Әлемде коронавирус күрт күшейді
Әлемде коронавирус күрт күшейді
493
оқылды
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ғалымдары Қытайда жаңа індеттің таралуы баяу­лады деп мәз-мейрам болған. Бірақ қуа­ны­ш ұзаққа созылмады. 13 ақпан­да жағдай то­сын­нан өзгеріп сала бер­ді. Шың елінде кешелі бері ко­ро­навирусқа шалдыққандар саны күрт өскен. Әлемде коронавирус Covid-19 деген атау алды. Бұған дейін ҚХР-да ол күніне 2 мың адамға жұғатын. Бейсенбіде бұл көр­сеткіш 8 есе артты: бір тәулік ішінде бір­ден 15 мың адамды осы дерт меңдеген. Ін­деттің негізгі ошағы Хубэй про­вин­циясында: жергілікті биліктің мә­лі­метінше, сәрсенбі күні 242 адам осы ке­селден өлді. Бұл – вирустың жаңа түрі­нен келген бір тәуліктегі өлім-жітім­нің ең жоғарғы көрсеткіші. Жалпы алғанда, Covid-19 құрбан­дар­дың жалпы саны 1363 адамға жеткен. ДДСҰ бас директоры Тедрос Геб­реисус эпидемия аяқталды деп болжау ағат­тық болатынын, әзірге олай деуге ерте екенін ескертті. Оның үстіне, оған қар­сы дәрі-дәрмек толыққанды өнді­ріс­ке қойылған жоқ. Жаһандық ұйым дере­гінше, бүгінде ғалымдар әртүрлі 4 вак­цина бойынша жұмыс істеп жатыр. Бірақ оны тестілеуден өткізуге мамандар тек 4-5 айдан кейін кіріспек. Ұйымның мә­лім­деуінше, вакцинаны адамдарға егу 1,5-2 жылдан кейін ғана басталады. Дүниежүзінде Қытай індетіне душар болған қалалар қатары Ұлыбритания аста­насымен толықты: Лондонда алғаш­қы науқас ресми тіркеуге алынды. Covid-19 Қытайдан бірнеше күн бұрын ұшып келген әйелден табылған. Бұл осы дертке душар болған ағылшын патша­лы­ғындағы 9-сырқат. Британияда тіпті шұғыл медициналық көмек бөлімінің дәрігері коронавирус жұқтырып алған. Әлемде коронавируспен ауырған адамдар саны 60 107 адамға жетіп қалды. Оның 59 мың 539-ы – шығыс көршімізде. Одан кейін Жапония (203 науқас), Гон­конг (49) тұр. Көрші Ресейде коро­на­вирусы бар 2 адам анықталды. Вирустың жаңа түрі жайлаған елдер са­ны 22-ге жетті және бұл оның шегі емес. Салдарынан дүниежүзінде бұқара көп жиналатын ірі іс-шаралар өтпей қа­лу­да. Мысалы, Халықаралық авто­мо­биль федерациясы (FIA) эпидемияға бола биылғы «Формула-1» Гран-при жа­ры­сын кейінге қалдыруға мәжбүр еке­нін жариялады. Бұдан бөлек, инфекция таралуынан қорқып, Mobile World Congress Бар­се­ло­нада мобильді индустрия көрмесін ұйым­дастырудан түпкілікті бас тартты. Бұл ұялы технологиялар нарығындағы ма­мандар жыл сайын асыға күтетін әлем­­дегі ең ірі көрмелердің бірі еді. Өңірдегі және елдегі күрделі эпи­де­мио­логиялық ахуалға қарамастан, Син­га­пурдегі дәстүрлі авиасалон өз жұмысын бастады. Алайда оған келуден шамамен 70 қатысушы ат-тонын ала қашыпты. Олардың арасында әлемдік әскери-өнеркәсіптік алпауыт корпорация Lockheed Martin, Канаданың Bombardier, Аме­риканың Textron конгломераты және басқасы бар. Оңтүстік Кореяның әс­кери әуе күштерінің Black Eagles пило­таж­ды