Корпорация қызметі күдік тудырады
Корпорация қызметі күдік тудырады
469
оқылды
«Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорация­сы­ның қызметіндегі жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы тал­дау жүргізген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агент­тігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаменті бірқатар былықтың бетін ашты. Атап айт­қанда, корпорация мемлекет мүлкін заңсыз са­ту­мен, жекелеген кәсіпкер­лердің мүддесін қорғаштаумен және 0,1 пайыздық ресми емес несиелеумен айналысқан. Қазақстан Республикасы Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің басшысы Сергей Перов атап өт­кеніндей, «Солтүстік» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өзіне жүктелген қызметпен емес, мүлде басқа жұмыспен айналысып кел­ген. Корпорация мемлекет пен бизнестің әріптестігі қағидатымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ықпалдасуы тиіс болатын. Оның орнына бұл кәсіпорын жер­гілікті атқарушы биліктің өңірлік қыс­қа­мерзімді ағымдағы мәсе­ле­лерін шешумен айналысқан. Атап айт­қанда, азық-түлік тауарлары баға­сы­ның өсуін тежеумен және жеке­шелендіру рәсімдерін айна­лып өтіп мемлекет мүлкін сатумен шұғыл­данған. Корпоративтік бас­қару жүйесінде де, сондай-ақ не­сие беру, тұрақтандыру қорының жұмысы, мемлекет мүлкін сату қызметінде де жүйелі тәуекел бары анықталды. Жалпы алғанда, корпорация қызметіне қатысты 23 сыбайлас жем­қорлық тәуекелі анықталды. Оларды жою үшін 40 ұсыныс жа­салған екен. Корпорацияның көлдермен және балық шаруашылығымен ай­налысқаны өзіне тән емес қыз­метті іске асырудың және табиғи ресурстарды тиімсіз пайдалан­ға­нының мысалы бола алады. Тал­дау барысында анықталғандай, 2020 жылдың соңына дейін 4 тұзды көл әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рацияның пайдалануында болған. Бұл су қоймаларынан тиісті рұқ­сатсыз «артемия» деп аталатын қым­бат шаяндар өндірілген. Бұл аз болғандай, көлдер заңнаманы бұза отырып, шаян аулау үшін үшінші тұлғаларға беріліп, олар өз кезе­гінде «артемияны» арзанға сатқан. Бүгінгі күні корпорация­ның пай­далануында балық өсіруге арнал­ған 5 су қоймасы бар. Тә­уел­сіз ау­дитордың есебіне сәйкес су қой­маларына балық жіберу жұмы­сы тиімсіз атқарылғаны анық­тал­ды. Балық өсіруге арналған ма­териал жыл сайын сатып алын­ғанына қарамастан, бірақ аулау көрсеткіші төмендеген.   Мемлекет мүлкін тікелей сатқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет анықтағанындай, екінші заң бұзушылық – корпорация барлық тиісті рәсімдерді айналып өтіп, мемлекет мүлкі мен жер те­лім­дерін тікелей белгілі бір кәсіп­керлерге сатқан. Талдау барысында құрылыс учаскелері осылайша бөлінгені белгілі болды. Бұл тұр­ғыда әлеуметтік-кәсіпкерлік кор­порация әкімдіктен алынған мү­лікті немесе жер телімін тікелей сату үшін делдал болып келген. Ті­келей сату ашықтықты және бә­секелестікті жояды, жекелеген бизнес субъектілеріне артықшы­лық жасауға мүмкіндік береді. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық департаменті басшысы Сергей Перов айтқанындай, 50 миллион теңгеге үш жер телімі бір құрылыс компаниясына сатылған. Бұл кә­сіпкердің сойылын соғуды білдірсе керек. Әрі бір жер теліміне кор­по­рацияның меншік құқығы да бол­мапты. Кейін корпорация жер телімін бір азаматтан сатып алып, құрылыс компаниясына екі есе қымбатқа сатқан. Дәл осы жер телімін мемлекет меншігіне қай­тару туралы Петропавл қаласы әкімінің қаулысы да бұл мәмілені жасауға кедергі бола алмапты. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық де­партаменті бұдан басқа Жер ко­дексін бұзудың тағы алты дерегін анықтаған. Петропавл қаласының әкімдігі аукцион өткізбестен «Сол­түстік» корпорациясына жер те­лімдерін беріп, кейін олар көпқа­батты үйлер салу үшін заңды тұл­ғаларға сатылған. Алайда қызмет­тің бұл түрі басым инвестициялық жобалар тізбесінде көзделмеген.
«Тікелей мәміле жасасу мем­лекеттің кәсіпкерлік қызметке қатысуын шектеу жөніндегі Кәсіп­керлік Кодекстің 192-бабына қай­шы келетінін атап өткен жөн. Өйт­кені жер учаскелерін, жыл­жы­майтын мүлікті сатып алу-сату жөніндегі қызмет корпорацияның қызмет түрлеріне жатқызылмаған», – деп атап көрсетті Сергей Перов.
