Жігерін жалынға шарпытпай...
Жігерін жалынға шарпытпай...
480
оқылды
Жуырда елордадағы тұрғын үй кешенінде өрт шығып, қою түтіннен пәтердің балконына тығылған жасөспірімді екі өрт сөндіруші аман-есен алып шыққан еді. №6 ма­ман­дандырылған өрт сөндіру бөлімшесінде жұмыс істейтін Жалғас Жауынбай мен Дамир Төлегенов мұндай төтенше оқиға кезіндегі өздерінің іс-әрекетін ешқандай да ба­тырлық емес, жай ғана кәсіби міндет деп санайды.

«Сенім қуатты еселейді»

17 тамызға қараған түні сағат 00:20 шамасында Нұр-Сұлтан­дағы «АСИ» тұрғын үй кешенінде өрт шықты деген хабар түсе са­лысымен, №6 мамандандырыл­ған өрт сөндіру бөлімшесінің ма­мандары оқиға орнына тез жетеді.
– Пәтерде екі ағайынды жас­өспірім болған, өрт шыққанда үлкені сыртқа шығып үлгергені­мен, кішісі іште қалып қойған. Інісін құтқармақ болған ағасы қою түтіннен ішке өте алмаған. Бө­лімше командирі Жалғас Жауын­бай екеуіміз пәтерге кір­сек, жасөспірім терезе жаққа ты­­ғылып қалыпты. Әл-дәрмені құрыған. Дереу құтқару маска­сын кигізіп, таза ауаға алып шық­­тық, – дейді сол күнгі екін­ші ауысымның қарауыл бастығы Дамир Төлегенов.
Біз мұндай төтенше оқиғалар жайлы ілуде бір естігенімізбен, өрт сөндірушілер ондай жағдай­мен күн сайын дерлік ұшыра­сады. Содан да болар, қандай қор­қынышты апат болғанымен, сал­қынқандылық танытып, еп­пен қимылдауға еттері үйренген.
– Ондайда қорқып тұруға уа­қыт болмайды. Жұрттың сені күткені, саған сенгені бойың­да­ғы күш-қуатты он еселеп жі­береді. Қысылтаяң шақта бір жағынан, сол үлкен сенімнің, екінші жағынан, ағзаңда мөл­шері күрт артқан адреналиннің арқасы болар, шалт қимылдап, нендей кедергі болса да еңсеріп әкетесің, – деп ағынан ақ­та­рыл­ды бөлімше командирі Жалғас Жауынбай.

Бір минуттық әзірлік

Бұл бөлімшеде бас-аяғы 120 шақты қызметкер бар. Елор­даның Сығанақ, Мәңгілік ел, Ұлы Дала көшелерінен бас­талып, мына қиыры Қабанбай батыр және Жұбан Молдағалиев көшелеріне дейінгі аумақта ор­наласқан ғимараттарда өрт шыға қалса, оны сөндіруге осы бө­лімше мамандары жұмылды­ры­лады. Қандай нысан отқа оранса да, мұндағылар оны тез арада өшірудің тетігін беске біледі. Өйткені қолдарында әр нысан­ның жедел жоспары бар.
– Жедел жоспардың ішінде нысанның нақты мекенжайы, байланыс телефоны, ішіндегі адам саны, ғимаратты салуда қолданылған құрылыс материа­лы, неден салынғаны, жертөле жолдары, кіру есігі, айналасын­дағы гидранттар сияқты ең өзек­ті ақпараттар көрсетілген. Сол нысанға жетудің ең төте әдісін, жолға жұмсалатын уақытты, өрттің өршуіне байланысты са­тылай қолданылатын тәсілдерді де осы жоспарда кесіп-пішіп қоя­мыз. Жоспардың бәрі дис­петчердің кабинетінде сақтала­ды. Дабыл түскен сәтте жина­лып, оқиға орнына барамыз, – дейді Дамир Төлегенов.
Әр ауысымның жұмысы таң­ғы сегізде басталып, бір тәулікке жалғасады. Өрт туралы дабыл қағылған секундта мамандар құрал-сайманын сайлап, ат­та­нып кетуге дайын тұрады. «101» телефон нөміріне хабарласқан тұрғындардың 90 пайызы стрес­тік жағдайда болады екен: яғни, жылап жатуы мүмкін немесе абдырап, қорыққанынан тұты­ғып қалуы да ғажап емес. Дис­пет­черлердің міндеті – хабарлас­қан адам­нан өртеніп жатқан үйдің ме­кен­жайын, биіктігін, ішінде адам бар-жоғын және телефон нөмірін қалайда сұрап білу. Те­ле­фон нөмірі сол кісімен кері бай­ланыс орнату үшін қажет. Бұл нәрселердің бәрін нақтылап алу үшін диспетчерге бір-ақ ми­нут беріледі. Тұтқаны қойған соң ол рациямен бө­лімшеге бұй­рық жібереді. Бұй­рықты ес­ті­ген өрт сөн­діру­шілерде де құ­рал-сайманын әзірлеп, көлікке оты­рына бір-ақ минут уақыт бар. Жалғас Жауынбай пен Дамир Төлегенов

«Төтеншеліктерге» тосқауыл

Кейбір адамдар өрт сөндіру­шілерді дер кезінде жетіп үл­гер­мегені үшін жазғырып жатады. Мұның себебі кептелісте деп ойлаушы едік. Сөйтсек, кептеліс өрт сөндірушілерге анау ай­тар­лықтай кедергі емес екен. Жедел қызмет түрі болғандықтан, олар­­ға көбі жол береді. Тіпті бағ­­дар­шам­ның қызыл көзіне өтіп ке­туге де рұқсат. Мәселенің көкесі діттеген орынға жеткен шақта басталады. Кей мекеме өкілдері керексіз тұстан шлаг­баум қойып, кіреберісті бетон­мен бекітіп тас­тайды. Енді бір тұрғындар кө­лік­терін тура есік аузына не гидрант­тардың үстіне қаңтарып, өрт сөн­діруші маши­наның емін-ер­кін кіруіне, су тасуына қиындық туғызады. Өрт сөндіру барысында бірінші көліктегі су түгесілмей тұрып, екін­ші көліктегілер жа­қын маң­дағы гидрантты тауып, су жет­кізуі тиіс. Гидрантты бөгеп тұр­ған машинаның иесіне хабар­лас­қанша мамандар біраз уақыт жоғалтады. Өрт сөндірушілерге қойылар талап қатаң. Қызметке кіріспес бұрын талапкерлер норматив тапсырып, психологиялық тест сынды сынақтардан сүрінбеуі керек. Ал ауысымға түсетін әрбір құрамды бөлімше дәрігері күн сайын бақылап, қадағалайды. Әрбір ісі ерлікпен пара-пар осынау мамандық иелерінің өз араларында «Жеңдерің құрғақ болсын» деген әдемі тілек бар екен. Онысы «өрт болмасын», «су шашатындай себеп бол­масын» дегендері болса керек. Бас қаланың батыл қызметкер­лерімен қоштасып тұрып, біз де соны тіледік.

Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