Жер дауы жиіледі
Жер дауы жиіледі
483
оқылды
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекет мұқтаждығы үшін жер телімдерін қайтару жұмысын уақытылы аяқтамай отыр. Қала тұрғыны Роман Хлистунов өзіне тиесілі жерді мемлекет мұқтаждығы үшін сатып алу үрдісі бір жылдан астам уақыттан бері жүргізіліп жатқанын айтып шағымдануда. Әрі тартып алынған басқа мүлкі үшін құны әлдеқайда арзан жер телімі берілгеніне наразы. Петропавл қаласының тұрғыны Роман Хлистунов құжат бойынша Аяған Шәжімбаев көшесінің бойын­дағы 0,0965 жер телімінің иесі болып табылады. Бұл жер нысаналы мақса­ты бойынша тұрғын үй мен гаражға арналған. Былтыр сәуір айында оның жері мемлекет мұқтаждығы үшін қажет болып қалыпты. Көшені кеңейту және жаңа спорт кешенін салуға оның үйі бөгет жасаған кө­рінеді. Сөйтіп, 2021 жылы 14 сәуірде Петропавл қаласы әкімдігінің қау­лысы шығып, жер телімі мен ондағы орналасқан үйді мәжбүрлі сатып алу үрдісі басталыпты. Бірақ қожайыны жылжымайтын мүлікті бағалау қо­рытындысымен келіспеген. Роман Александрович бұл туралы жергілікті атқарушы органға тиісті хат та жол­дапты. Онда келісімшартқа қатысты ұсыныстарын да жазған. «Мемле­кет­тік мүлік туралы» заңның 65-бабына сәйкес меншік иесі жер телімін мем­лекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын алған күннен бастап жиырма күн ішінде жергілікті атқарушы органға тиісті өтініш беру арқылы шарт жобасымен келісетінін не келіспейтінін жазбаша түрде білдіруі тиіс. Ал шарт жобасына ұсы­ныстар болған жағдайда, меншік иесі келісім рәсімдеріне бастамашылық жасауы да мүмкін.
Атқарушы билік ұзақ уақыт бойы «үндемес» ойнап отырғандықтан, Роман Хлистунов заңның осы бабын басшылыққа алып, 2021 жылдың желтоқсанында Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашы­лық, жолаушылар көлігі және авто­мобиль жолдары бөліміне келісім рәсімдері туралы өтініш жазып, өз мәселесінің келісу комиссиясында қа­ралғанын сұрайды. Бұл хатына ол әкімдіктен «мүлікті сатып алу үшін қа­ражат жоқ» деген жауап алыпты. Хатта «Қаржы түскен соң тиісті са­тып алу рәсімдері басталады» делінген. Алайда мүлік иесі мұны заңға қайшы деп санайды. «Мемлекеттік мүлік туралы» заңға сәйкес мәжбүрлі сатып алу рәсімі басталмас бұрын жергілікті атқарушы орган бұл жұ­мыстың аяқталу мерзімі көрсетілген қаулы қабылдауы тиіс болатын. Заңда: «Жергілікті атқарушы орган тиісті жергілікті өкілді органға жер телімін мемлекет мұқтажы үшін ие­ліктен шығару туралы шарт жобасын меншік иесінен немесе мемлекеттік емес жер пайдаланушыдан шарт жо­басымен келісетіні туралы жазбаша өтініш алған кезден бастап бір ай ішінде ұсынады. Жер телімін мем­лекет мұқтажы үшін иеліктен шығару туралы шарт жобасын жергілікті өкілді органның тұрақты комиссиясы ол енгізілген кезден бастап екі апта мерзімнен кешіктірмей, меншік ие­сін және иеліктен шығарылатын мү­лікке қатысты құқықтары тоқта­ты­латын немесе шектелетін тұлға­ларды міндетті түрде шақыра отырып қарайды», – деп жазылған. «Осылайша, шын мәнісінде 14 сәуірде басталған мәжбүрлі сатып алу шаруасы биліктің жауабы бо­йынша желтоқсанда да басталмаған болып отыр. Ендеше менің мүлкіме жасалған ауыртпалық та заңсыз. Бүгінде жер телімін және онда ор­наласқан үйді сатып алу рәсімі аяқталмаған әрі жергілікті атқарушы орган оны аяқтау үшін шырпы басын сындырмай отыр. Ал менің мүлкіме ауыртпалық тіркелгелі бір жылдан асты. Шенеуніктердің мұндай әре­кетсіздігі менің құқығымды бұзуда. Мен меншік иесі ретінде өз мүлкіме иелік ете алмаймын: сатуға да, айыр­бастауға да құқығым жоқ, не жөндеу жүргізе алмаймын», – деп налиды меншік иесі.