Киіктерге қайта шүйлікті
Киіктерге қайта шүйлікті
398
оқылды
Экология, геология және та­биғи ресурстар министрі Серік­қали Брекешев ақбөкендердің са­нына қатысты сұраққа жауап беріп, ведомствоның жаңа жос­пар­­ларын жариялады. Министр Қазақстандағы ақбөкен санының шамадан тыс өсуіне қатысты әлі нақты шешім қабылданбағанын айтқан. Әзірге ұсыныстарды қарастырумен шектеліп отырғанға ұқсайды.
«Халық жолдаған ұсыныстарды қарастырып жатырмыз. Яғни, ақбөкендерді басқа аймақтарға мәжбүрлеп көшіру мәселесі. Көбі басқа облыстарға көшірейік деді. Бірақ, өкінішке қарай ғылыми қоғамдастық бұл шешімді тиімсіз және рұқсат етілмеген әдіс деп таныды», – деді министр.
Брекешевтің айтуынша, халық жіберген ұсыныс арасында қасқырлар санын көбейту туралы жоспар болған, бірақ бұл ақбөкендер санының азаюына көмектеспейді екен. Енді министр 2023 жылға қарай спорттық-­әуесқойлық аң аулауды ұйымдастыру мәселесін қарастырып жатқанын жеткізді.
«Бұл ақылы болады. Бұған дейін ақбөкен Қызыл кітапқа енбегені айтылды. 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін аң аулауға тыйым салынды. Ал бұл мәселе қарастырылып жатыр. Қазан айының соңына дейін бір шешімге келеміз», – деп қорытындылады Брекешев.