Адымы қысқа автонесие
Адымы қысқа автонесие
454
оқылды
Биыл басталған жеңілдетілген автонесие бағдарламасы жоспардағыдай іске асып жатпағанға ұқсайды. Бағдарламаға бөлінген 100 млрд теңге сарқылуға таяды. Ал көлікті болып, көңілі көншіген жандар көп емес тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, істің кем тұсы жетерлік. Сондықтан бағдарламаны сәтті деп бағалай алмаймыз. Не себепті? Толықтай жіктеп көрелік. Ресми дерек бойынша, же­ңілдетілген автонесие бағдарла­масымен көлік сатып алуға 31 мың­нан астам өтініш қабылданып, оның 12 483-і мақұлданған. 10 015 автокөлік беріліпті. Шамамен 2 апта уақыт бұрын Индустриялық даму қоры жеңілдетілген автонесие бағдарламасы аясында Еуразиялық банкке соңғы 10 млрд теңге лимитті бөлді. Яғни, бағдарламаға деп қарастырылған 100 млрд теңге таусылды. Еуразиялық банк – 35 млрд, Банк ЦентрКредит – 27,5 млрд, Қазақстан Халық Банкі – 22,5 млрд, Forte Bank 15 млрд тең­гесін алды. Алған қаражатты ха­лыққа 4 пайызбен көлік алуға берді. Иә, көлікті болғандар же­терлік, алайда автонесие арқылы темір тұлпар мінгендердің саны 10 мыңнан асқаны жөніндегі ақ­паратқа күмән көп. Еуразиялық банк соңғы 10 мил­лиардты енші­ле­генде тек Hyundai брендінің кө­ліктерін алуға бола­тынын мә­лім­деді. Өйткені 100 миллиард теңге екі көлік өндіруші компанияға тең­дей бөлінген. Алдымен «СарыарқаАвтоПром»-ға, кейін Hyundai Trans Kazakhstan-ға берілді. Шынын айтқанда, екі ұжым да өздері алған міндетке сай кө­ліктерді әзірлеп үлгерген жоқ. Ақы­ры автокөлік тапшылығы тө­ңірегіндегі тақырып шықты. Былығы батпан іс Бір жағынан елдегі дүмпуді басу сияқты көрінген бағдарла­маның тым асығыс басталғаны аңғарылады. Көлік өндірушілердің Үкіметке беретін есебіне күмәнмен қараушылар көп екенін жеткіздік. Осыған дейін кезегі жылжыма­ғанына өкпелі жұрт көп еді. Таяуда қоғам белсендісі Диас Нұрақын Hyundai маркалы көлікті салоннан жеңілдетілген несие арқылы алуға кезекке тұрғанын, банктің мақұл­дауын алса да, 5 айдан бері ком­пания темір тұлпарды әзірлемегенін айтып, шағымданды. Яғни, «жы­лына бірнеше мың көлік шы­ғарамыз» деп жарияға жар салған компаниялардың өтірігі әшкере болғандай. Мәселен, Диас Нұра­қынның кезегі 5 ай бұрын 416-шы болса, осы күні 109-ға ғана жыл­жыған екен. Оның үстіне, «көлік жоқ» дейтін автосалондар мен банктер соңғы кездері 20 пайыздық автонесиелерді ұсынатынды шы­ғарған. Демек, қайткен күнде де бағдарламаның іске асуында бы­лықтың бары анық. Сөйтсек, Hyundai Trans Kazakhstan-ның жағдайы да мәз емес екен. Жақында елдегі зауыт сұранысқа ие Hyundai Accent пен Hyundai Creta модельдерін шыға­руды уақытша тоқтатқаны хабар­ланды. Бұрынғы дағдымыз бо­йынша тағы Ресейдің кесірінен саланың салы суға кетіпті. Украи­намен шиеленіскелі бері Ресейден жабдықтар жеткізілмейтін болған. Кәсіпорын бұған дейін қорда қалған жабдықтарды пайдаланып жұмыс істеген екен. Ал Қазақстан автобизнес қауымдастығы елге басу айтып