Киікке тағы шүйлікті
Киікке тағы шүйлікті
© коллаж: Қуаныш Сапарбай
760
оқылды
Соңғы кездері Экология министрлігі үшін елдегі киіктің көбейгені бас ауыртар мәселеге айналды. Ве­домство қайткен күнде де бөкендердің санын азайтуға мүдделі отыр. Алғашқыда шаруаларға зиян тигізген соң 80 мың киікті ату жоспарланған, кейін асығыс шешім сынға қалып, тоқтатылды. Енді ми­нистрлік киікті ақылы аңшылық нысанына айналдырмақ. Яғни, «ақ­шасын бер де, ата бер» қағидасы алға шықты. Кезекті жоспар тағы сынға қалмай ма, бұл жайында экологтер не ойлайды? Ақылы аңшылықтың араны ашылмақ Биыл Батыс Қазақстан облы­сындағы шаруалар «киік шаруа­мызға зиянын тигізді» деп көп ша­ғым айтқанын білеміз. Кейін үлкен дау болғаны есте. Маусымда «Ашық үкімет» сайтында заңға түзету енгізу туралы құжат жобасы жарияланды. Құжатта Экология министрлігі киік атуға рұқсат етуді ұсынатыны жазылған болатын. Осылайша, маусымның соңында Экология министрлігі киік санын реттеу туралы шешім қабылдағаны белгілі болды. Ведомство басшысы Серікқали Брекешев Орал дала­сындағы киіктің 10 пайызын атуға рұқсат берілетінін мәлімдеген. Яғни, 80 мыңын ату жоспарланды. Жауаптылар бұл әрекетті «попу­ляцияны сақтау және арттыру» деген. Артынша Батыс Қазақстан облысы әкімдігі киік етін өңдеп, консерві шығару мәселесін көтерді. Тіпті, аймақтағы кей аудан әкімдері «ет комбинаттары дайын» дегендей айтып қалды. Экологтар мен елдің қарсылығына қарамастан Эколо­гия министрлігі шаруаға белсене кіріскені келген еді. Ақыры шілде­нің ортасында Серікқали Брекешев оғаш жоспары үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев­тан сөгіс алып тынды. Дегенмен министрдің келеңсіз ісі мұнымен біткен жоқ. Сөгіс алған соң көп ұза­май Экология министрі Үкімет­тен бөкендерді зерттеуге қаржы сұрады. Ақыры таяуда Экология министрлігі 2023 жылдан бастап киікті ақылы аңшылық нысанына айналдыру мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл жөнінде 23 тамызда баспасөзге сұхбат бер­ген Экология министрі Серікқали Брекешев айтқан. – Киіктің «Қызыл кітапта» ен­гізілген жануар емес екенін бұған дейін айтқанбыз. Қазақстанда киік аулауға 2023 жылдың 1 қаңтарына дейін тыйым салынған. Бұл мәселе қазір қаралып жатыр, қазан айы­ның соңына дейін шешім қабыл­даймыз, – деді министр. Бұған дейін «Киікті ату» туралы «асығыс шешімінен» кейін Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаевтан сөгіс алған Экология министрі «ақы­лы аңшылық алдында» өзге жолдарды да іздеп, киіктерді басқа өңірлерге көшіру мәселесін қа­растырғанын айтты. – Өкінішке қарай, ғылыми ізденістер бұл тәсілдің тиімсіз еке­нін көрсетті. Басқа жаққа айдаған кезде киіктер қырылып қалуы да, жаңа жерді жерсінбей бұрынғы ор­нына қайта келуі де мүмкін. Сон­дықтан бұл мәселені доғардық, – деп түйіндеді министр. Сонымен, «ақылы аңшылық» жайына қайта оралайық. Әзірге жоспар егжей-тегжейлі сараланып, нақтысы айтылмады. Бір киікті ату құны қанша тұрады, бұл істі бақы­лау қай мекеменің құзырына бе­рілмек? Осы сауалдарға әлі