  Қызметі – құпия Тағы бір тәуекел – ұйымның қаржы-шаруашылық қызметінде ашықтықтың жоқтығы. Айта кету керек, бұл корпорация 100 пайыз мемлекет меншігінде. Корпо­ра­цияның ішкі құжаттарына сәйкес, «Солтүстік» өзінің қаржы-ша­руашылық қызметі туралы бар­лық ақпаратты құпия санатына жат­қызыпты. Осының өзі бармақ бас­ты, көз қыстылыққа жол ашып, қаржыны ұтымсыз және тиімсіз пайдалануға итермелейді. Сыртқы талдау барысында басшысы директорлар кеңесінің мүшесімен үлестес «ЕКПІН-2002» жауапкершілігі шектеулі серік­тес­тігі 159,1 млн теңге мөлшерінде қа­рыз беру кезінде корпоратив­тік мүдделер қақтығысы бары анықталды. Бұдан басқа, тұрақтандыру қорының қаражатын бизнес субъектілеріне қаржылық қолдау көрсету үшін пайдалану фактілері анықталды. Яғни, 0,1 пайыздық үстемемен бейресми несиелеу орын алған. Мәселен, бір кәсіпкер тауық сатып алу үшін 50 миллион теңге қарыз алыпты. Кейін ол небары 9 миллион теңгенің өнімін жеткізіп беріп, қалған 41 миллион теңгені 0,1 пайыздық үстемақымен қайтарған. Мұндай жағдай бірнеше рет қайталанғаны белгілі болды. Айта кету керек, ішкі талдау барысында сыбайлас жемқорлық тәуекелінің бірде-бірі анықтал­ма­ған. Осының өзі сыбайлас жем­қор­лық шараларына бұл ұйым көз жұма қарағанын көрсетсе керек.   Іс-қимыл жоспары қабылданды Сыртқы талдау қорытындысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің об­лыстық департаменті жемқорлық тәуекелдерін азайту бойынша бір­қатар ұсыныс жасады. Ең алдымен, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпора­цияны қайта жаңғыртудан бастау керек. Атап айтқанда, басым қыз­меттерді өзгертіп, жүктелген мис­сияға тән емес жұмыстан, мәселен, мемлекет мүлкін және жер телім­дерін тікелей сатудан, бас тарту керек. Корпорация өңірге инвес­тициялар тарта отырып, инвести­циялық жобаларды іске асыратын алаңға айналуға тиіс. Сонымен бірге агроөнеркәсіп кешенінде жұ­мыс орындарын ашатын жаңа жобаларды дамытса игі. Ашық және тәуелсіз дирек­торлар кеңесін қалыптастырып, басқару тиімділігіне жыл сайын ба­ғалау жүргізіп, ашықтық қағи­дат­тарын іске асыру арқылы кор­поративтік басқару жүйесінің тиім­ділігін арттыру қажет-ақ. Жұ­мыстың тиімділігіне қарай еңбек­ақы төлеу жүйесін енгізу, ішкі ау­дит институтын іске асыруға әрі барлық негізгі бизнес-процес­с­терді, әсіресе тұрақтандыру қо­рындағы әлеуметтік маңызы бар тауарларды есептеу мен бөлу жү­йесін автоматтандыруға кеңес бе­рілді. Сонымен қатар тұрақтандыру қорына әлеуметтік маңызы бар та­уарларды сатып алуда ашықтық пен бәсекеге қабілеттілікті арттыру қажеттігі, хабарландырулар жа­рия­лап және тиісті өтінімдерді жи­най отырып, кредит беру рәсі­мінде қолжетімділікті арттыру мә­селесі де назардан тыс қалмады. Конкурстық негізде қарыз беруде рентабельділік қана емес, сондай-ақ қайтару пайызы жоғары және жаңа жұмыс орындары құрылатын өтінімдерге басымдық берілуі тиіс.
Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары Ма­рат Тасмағанбетов анықталған кем­шіліктер бойынша тиісті ша­ралар қабылданатынын жеткізді. «Сыбайлас жемқорлық тәуекел­дерін азайту үшін «Солтүстік» әлеу­меттік-кәсіпкерлік корпо­ра­циясын қайта құру жұмыстары басталды. Қарыз беру және тұрақ­тандыру қорының жұмысы екі де­­партаментке бөлінді», – деді Ма­рат Тасмағанбетов. Облыс әкі­мінің бірінші орынбасары аталған тәуекелдер жойылады деп сендірді.
Талдау қорытындысы бойынша анықталған сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жөніндегі іс-қимыл жоспары қабылданды.

Солтүстік Қазақстан облысы