқушылардың ерте кәсіби бағдар жасауын қамтамасыз етуге бағытталған. Жаңашылдықтар оқушылардың білім сапасын жақсартуға және қосымша машықтарды дарытуға негізделді», – деді Шолпан Таңатқызы.
Сонымен қатар, Оқу-ағарту бірінші вице-министрі әкімдіктермен бірлесіп шешілуі тиіс мәселелерге назар аударды. Соның бірі – кейбір өңірлердегі күрделі жөндеу жұмысының мерзімінен кешігуі болып отыр.
«Бүгінде 261 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 1 қыркүйекке дейін 213 мектептің жөндеу жұмысын аяқтау жоспарлануда. Алайда, 12 өңірде, әсіресе Батыс Қазақстан облысында – 12, Алматы облысында – 5, Түркістан облысында – 4, Жетісу облысында – 4, Атырау облысында – 3 мектептің күрделі жөндеу жұмысы мерзімінен кешігуі мүмкін. Бұл мектептерде жөндеу жұмыстары жыл соңына дейін жалғасады. Осыған байланысты, әкімдіктер 48 мектепте оқу жұмысын ұйымдастыру мақсатында жөндеу жұмыстары аяқталғанға дейін сабақ өткізілетін орындарды анықтап, оқушылардың мектептегі қауіпсіздігін  қамтамасыз етуі тиіс», – деді вице-министр.
Жаңа оқу жылында ел аумағындағы 900 мыңға жуық бала бір реттік тегін тамақпен қамтамасыз етілетінін атап өткен жөн. Ал мектепке апаруды қажет ететін балалар үшін биыл 515 мектеп автобусы сатып алынды. Айта кетейік, «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында 500 мыңға жуық бала мектепке даярлану үшін қажет көмек алып жатыр. Өз кезегінде, «AMANAT» партиясы «Баланы мектепке даярлайық!» акциясын бастады. Естеріңізге сала кетейік, аталған акция аясында бүкіл ел бойынша 30 мыңнан астам бала аманаттықтардан жаңа оқу жылына арналған керек-жарақтар алады. Яғни, бүлдіршіндерге мектеп формасы, оқулықтар мен кеңсе заттары бар сөмкелер беріледі.