«Әсіресе, Бестөбе кенті маңындағы алтын кен орындарындағы жағдай күрделі. Алтын іздеушілер республиканың барлық аймағынан келеді. Компания полициямен бірге құрамында алтыны бар рудаларды өңдейтін 500 цехтың жұмысын тоқтатты. Заңсыз жұмыс істеп келген кен орнына кіретін 1500 үңгір мен орын жойылды. Қазір өмірі мен денсаулығына қауіп төнсе де, алтын іздеп шахтаға заңсыз түсетіндер әлі де көп. Бестөбе кенішінің шахтасы компанияға қарамайды. Бір жылдан бері жұмысын тоқтатқан шахтаның төменгі қабатын жерасты сулары басқан. Бүгінде шахтаны аралап-тексеру үшін оған санаулы жұмысшы ғана жіберіледі. Бөгде адамдар шахтаға ресми арналар арқылы кіре алмайды. Заңсыз кеншілер шахтаға арнайы қазылған «түтікше» деп аталатын үңгірлерден түседі», – дейді «Алтын Алмас» акционерлік қоғамының қоғаммен байланыс және коммуникациялар департаментінің директоры Анар Сәуірбекова.Жер қойнауын заңсыз пайдаланушыларға жаза да қатал. Қылмыстық кодекстің 334-бабына сәйкес заң бұзушылар 5 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Ал Қылмыстық кодекстің 269-бабының 1-тармағына сәйкес, күзетілетін кен орнына заңсыз кіргендер 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Сондай-ақ құрамында бағалы тастары бар металдардың шикізат тауарларының заңсыз айналымы үшін 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Аталған жазаға қарамастан, жер астына пайдакүнемдікпен түсетіндердің қатары азаймаған. Ал қарапайым жұртшылық алтын іздеуге басын бәйгеге тігіп жер астына түсушілердің басым бөлігі жұмыссыздықтан баратынын айтады. «Екі қолға бір күрек» таппағандар қауіпті болса да қолындағы барын төлеп заңсыз кен орнына түседі.
«Мен осы Бестөбе кентінде тұрамын. Жұбайым осы шахтада жұмыс істеген. Осыдан екі жыл бұрын бұл шахта жұмыс істеп мемлекетке алтын жоспарын беріп, сонымен қатар 1 600 адамды жұмыспен қамтыған. Соңғы компания келіп шахтаның орнына карьер қазбақ болды. Бірақ тұрғындар наразылық білдіріп, оған қарсы шықты. Карьерден бір-екі-ақ жылда барлық алтынды тақыр-таза етіп, тайып тұрады. Ал көп адам жұмыссыз қалады. Расында, кен орнына түсушілер негізінен жұмыссыздықтың салдарынан түседі», – дейді Бестөбе кентінің тұрғыны Алена Агафонова.Облыстық Полиция департаменті де алтын кен орындарында мәселенің аса ушығып тұрғанын мәлімдеді. Полицияның мәліметінше, былтыр мемлекет пайдалы қазбаларды заңсыз өз бетінше өндіруге жазаны қатаңдатқанымен, қылмыс саны одан сайын өршіп кеткен.
«Ақмола облысының полиция департаменті 2020-2021 жылдары үш бірдей ұйымдасқан қылмыстық топты құрықтады. Оның құрамы 84 адамнан құралған. Тергеу барысында 17 қылмыстық іс тіркелді. Кен орындары таяу орналасқан Степногор, Заводской, Кварцитка, Бөгенбай, Қырыққұдық және Жолымбет ауылдарында 74 тінту шарасы ұйымдастырылып, құрамында алтыны бар заттарды өңдейтін 13 шағын цех жойылды. Заңсыз айналымнан 35 тонна алтын құрамды тас, 2 келі алтын, 12 ұсату қондырғылары, 9 жуғыш аппарат, 3 алтын шығатын кен орындарының карта-сызбасы, 39 мың АҚШ доллары, 1,5 мың еуро, 8,8 миллион теңге мен 135 мың ресей рублі тәркіленді. Мұнымен қоса, 15 автокөлік айыппұл алаңына қойылды. Қылмыстық істер бойынша сот тергеулері жүргізіліп жатыр», – дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәр Пинчук.P.S.
Сонымен, күнкөрістің қамы үшін басын бәйгеге тігіп, қауіпті қылмысқа барғандар саны күн санап өсіп барады. Заң қатайып, полиция тарапынан тиісті шаралар жүргізілгенінен де еш пайда жоқ сияқты. Қайтпек керек? Жұрт жүгенсіз кеткен жұмыссыздықтың халықты осындай күйге душар еткенін айтып отыр. Сананы тұрмыс билеген заманда бұл уәж де ақылға қонады. Дегенмен құқық қорғау органдарымен қатар, билік органдары да мәселеге барынша назар аударғаны жөн болар.
Ақмола облысы