әлек. Қауымдастық көлік көбін алға тартады. Осындай түсініксіз жайлар бар. Жұрт басқа көліктерге көз салайын десе, бағ­дарлама тек 10 млн теңгеге дейін несие береді. Басқа деп отырғаны­мыз – нарықта 13-14 млн теңге тұратын Elantra, Sonata (15-18 мил­лион теңге), Tucson (18-22 миллион теңге) маркалары. Артылған сома­ны сатып алушы табу керек. Бұдан кейін бағ­дарламаның тиімділігі жөнінде айту қисынсыз. Айтпақ­шы, авто­өндірушілер енді жаңа көлік түрі мен бөлшектерді Тү­р­кия­дан тасы­малдамақ. Автоблогер Олжас Оқас­тың айтуынша, елі­мізде екі жаңа модель ұсынылады. Таяуда сертификаттаудан өткен Hyundai Bayon мен Hyundai i20. Creta мен Accent деңгейіндегі кө­ліктер. Әзір­ге бұл инсайд ақпарат. Сонымен, компания жаңа көлік түрін әкеліп, тапшылықтың орнын толтырмақ. Бірақ бағасы қалай бо­лары белгісіз. Әйтеуір, бір бағ­дар­ламаның қол­байлауы тыйылмады. Тиімсіз тұстары жетерлік Негізі, бағдарлама сарапшы­ларға әуелден ұнамаған. Несиеге көлік алу жұрт үшін тиімді емес. Өйткені көлік жүре бастаған күні­нен-ақ бағасын жоғалтады. Ал «отан­дық өнеркәсіп» деген атау алған, елде құрастырылып жатқан көліктерге жаппай сұраныс жоқ. Автомобиль саласы кәсіпорындары одағының ақпараты бойынша, еліміздің жолдарында жүрген 1 млн 200 мың (былтырғы дерек) көлікке 20 жылдан асып кеткен. 2015 жылы шыққанына 10 жылдан асқан автокөліктердің үлесі елде 59 па­йызды құраған. 2020 жылы 70 па­йыздан асты. Қазір одан әрі артқа­ны анық. Сонда елдегі 4 млн көлік­тің 3 млн-ға жуығы тозған болып саналады. Демек, 10 млн теңгеге жетпейтін бағадағы көліктерді жұрт несие арқылы алып жатқанда, ескі, есесіне арзандау көліктерге сұраныс әлі толастамайды. Содан кейін шетелден көлік тасымалдауға асығатындар көбейсе – заңдылық. Осынша ескі көліктердің саны ал­дағы уақытта да арта берері сөзсіз. Аталған бағдарлама іске аса бастағанда экономист Ғалым Құ­сайынов бізге жоспардың зияны көп болатынын ескерткен еді. Қа­раңыз, отандық автокөлік өнер­кәсібіне бөлінген қаражаттың 80 пайызы жинақтаушы бөлшектер мен оның материалдарын сатып алуға жұмсалады. Салдарынан ел­дің төлем қабілеті нашарлап, теңге бағамы қысымға түседі. Мысалы, 100 млрд теңгеге қаржы бөлінсе, оның 80 млрд теңгесі шетелге ке­теді. Маман сайып келгенде авто­несиенің басты мақсаты ӨКМ операторының ақшасын жұмсау болғанын айтты.
– Ең алдымен арзан несие ақ­шаның құнын кетіреді, біз нарық механизмін дамыту керек болған кезде бұрынғы әдістерге қайта оралдық. Инфляция 10 пайыздан асқанда 4 пайызбен несие беру – ақшаны теріс мөлшерлемемен не­сиелендіруді аңғартады. Мемле­кеттің басты мақсаты не? Халықты көлікпен қамтамасыз ету ме, әлде халықтың жайлы жүріп-тұруына жағдай жасау ма? Егер осы сұрақ­тарға жауап берсек, ӨКМ опера­торының ақшасын келесі нәрсе­лерге жіберген абзал. Олар – ауыл шаруашылығы техникасының ли­зингін қаржыландыру және тех­никасын локализациялау, қоғам­дық көлікке инвестиция ұлғайту, – дейді Құсайынов.