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөліміндегілер дәл қазір Хлис­туновтың мүлкін сатып алу орынсыз деп санайтындарын айтыпты. Де­генмен тіркелген ауыртпалықтар алынып тасталмаған. Роман Хлистунов өз құқықтары бұзылғанын айтып, қала әкімі орын­басарының қабылдауына кірмекші болған екен. 13 маусымда қабылдауға жазылып, 28 маусым күнгі тізімге енгізілгені туралы жауап алғанымен, оның өтінішін ескерген адам жоқ. Бір қызығы eOtinish порталында оның электронды өтініші орындал­ғаны туралы жазба бар. Ал шын мә­нісінде өзі сол кезде жұмыс бабымен Алматы қаласында болғанын, сол күні қала әкімі орынбасарының қа­былдауына келмегенін айтады. Барар жер, басар тауы қалмаған мүлік иесі «AMANAT» партиясына жүгінді. Ол қала әкімі орынбаса­ры­ның қабылдауына да партияның көмегімен ғана кіре алғанын айтады. Жергілікті шенеуніктерден ол Аяған Шәжімбаев көшесіндегі жер телі­мінен ауыртпалықтарды алып тас­тап, жаңа құрылысқа рұқсат беруін сұраған. Әкімнің орынбасары мәсе­лесі қарастырылатынын айтып шы­ғарып салғанымен, «баяғы жартас – бір жартас». Одан бері 16 күн өтсе де, ешқандай әрекет жоқ.
Петропавл қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөліміндегілер «Мемлекеттік мүлік туралы» заңның 62-ші бабын басшылыққа алып отырғандарын айтады. Осыны басшылыққа алған әкімдік оған басқа жер телімін бер­генін алға тартып отыр. Бірақ Роман Хлистуновтың айтуынша, бұл оған мүлдем басқа мүлкі үшін берілген. Сөйтсек, оның Мағжан Жұмабаев көшесінің бойындағы дүкенінің жері де мемлекет мұқтаждығы үшін тар­тып алынған екен. Соның орнына оған басқа көшеден жер берілген. «Бөлінген жер бірнеше жыл бойы иесіз жатқан, саз-балшық, белшеден батпақ, көшенің бойында орналас­паған. Мен оларға тап-таза, асфальт­талған, күтілген жер бердім ғой. Екі жер телімінің құны бірдей емес. Ен­деше бағасындағы айырмашы­лықты төлесін», – дейді Роман Хлистунов.
Сондай-ақ ол көршісінің жеріне қатысты да мәселені шешумен айна­лысып жүр. Роман көршісінің 350 шаршы метрлік коттеджін жүз мил­лион теңгеге сатып алған әкімдіктің әрекетінде сыбайлас жемқорлық тәуекелі бар деп есептейді. Оның мәселесі республикалық «Жер аманаты» комиссиясының Солтүстік Қазақстан облысына са­пары барысында да қаралды. Қоғам­дық қабылдау бөлмесі де осы жайтты бақылауда ұстап отыр. Роман Хлис­тунов Петропавл қаласы әкімдігінің, соның ішінде қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолау­шылар көлігі және автомобиль жол­дары бөлімінің лауазымды тұл­ға­ларына шара қолдануды, атап айт­қанда, мүлкін мәжбүрлі сатып алу рәсімін аяқтауға қолғабыс етуді және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері туралы мәселе көтеруді сұрайды. Бұдан соң мәселесі оң шешімін таппаса, Роман Хлистунов Бас про­куратура мен сотқа жүгінбек ниетте.

Солтүстік Қазақстан облысы