«Қарагөз», «Құлагер», «Алтайдан ауған ел», «86»... Бұл қойылымдардың қай-қайсысыда көрермен жүрегінен орын алып үлгерді. Себебі режиссері Фархад Молдағали әр шығармаға жаңаша көзқараспен қарап, тарихи оқиғаларға өзінше рең беріп жүр. Жаңа толқынның жарқын өкілімен театр өнерінің жаңа бағыты, қазіргі беталысы жайлы әңгімелестік.
– Қазақ театр әлеміне soundrama жанрын ең бірінші болып алып келгеніңізді білеміз. Soundrama қандай жанр? Не үшін бұл бағытты таңдадыңыз?
– Soundrama жанрының негізін қалаушы режиссер Владимир Николаевич Панков – менің ұстазым. Ол кісіден көбірек саундрама жайлы естіп, тренингтеріне қатысқан сайын бұл жанрдың біздің халқымызға қатты жақын екенін түсіндім. Панковпен кездеспей тұрып та, осы бағытта жұмыс бастағанбыз. Бірақ ресейлік режиссердің шеберлік сыныбынан кейін екінші тынысым ашылып, бұл бағытты тереңірек зерттей түстім. Біздің фольклор, арыға барғанда Көк Тәңірі, беріде ұлттық менталитетіміз, жел мен кең даланың дауысы, шөптердің сыбдыры, халық әндері мен жоқтау, Құран, қасқырдың ұлығаны, аттың тұяғының дыбысы сияқты дәстүрімізге тән нәрсенің барлығы soundrama жанрына дәл келе қалды. Soundrama –жанрлардың қосындысы, сөз бен дыбыстың әдемі үйлесімі. Сондықтан мұның барлығы біздің тамырымызда жатқан дүниелер. Орыс театрлары саундраманы іздейді, жаңадан құрастырады. Ал бұл жанр біздің бойымызда жатыр. Сондықтан саундрама қазақ көрермендеріне жаңа, жат бағыт болған жоқ. Керісінше көрермендердің жүрегіне жетті. Шетелдіктер біздің «Құлагер», «Қарагөз» сияқты қойылымдарымызды көрген кезде оларға экзотика болды. Саундраманы алғаш қойғанда қазаққа жетпей жатқан жанрды әкелейін немесе жаңаша бағытты көрсете қояйын деген ой болған жоқ. Жай ғана ұлттық фольклорды, ұлттық элементтерді жаңа нұсқада, әлемге енді танылып келе жатқан бағытта көрсеттік. Владимир Панков «Құлагерді» көзіне жас алып көріп, саундраманың қазақ театрларында қанат жайғанына қуанып, батасын берді. «Қазақстан театрлары саундрама қойып жүр. Бірақ ол өздерінің қазақша саундрамасы» деп бағасын берді. Біз бұл жанрдың негізін Панковтан алғанымызбен қазақтың менталитетіне сай өзіміздің қолтаңбамызбен жасап жатырмыз.
