«Жасыл Қазақстан»: Ақтөбе мен Батыс Қазақстанда жоспар орындалмай қалуы мүмкін
«Жасыл Қазақстан»: Ақтөбе мен Батыс Қазақстанда жоспар орындалмай қалуы мүмкін
Фото: primeminister.kz/kz
549
оқылды
Үкімет басшысы Әлихан Смайылов әрбір өңір бойынша экологиялық жағдайды жақсарту үшін жоспар әзірлеуді тапсырды, – деп хабарлайды Aikyn.kz. Primeminister.kz-тің мәліметінше, Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың төрағалығымен «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасын іске асыру барысы талқыланды. Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының қолайлы өмір сүру ортасы мен экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталғанын атап өтті. 2021 жылы 16 кәсіпорын атмосфералық ауаға шығарған ластаушы заттар мөлшері 3%-ға азайған, ал 2022 жылдың 6 айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 6,7%-ға төмендеді. Бұл көрсеткішке табиғатты қорғау іс-шараларымен қатар, өнеркәсіпті модернизациялау есебінен қол жеткізілді. Сонымен қатар 3 005 полигонның 639-ы экологиялық нормаға сәйкес келтірілді. Бөлек жинау үшін 3 876 контейнер орнатылды. Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс қалдықтарын жинауға және өңдеуге арналған алаң салынды. Павлодар облысында «Былқылдақ» көлі аумағының ластануын оқшаулауға бағытталған іс-шаралар өткізіліп жатыр. Сондай-ақ каналдарды, соның ішінде Балқаш көлінің бассейнінде жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сырдария өзенінің 50 шақырымы тазартылды. 22 арнаның су есебі цифрланды. Осы шаралар Балқаш көліне шамамен 12 текше километр су ағымын қамтамасыз етті, Солтүстік Арал теңізінің көлемі 20,6 текше километр деңгейінде сақталып, суару кезінде су шығыны 200 млн текше метрге қысқартылды, көлемі 230 млн текше метрге су қосымша жинақталды. Премьер-Министр қоршаған ортаны жақсарту үшін 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап ірі кәсіпорындарда эмиссиялар мониторингінің автоматты жүйесін енгізу қажеттілігі туралы норма күшіне енетінін еске салып өтті. «Аталған шара әрбір кәсіпорынның зиянды қалдықтары туралы жедел әрі шынайы ақпарат алуға бағытталған. Сондай-ақ бұл норма кәсіпорындарға мониторинг жүргізіп, атмосфераға шығатын зиянды қалдықтар деңгейі асып кеткен жағдайда жедел шаралар қолдануға мүмкіндік береді. Экология министрлігіне жүйені енгізуді ерекше бақылауға алуды тапсырамын», деді Әлихан Смайылов. Сонымен қатар Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, 5 жыл ішінде 2 млрд түп ағаш отырғызу туралы ауқымды жоба іске асырылып жатыр. 2021 жылы 66 мың гектар алаңға шамамен 138 млн ағаш отырғызылды. Алайда  биыл Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында қаржыландыру аз болғандықтан, жоспарлы көрсеткіш орындалмай қалуы мүмкін.
«Өңірлердің әкімдіктері Қаржы министрлігімен бірлесіп, осы мәселені пысықтасын»,– деді Премьер-Министр.
Үкімет басшысы өткен жылдан бері экологиялық төлемдер экологиялық ахуалды жақсарту шараларына бағытталуы тиіс деген норма қолданылып жатқанын атап өтті.
«Ол үшін Экология министрлігі әкімдіктермен бірге әрбір өңір бойынша экологиялық жағдайды жақсарту үшін іс-шаралар жоспарын әзірлеуі керек», – деді Әлихан Смайылов.
Премьер-Министр Индустрия және инфрақұрылымдық  даму, Қаржы, Экология, геология және табиғи ресурстар министрліктеріне ірі елді мекендерде тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын салу үшін жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеуге қаражат бөлу мәселесін пысықтауды тапсырды.