жауап жоқ. Киікке квота бөлу керек пе? Жалпы, Қазақстанда киіктің үш тұқымдасы бар екені көпке мәлім. Бетпақдала, Үстірт және Орал тұқымдастары бар. Кейінгі жылдары аталған үш тұқымдас та көбейген. Әсіресе шаруалары шу­лаған Батыс Қазақстан облысында қарқынды өсті. Экология министр­лігінің мәліметіне қарағанда, бұл облыстың үш ауданын мекендейтін киіктер кейінгі екі жылда екі еседен астам көбейіп, 334 мыңнан 842 мыңға дейін жетіпті. Шынында саны бұдан әлдеқайда көп болуы мүмкін. Бейресми дереккөздерде Орал популяциясына қарасты киіктердің биыл төлдеп, 1 мил­лион­нан асқаны айтылады. Ша­масы, министр Брекешевтің ал­дың­ғы «киікті қыру» жоспарынан гөрі, ақылы аңшылық нысанына айналдыру ойы экологтердің кө­ңіліне қонса керек. Әйткенмен, тағы бір шикіліктің шеті аңғары­лады. Эколог Әділбек Қозыба­қов­тың айтуынша, Экология ми­нистрлігі киіктерді аңшылық ны­санына айналдыру ісін «Охот­зоопром» жануарларды қорғау комитетіне тапсыруы мүмкін. Ал бұл қадам өз кезегінде мемлекеттік монополияның орнауына әкеледі. Соның кесірінен қателік көп шы­ғуы мүмкін екен. – Киіктерді ақылы аңшылық нысанына айналдырып, санына байланысты квота белгіленгенін құптаймын. Орал мен Бетпақдала популяциясы біршама көбейді. Әсіресе Орал популяциясы 2 есе артқан. Бірақ ақылы аңшылық жа­сауда монополия жасамау керек. Бәрі бір қалтаға түспегені жөн. Бұл істі бәсекелестік ортаға беріп, аң­шылық шаруашылықтарға тапсыр­ған абзал. Олар өздері үшін киікті қорғап, табысы ортаймас үшін киік санының азаймағанына мүдделі болар еді. Егер ауыл тұрғындары аңшылық шаруашылық құрамыз десе, қолдау көрсеткен дұрыс. Көп ресурс кетпейді, киік мекендейтін аймақтарға жақын, ауыл халқы бәрін ұйымдастыра алар еді. Ал Экология министрлігі не істегелі отыр? Естуімше, ведомство мем­лекеттік монополияны қолдап, ақылы аңщылық ісін «Охотзо­опром­ға» ғана бергісі келіп отыр, – дейді сарапшы. Қозыбақовтың айтуынша, алғашқыда квота киік санының 20-30 пайызына сәйкес бөлінгені абзал. Саны азая бастаған соң 10-15 пайызға түсірген жөн. Дегенмен маман бұл істі бастау үшін әуелі ауқымды зерттеу жүргізіліп, биоло­гиялық негіздеме жасалу керегін айтады. Айтпақшы, бұдан бұрын эколог Сәкен Ділдахмет бізге киік саны 2-3 миллионға жетсе, санын реттеуге қарсы келмейтінін айтқан еді. Оның ойынша, киік атуға енгізілген мораторий 2025 жылға дейін ұзартылуы тиіс. Ал Үкімет бұл аралықта киік мүйізін сату, етін өңдеуге қатысты проблемаларды шешіп алған жөн. Әйтсе де салаға жауапты ми­нистрлік мораторийді 2023 жылдан әрі созғысы келмейтінін аңғартып жүр. Сондықтан ведомство қандай жолды қолданса да, киік санын реттеуді келесі жылдан бастайтын тәрізді. Жауаптылардың дәл осы киікке не себепті «өшіге» қалғаны бізге беймәлім. Бір жағынан жос­пардың астарында аңшылықты жаны сүйетін қалталылардың мүд­десі жатқан жоқ па деген ой алаң­датады. Дегенмен жүйелі ұйым­дас­тыра білсе, ақылы аңшылықтың да тигізер пайдасы мол болуы мүм­кін. Мұның бәрі алдағы уа­қыт­та ауқым­ды талқылауға түсетіні анық.