Мән-мағынасыз спектакльдер көп
– Бір сұхбатыңызда «Қозғайтын тақырып көп. Бірақ біз өте кеш қозғалып жатырмыз» депсіз. Бұл театрлардың енжарлығы ма? Қазіргі қазақ театр өнерінің даму деңгейіне қандай баға бересіз? – Қазақ театрлары қарқынды дамып келе жатыр. Біздің студент кезіміздегі театрлардың деңгейімен салыстырсақ қазіргі театр мүлде басқа деңгейде. 2016 жылдан бастап қазақ театрлары даму жолына түсті. Театрға жаңа толқын қосылып, жас режиссерлар мен жас драматургтер, жаңаша ойлайтын актерлар мен композиторлар келіп жатыр. Осы бағыттан таймай, мемлекет тарапынан қолдау болса екен деген тілек бар. Сол кезде ғана әлемдік деңгейге шығуға лайықты қадамдар жасаймыз. Министрлікке қазақ театрларын жаһандық деңгейге танытуға байланысты біраз жобалар ұсынып жатырмын. Өкінішке қарай, қолдап жатқан ешкім жоқ. Себебі біздің жүйе мұндай жаңашылдыққа үйренбеген. Жат сияқты көрінеді. Бірінші қадамды жасау қиын болады. Сондықтан билік те осы бағытқа қарай бейімделуі керек. Спектакльдер жаңарып, шығармашылық құрам өзгеріп жатыр. Бірақ жүйе өзгермей нәтижеге де жете алмаймыз. Ірі қалалардағы театрларды қоспағанда аймақтағы театрлардың да өз проблемалары бар. Бірақ проблема бар екен деп отыра беруге болмайды. Әркім өзінің шамасы, ойы жеткенше спектакль қояды. Менің бағытым ұлттық рухты ояту, тарихқа жаңа көзқараспен қарау, шындықты ашу. Мен көрерменге ары қарай сол тақырыпты қызығып оқуға серпіліс беремін. Мысалы, «Алтайдан ауған елді» осыдан екі жыл бұрын мен де білген жоқпын. Ондай тарих болғанын қойылғанға дейін актерлар да, көрермен де білген жоқ. Спектакльден кейін ғана адамдардың қызығушылығы арта бастады. Кей театрлардың репертуарларында не касса жинамайтын, не көрерменге ой тастамайтын мән-мағынасыз спектакльдер көп. Әр театрдың өз талғамы, әр режиссердің азаматтық позициясы болады. Сондықтан театрдың деңгейі осыған байланысты.Режиссурадан сабақ беретін педагог жоқ
– Шыны керек, қыруар қаржыға шетелден жиі театр режиссерларын шақырамыз. Алайда «отандық режиссерлар өзге елге барып қойылым қойды» дегенді естімедік. Өнер академияларында жыл сайын театр режиссерлары мамандарын дайындасақ та, ішінен суырылып шығып жатқандары аз. Болашақ театр режиссерларын қалай дайындауымыз керек? – Бізге ең бірінші театр режиссерларын дайындайтын педагогтар жетіспейді. Шетелдік режиссерларды шақырсақ та оларды таңдап, талғап шақыруымыз керек. Әйтеуір шетелден деп, білім деңгейі қазақтың режиссерларынан аспайтындарды да шақырып жатамыз. Бізге шетелден мықты, пайдалы режиссер-педагогтарды шақыру керек. Сонда олардың жанында жүріп біз де үйренеміз. Қазір елімізде актерлар көп дайындалып, ал режиссерлар аз шығып жатыр. Себебі режиссурадан сабақ беретін педагог жоқ. Бұл үлкен проблема. Біздің режиссерлар шетелге шығып оқуы керек. Ал әлемдік деңгейдегі мықты режиссерлар біздің елімізге келіп сабақ өтуі қажет. Солай тәжірибе алмаспасақ, театрға шетелдік режиссер шақыру пайдасыз. Біз қазір осы бағытта әрекет етіп жатырмыз. Мен шетелшіл емеспін. Бірақ режиссураға келгенде Литваның, Мәскеудің, Польшаның, Германияның режиссерлық мектептерінен үйренетініміз көп. Солардың білімін Қазақстанға әкелуіміз керек. Ж.Хаджиев, М.Байсеркенов, Б.Атабаев сияқты мықты режиссерлар дүниеден өтіп кетті. Режиссерлық мектептің әлсіреуіне осы мәселе де әсер етіп тұр. Бірақ бұл олқылықтың орнын толтыруға болады. Әртүрлі жолдары бар. Біз қазір мемлекет тарапынан арнайы грант бөліп ғалымдарды шетелдік тәжірибе алуға жіберіп жатырмыз. Осы сияқты таланты бар, жағдай жетпей жүрген режиссерларды шетелге тәжірибе алмасуға жіберу керек. Өйткені 5 режиссер сырттан оқып келсе, 5 жылдан кейін ол үлкен күшке айналады. Сондықтан қазір кеш болмай тұрғанда, ұлттық деңгейде осы мәселемен айналысуымыз қажет.