Құрылыс – бақылауда
Құрылыс – бақылауда
357
оқылды
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «AMANAT» партиясының де­пу­таттық фракциясының мүшелері Мәди Елубаев пен Юлия Кучинская Ақмола облысы Аршалы ауданына қарасты Жібек жолы ауылындағы 300 орынға ар­налған мектептің құрылысымен танысты. Білім беру нысаны «AMANAT» пар­­тиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудың Жол картасына сай қолға алынған. Сондықтан оның сапалы әрі өз уақытында аяқ­талуын партия өз бақылауында ұстап отыр. Мектептің құрылысы 2020 жылы басталып, биыл қыркүйекте тапсырылуы керек бола­тын. Алайда құрылыс материал­дары­ның қымбаттауы салдарынан жобалық-сме­талық құжатты қайта түзету қажеттігі туын­даған. Мердігер дәл осы фактор­лар құрылыстың кешеуілдеуіне себеп бол­ғанын атап өтті. Ал Мәжіліс де­путаты Юлия Кучинс­кая­ның пікірінше, мә­селенің түпкі себеп­тері мемлекеттік сатып алу туралы заңның шикілігінен бо­лып отыр.
«Біз партияның сайлауалды бағдар­ла­масы аясында қолға алынған құрылыс ны­­сандарына мониторинг жүргізу бары­сын­да «Мемлекеттік сатып алу туралы» заңның шикілігінен туындаған біршама олқылықты байқадық. Сондықтан біз тек мо­ниторинг жүргізіп, нысанды уақытылы тапсырмаған мердігерді жазалауды мақсат тұтпаймыз. Негізгі мақсатымыз – заңдар­ды жетілдіру. Сондықтан қандай заңда нендей олқылықтар барын анықтауға тыры­самыз. Мәселен, бүгінде «Мем­ле­кет­тік сатып алу туралы» Заңның же­тілмегендігін байқадық. Одан бөлек, құры­лыс нысандарын салуды жоспарлау жүйесі де жолға қойылмаған. Олай дей­тінім, мердігермен әңгімелесу барысында жо­балық-сметалық құжаттаманың әуел­ден-ақ сапасыз әзірленгенін, геологиялық бар­лаумен байланысты мәселелер анық­талғанын білдік. Сондықтан келесі сес­сия­дағы жұмыс аясында біз осы мәсе­лелерді көтереміз. «Мемлекеттік сатып алу­ туралы» заңды жетілдіру бойынша Мем­лекет басшысы бірнеше рет тапсырма бер­ді. Сондықтан менің ойымша, бұл мәселе біздің депутаттар айналы­са­тын негізгі бағыттардың бірі болады», – дейді депутат Юлия Кучинская.
Құрылыс нысанының бас мердігері «Достар» көпсалалы компаниясының өкі­лі Аслан Набиев болса, мектеп құрлысы жел­тоқсан айында аяқталатынын айтады.
«Бүгінде алаңішілік желілерді тарту жұ­мыстары аяқталды. Су құбыры мен кә­різ жүйесі тартылып, қазандық орна­тыл­ды. Осы күндері мектептің алаңын абат­тандырып жатырмыз. Сондай-ақ ны­санның шатырын салу жұмыстары жа­қында аяқталды. Желілер бойынша электр сымдары толығымен тартылды. Қазір де ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жа­тыр», – дейді Аслан Набиев.
Мәжіліс депутаты Мәди Елубаев аталған мектептің құрылысы Жібек жолы ауылындағы үш ауысымда оқу мәселесін біршама шешуге көмектесетінін алға тартты. Жалпы депутаттардың пікірінше, елорда маңындағы елді мекендердегі ең негізгі проблема тұрғындардың көбі ауыл­да ресми тіркелмегендігінен туындап отыр. Мәселен, Жібек жолы ауылындағы жергілікті халық саны ресми дерек бойын­ша 10 мыңның айналасында болса, шынтуайтына келгенде, тұрғындар одан екі есе көп. Бұл өз кезегінде елорда айна­ласындағы ауылдарда әлеуметтік инф­рақұрылымдардың жетіспеушілігіне алып келуде. Сондықтан депутаттар алдағы уа­қытта агломерацияларды дамыту тура­лы заңды жетілдіру қажет деп санайды. құрылыс Жалпы, Жібек жолы ауылдық окру­гінде бүгінде бір емес, екі мектептің құры­лысы жүріп жатыр. Екеуі де 300 орынға шақталған. Мәжілісмендер Жібек жолы ауылындағы мектептің құрылысы баяу жүргендігін анықтап, оның жыл соңына дейін жылдам әрі сапалы орындалуы ба­қылауда болатынын айтты.