Жас ақындар аламаны
Жас ақындар аламаны
731
оқылды
Үшінші мегаполис маңындағы «Балдәурен» демалыс аймағында жас ақындар арасындағы республикалық «Күміс домбыра» айтысы мен «Күміс қалам» республикалық поэтикалық байқауы мәресіне жетті. Жыр додасы биыл қазақтың ұлы ағартушысы Абай күніне орайластырылған. Өнер сайысын Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бастаған көрермендер тамашалады. Өнер сайысы биыл екінші рет Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасына қарасты жастар ресурстық орталығы және Қаратау дәстүрлі өнер мектебінің ұйымдастыруымен өтті. Жыр додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 16 ақын мен 16 айтыскер қатысты. Алдымен іріктеу кезеңінен сүрінбей өткен талантты жастардың өнерін елімізге танымал ақын Бекарыс Шойбеков бастаған әділқазылар алқасы бағалады. Әділқазылар құрамында белгілі айтыскер ақын Бауыржан Халиолла, Шымкенттегі өнер мектебінің директоры Маржан Есжанова, «Алтын домбыра» жүлдесінің үш дүркін иегері Мұхтар Ниязов, Шымкенттегі Әл-Фараби атындағы кітапхананың директоры Анар Жаппарқұлова болды.
– Былтыр Шымкент қаласында өткен «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» байқаулары биыл Төлеби ауданында, табиғат аясында ұйымдастырылды. Қатысқан барлық ақындарға алғыс айтамыз. Қазақтың төл өнері айтыс – әр ұлтқа бұйырмаған өнер. Біздің дана халқымыз әрдайым аталы сөзге тоқтаған, уәжге жүгінген. Қиыннан қиыстырып, сөз табу, таңды таңға ұрып, жырлау – қазақтың бойында ежелден келе жатқан дәстүр. Қазаққа қанмен берілген айтыс өнері жасай берсін! Жыр мүшәйрасын ұйымдастыруға атсалысқан барлық жандарға алғыс айтамыз, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Айтыс нәтижесі бойынша түркістандық Даниял Болысбек бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпазға күміспен қапталған домбыра табыс етілді. Бірінші орынды Алматы қаласынан келген Айым Асылбекқызы алды. Ал екі екінші орынды Қызылордадан келген Нұрахмет Мансұров және Түркістан облысының саңлағы Аян Ниязбек ұтып алса, екі үшінші орынды шымкенттік жас ақындар Нұрғали Әнапия мен Жандос Мырзабеков қанжығаға байлады. Ал «Күміс қалам – 2022» поэтикалық дуэлінің бас жүлдесін шымкенттік жазба ақын Арайлым Мұратәлиева жеңіп алды. «Есенғали Раушанов» атындағы арнайы жүлдені қостанайлық Дәулет Жадырасын иеленді. «Әбілда Аймақ» атындағы жүлде Ақбота Бейбітбекке (Шымкент қаласы), «Тынышбек Рахым» атындағы сыйлық Аружан Оралбайға (Жезқазған қаласы) бұйырды. Сонымен қатар, «Тоқаш Бердияров» жүлдесін Ақжол Түменбай (Қызылорда облысы) еншіледі.
– Байқау үш кезең бойынша өтті. Бірінші турда ақындар Шымкентке, оңтүстік өңірге арнаған өлеңдерін оқыды. Кейін екінші кезеңде жеребе арқылы екі ақын поэтикалық дуэльге шықты. Осыдан іріктелген 6 ақын финалға жолдама алды. Дуэльдің бір ерекшелігі – мұнда өлеңнің әдемі болуымен қатар, оны нақышына келтіре жеткізу, сахна мәдениеті сияқты өнерпаздың қырлары ескеріледі. Сонымен бірге, қарсыласың оқыған өлең тақырыбына сай, оған сол төңіректегі өзіңнің шығармаңмен жауап беруің керек. Байқау осындай ережелері арқылы жас қаламгерлердің жаңа мүмкіндіктерін аша білді деп ойлаймын, – деді байқау жүлдегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Дәулет Жадырасын.
Қалам ұстаған жастардың туындыларына ақын Қалқаман Сарин, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы және Жазушылар одағының мүшесі Бақытжан Алдияр жоғары баға берді. Айта кетейік, «Күміс қалам» және «Күміс домбыра» сайысы республикалық «Алтын қалам» және «Алтын домбыра» жыр додасына қатысатын аға буын ақындардың ізбасарларын дайындау мақсатында қолға алынған. Жас ақындар, жыр сайысынан бөлек, белгілі өнер иелерімен жүздесіп, шеберлік сағаттарына да қатысты.