Ақмолада азық-түлік өндіру көлемі ұлғайды
Ақмолада азық-түлік өндіру көлемі ұлғайды
710
оқылды
Ақмола облысы соңғы жылдары азық-түлік тауарлары өнімімен өз қажеттілігін толығымен қамтама­сыз ететіндей деңгейге жеткен. Сондай-ақ ішінара елдің бірқатар аймағының да тұтынушыларын қанағаттан­ды­руға қауқарлы. Облыс әкімдігінің Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, бүгінде өңір ұн, жұмыртқа, қара мал және құс еті, сүт және картоп өнімде­рімен облыс тұрғындарының қажеттілігін толық­тай қамтамасыз етіп келеді. Аталған өнім түрлері өндірісінің жылдық көлемі бірнеше есеге ұлғайған. Соңғы деректерге сәйкес, облыста бір жылда 200,1 мың тонна ұн, 793,2 миллион дана жұмыртқа, 104,6 мың тонна сүт, 23,3 мың тонна қара мал еті, 68 мың тоннадан астам құс еті мен 268 мың тонна картоп өндірілетін болған. Өңір кәсіпкерлері ішкі нарықпен қоса өз өнімдерін Ресей, Беларусь, Словакия, Түркия, Германия және Чехия сияқты алыс-жақын шетелдерге де шы­ғаруға мүмкіндік алған.
«Қазір облыстың ауыл шаруашы­лығы тауар өндірушілерінің өнім өндіру қарқыны көңіл қуантарлық. Өткен жылғы қорытындылар бойынша Ақмола облысы кәсіпкерлері 36,5 мың АҚШ долларына тең 96 тонна ұнды Ресейге, 31,7 мың АҚШ долларына тең 38,7 тон­на сүт пен 155 тонна қара мал етін Ресей мен Беларусь елдеріне, 140 тонна картоп өнімдерін Германия, Нидерланд және Ресей мемлекетіне, 2 619 тонна құс етін Ресей мен АҚШ-қа, 1 911 тонна жұмыртқаны Ресей, Түркия, Чехия және Сло­вакия елдеріне импорттағаны анық­талды», – дейді облыс әкімдігінің Кә­сіп­керлік және өнеркәсіп басқарма басшысы Ербол Оспанов.
Жалпы, өткен жыл қорытындылары бойынша ұн өндірісі 1,6 есе, сарымай 3,3 пайызға, құс еті 7,8 пайызға ұлғайған.

 Ақмола облысы