тобы халық көп жиналмауы үшін авиасалон өткізу күндерінде аспан­да қойылымдар көрсетуден бас тартты. ҚХР-дан басқа, Covid-19-дан көп зардап шегіп отырған елдердің бірі – осы Сингапур. Онда 47 сырқат тіркеуге алын­ды. Мұнда шамамен 300 қызметкері бар аса ірі банк жұмысын доғарды. Себе­бі әріптестерінің бірінің корона­ви­руске шал­дыққаны анықталған. Шұғыл эва­куа­­цияланған банк қызметкерлерін үйле­ріне жіберген. Банктің ресми мәлім­демесінде айтылғандай, олар енді үйле­рінен жұмыс істейді. Сырқат қыз­мет­керге және оның отбасы мүшелеріне банк қажетті көмек пен қолдау көрсе­те­ті­нін хабарлады. Ал жауапты құрылымдар ол адаммен кімдердің жақын араласқа­нын айқындауда. Осыдан кейін барлық жергілікті компаниялар өз қызметкерлері үшін тер­москанерлеу – дене температурасын қа­шықтықтан өлшеу рәсімін енгізді: онсыз ішке ешкім жіберілмейді. Ресейде жаңа жұқпалы ауру Қытай азаматтарынан анықталған, олар емдеу­ден соң ауруханадан шығарылды. Олар­мен қарым-қатынас жасағандарда кесел ізі табылмапты. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, ресейліктердің 42%-ы ғана коронавирус­тен қорқатынын білдірген. Қазақстанда он­дай сұрау салынған жоқ. Бірақ дәрі­ха­на­шылардың айтуынша, медициналық мас­ка іздеушілер көп, егер саудаға түссе, ондаған данасын бірден алып кетеді. Ендеше қазақстандықтардың бойында іргедегі елді ен жайлаған жаман дертке қатысты үрей бар. Індеттің таралуына әсіресе, Жапония (66%), Австралия (61%) және АҚШ (55%) тұр­ғындары бәрінен көбірек уа­йым­­­дайды. Жапонияда мәселен, Diamond Princess тұтас круиз лайнері сол бойы каран­тин­де ұсталуда. Ондағы тұтас бір ауыл хал­қына тең жан – 3,7 мың адам сыртқа да шыға алмайды, туысқандарымен көрі­суі­не де тыйым салынған. Кемедегі ауру­лар саны күн санап артуда: коронавирус 218 жолаушы мен экипаж мүшесінен табылды. Гонконг билігі өз тұрғындарына қайы­рылып, індеттің қанат жаюының жаңа версиясын жариялады: корона­ви­рус канализация құбырлары бойынша таралуы мүмкін. Бұл жорамалға бір-бірімен араласпаған, қол алыспаған, алайда бір тұрғын үй кешенінде тұратын бір­неше тұрғынның ауыруы себеп бол­ды. Өйткені 2002 жылы Гонконгте атипті пневмония да құбыр жүйелері арқылы жұққан көрінеді. Салдарынан 300 адам сырқаттанып, 42-сі өлген. Сондықтан жергілікті құзырлы органдар ондай үйлердің тұрғындарын эвакуациялау шараларын қабылдауда. Пациенттердің бірінің пәтерінде иесі канализациялық құбырларды өз бетінше қайта құрып шыққаны мәлім болды. Конструкцияның дұрыс жасалмауы ке­сі­рінен құбырдағы жел унитаздан сырт­қа шығып кетіп тұрған. Ғалым­дар­дың тұжырымдауынша, бұл вирус нәжіс­те көп шоғырланады. Демек, вирус бір пә­­тер­­ден екіншісіне солай көшуі ықт­и­мал. Ал Денсаулық сақтау министр­лі­гі­нің мәлімдеуінше, Қазақстанда әзірге коро­на­вируске шалдыққан бірде-бір адам тіркелген жоқ.   Елдос СЕНБАЙ