Мән-мағынасыз спектакльдер көп
– Бір сұхбатыңызда «Қозғайтын тақырып көп. Бірақ біз өте кеш қозғалып жатырмыз» депсіз. Бұл театрлардың енжарлығы ма? Қазіргі қазақ театр өнерінің даму деңгейіне қандай баға бересіз? – Қазақ театрлары қарқынды дамып келе жатыр. Біздің студент кезіміздегі театрлардың деңгейімен салыстырсақ қазіргі театр мүлде басқа деңгейде. 2016 жылдан бастап қазақ театрлары даму жолына түсті. Театрға жаңа толқын қосылып, жас режиссерлар мен жас драматургтер, жаңаша ойлайтын актерлар мен композиторлар келіп жатыр. Осы бағыттан таймай, мемлекет тарапынан қолдау болса екен деген тілек бар. Сол кезде ғана әлемдік деңгейге шығуға лайықты қадамдар жасаймыз. Министрлікке қазақ театрларын жаһандық деңгейге танытуға байланысты біраз жобалар ұсынып жатырмын. Өкінішке қарай, қолдап жатқан ешкім жоқ. Себебі біздің жүйе мұндай жаңашылдыққа үйренбеген. Жат сияқты көрінеді. Бірінші қадамды жасау қиын болады. Сондықтан билік те осы бағытқа қарай бейімделуі керек. Спектакльдер жаңарып, шығармашылық құрам өзгеріп жатыр. Бірақ жүйе өзгермей нәтижеге де жете алмаймыз. Ірі қалалардағы театрларды қоспағанда аймақтағы театрлардың да өз проблемалары бар. Бірақ проблема бар екен деп отыра беруге болмайды. Әркім өзінің шамасы, ойы жеткенше спектакль қояды. Менің бағытым ұлттық рухты ояту, тарихқа жаңа көзқараспен қарау, шындықты ашу. Мен көрерменге ары қарай сол тақырыпты қызығып оқуға серпіліс беремін. Мысалы, «Алтайдан ауған елді» осыдан екі жыл бұрын мен де білген жоқпын. Ондай тарих болғанын қойылғанға дейін актерлар да, көрермен де білген жоқ. Спектакльден кейін ғана адамдардың қызығушылығы арта бастады. Кей театрлардың репертуарларында не касса жинамайтын, не көрерменге ой тастамайтын мән-мағынасыз спектакльдер көп. Әр театрдың өз талғамы, әр режиссердің азаматтық позициясы болады. Сондықтан театрдың деңгейі осыған байланысты.Режиссурадан сабақ беретін педагог жоқ
– Шыны керек, қыруар қаржыға шетелден жиі театр режиссерларын шақырамыз. Алайда «отандық режиссерлар өзге елге барып қойылым қойды» дегенді естімедік. Өнер академияларында жыл сайын театр режиссерлары мамандарын дайындасақ та, ішінен суырылып шығып жатқандары аз. Болашақ театр режиссерларын қалай дайындауымыз керек? – Бізге ең бірінші театр режиссерларын дайындайтын педагогтар жетіспейді. Шетелдік режиссерларды шақырсақ та оларды таңдап, талғап шақыруымыз керек. Әйтеуір шетелден деп, білім деңгейі қазақтың режиссерларынан аспайтындарды да шақырып жатамыз. Бізге шетелден мықты, пайдалы режиссер-педагогтарды шақыру керек. Сонда олардың жанында жүріп біз де үйренеміз. Қазір елімізде актерлар көп дайындалып, ал режиссерлар аз шығып жатыр. Себебі режиссурадан сабақ беретін педагог жоқ. Бұл үлкен проблема. Біздің режиссерлар шетелге шығып оқуы керек. Ал әлемдік деңгейдегі мықты режиссерлар біздің елімізге келіп сабақ өтуі қажет. Солай тәжірибе алмаспасақ, театрға шетелдік режиссер шақыру пайдасыз. Біз қазір осы бағытта әрекет етіп жатырмыз. Мен шетелшіл емеспін. Бірақ режиссураға келгенде Литваның, Мәскеудің, Польшаның, Германияның режиссерлық мектептерінен үйренетініміз көп. Солардың білімін Қазақстанға әкелуіміз керек. Ж.Хаджиев, М.Байсеркенов, Б.Атабаев сияқты мықты режиссерлар дүниеден өтіп кетті. Режиссерлық мектептің әлсіреуіне осы мәселе де әсер етіп тұр. Бірақ бұл олқылықтың орнын толтыруға болады. Әртүрлі жолдары бар. Біз қазір мемлекет тарапынан арнайы грант бөліп ғалымдарды шетелдік тәжірибе алуға жіберіп жатырмыз. Осы сияқты таланты бар, жағдай жетпей жүрген режиссерларды шетелге тәжірибе алмасуға жіберу керек. Өйткені 5 режиссер сырттан оқып келсе, 5 жылдан кейін ол үлкен күшке айналады. Сондықтан қазір кеш болмай тұрғанда, ұлттық деңгейде осы мәселемен айналысуымыз қажет. – Еліміздегі сұранысқа ие театр режиссерсыз десек артық айтпаймыз. Жаңа қойылым қоярда не нәрсеге мән бересіз? Қойылымның сәтті шығуы актерға байланысты ма, әлде режиссерға қатысты ма? – Қойылымның сәтті шығуы командаға байланысты. Режиссер дайындалады, актер ізденеді. Бірақ қойылымның сәтті шығуы жұмыс басталған кездегі атмосфераға байланысты. Әрине, режиссер дайын болуы, бәрін біріктіре алуы да керек. Театрдың әкімшілігі, техникалық, актерлық құрамы, қоюшыларға да байланысты. Мен қойылым қоятын кезде ең бірінші оқыған шығармам маған әсер етуі керек. Содан кейін ғана қойылымды қоюға кірісе бастаймын. Ол шығарма бір жыл, бір жарым жыл миымда пісіп жүреді. Бірден шығарма алып, қоюға кірісіп кетпеймін. Көп спектакльдерді ең бірінші ойымда пісіріп алып, сахнаға шығарамын. Бұл күнде сызып, күнде дайындаламын деген сөз емес. Мен үшін спектакльдің музыкасы маңызды. Содан кейін ғана барып спектакльдің атмосферасын табамын. – Алдағы жоспарыңыз қандай? Жаңа маусымда көрермендеріңізге не ұсынасыздар? – Жаңа маусымда Ғ.Мүсірепов театры Ақберен Елгезектің «Болмаған балалық шақ», Антон Чеховтың «Апалы-сіңілі үшеу» атты спектакльдерін қоямыз. Ш.Айтматовтың «Ақ кеме» шығармасын режиссер Д.Жұмабай сахналайды. Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит бастаған М.Әуезов театрының актерлары жеке «Шам» театрын ашып жатыр. Жаңа театрмен «№37» деген қойылым қоямыз. Өзімнің StartDrama театр лабораториямның спектакльдерін қайта жарыққа шығара бастаймын. Өйткені 2 жылдай уақытымды Ғ.Мүсірепов театрының репертуарын реттеуге жұмсап, өз лабораториямның жұмысы тоқтап қалды. Соны қайта қолға алмақпын. – Әңгімеңізге рақмет!