Өтініштер жерде қалмайды
Өтініштер жерде қалмайды
284
оқылды
«AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының қоғамдық қабылдауына келушілер саны соңғы 7 айда 5 549 адамды құрап, өтініштердің 58%-ы оң шешілген. Партияның өңірдегі аумақтық фи­лиалдарына келушілер арасында жеке басының шаруасынан гөрі қоғамдық проблемаларға көңіл қоятындар көбей­генін байқауға болады. Мәселен, Атбасар ауданының Новосельское ауылы тұрғыны Татьяна Сафонова ауылда фельдшерлік-аку­шерлік пункттің құрылысы қажеттігін алға тартып, бұл сұрақты алға жылжыту­да партиядан қолдау сұрады. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, медициналық нысанның құрылысына биыл 126 млн теңге бөлін­ген. Мердігері де анықталды. Ал екі жылға жоспарланған жобаның жалпы құны – 159 млн теңге. Бүгінде іргетасы қаланып, қабырғасын көтеру жұмыста­ры жүзеге асырылуда. Сөйтіп, фельд­шерлік-акушерлік пунктті 2023 жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Ақкөл ауданы Урюпинка ауылының тұрғындары қабылдау барысында хоккей кордын жөндеуден өткізу мә­селесін көтерген болатын. Тұр­ғын­дардың өтініші қабылданып, облыстық бюджеттен бұл мақсатқа 15 млн теңге бөлінді. Бүгінде серіктестікпен 9 750 000 теңгеге келісімшарт жасалды. Жұмыстар 90%-ға аяқталып та қалды. Ал Бұланды ауданының Вознесенка ауылы тұрғындары ауылда жастардың салауатты өмір салтын ұстанып, спорт­пен шұғылдануы үшін жағдай жасал­ма­ға­нын айтқан болатын. Биыл облыстық бюджеттен спорт алаңы құрылысына 14 млн 896 мың теңге сомасында қаржы бө­лінді. Ауылдықтар сондай-ақ елді ме­кен­дегі ескі, жартылай бұзылған ғима­раттар мен үйілген қоқыстың ауылдың көркін бұзып тұрғанын айтып, шағым­данған. Бұл мәселе де назарға алынып, құлағалы тұрған ескі клуб пен совхоз кезіндегі монша сырылып, қалдықтарын шығаруға 3 млн теңге қарастырылды. Жалпы, осындай көшпелі қа­былдаулар нәтижесінде 114 өтініш оң шешімін тапты. 156-сы бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп, 39-ы қаралуда.

Азат ҚАЗАҚ