Яғни, жеңілдетілген авто­не­сиеден гөрі ауылшаруашылық техникасын алуға жеңілдетілген несие қарастырған абзал еді. Шаруалардың ескі техникамен есі шығып жүргенін білеміз. Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2021 жылғы дерегіне қарасақ, елі­міздегі ауыл шаруашылығы тех­ни­касының паркінде 147,7 мың трак­тор, 38,1 мың комбайн бар. Енді қараңыз, соның 80 пайызы тозған. Сондықтан шұғыл жаңарту мәсе­лесін қолға алмасқа болмай тұр. Бұл мәселені шаруалар Үкіметке де жеткізген болатын. Жауапсыз қалды. Шаруалардың айтуынша, отандық өндірістегі тракторларды, комбайндарды, аспалы және тір­кеме техниканы 15 пайыздық бас­тапқы жарнамен, жылдық үсте­меақысы 7 пайызбен лизингке беру үшін шамамен 30 млрд теңге қажет екен. Бірақ бұл бар болғаны 872 техниканы жаңартуға, жыл сайын­ғы шығындар мен жиналмай қа­латын егін көлемін қысқартуға мүмкіндік береді. Пайдалану мен жөндеудің тех­никалық шарттары бойынша тракторлар, комбайндар мен ауыл шаруашылығы саласындағы басқа да техникалар 15 жылдан кейін есептен шығарылуы тиіс. Бізде техникалардың тозбағаны жоқ. 2019 жылы қолданылған техника­ның 60 пайызының мерзімі өткені анықталған. Бірақ бәрі қолданыс­тан шығарылмады. Себебі орнын басар жаңа техника жоқ. Енді биыл, арада 3 жыл өтісімен бұл көрсеткіш 80 пайызға жетті. Алдағы 5 жылдықта тозған техника үлесі тіпті ұлғайып кетуі мүмкін. Бұл жайында бізге «Атамекен» ҰКП-ның Агроөнеркәсіп кешені және тағам өнеркәсібі департа­мен­тінің директоры Ербол Есенеев айтып берген еді. Оның ойынша, саланың құлдырауына әкелетін себеп көп.
– Ауыл шаруашылығы техни­ка­сының паркі ескірген соң са­ланың дамуы кенжелеп қалды. Еліміздегі жалпы техниканың 80 пайызы тозған. Барлық шаруаның техникасын жаңартуға шамасы жетпейді. Көптеген ұсақ фермер тіпті отандық ауыл шаруашылығы техникасын да сатып ала алмай жүр. Ал импорттық ауыл шаруа­шылығы техникасына енгізілген утильалымы мәселені одан сайын күрделендірді. Қазір фермерлер өнімділігі жоғары ауыл шаруа­шылығы техникасын сатып алған кезде оның құнына қосымша 7 миллион теңгеге дейін утильалым төлейді. Бұл аздай, 12 пайыз мөл­шерінде қосымша құн салығы бар. Мынадан кейін фермерлер мүлде техникасын жаңарта алмайды, – дейді маман.
Қорыта айтқанда, бағдарлама берекелі болмады. Иә, жаңа амал­дар қарастырылды, мысалы авто­несие алған азаматтар ай сайын төлем жасайды. Жиналған сома қайтадан 4 пайызбен кезекке тұр­ғандарға жеңілдетілген пайызбен берілуі қажет. Бұл бағдарлама қыр­күйектен бастап іске асады. Осын­дай жаңалық көп болғанымен, пайдасы аз секілді көрінеді.