Жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды
Жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды
360
оқылды
Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошановтың төрағалық етуімен Парламент Мәжілісінің VII ша­қырылымы III сессиясының алғашқы жалпы отырысы өтті. Күн тәртібіне кіріспес бұрын Палата Төрағасы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың халыққа жолдаған Жолдауының басым бағыт­тарына тоқталды.
«Жолдау бұрын басталған реформалардың логи­калық жалғасы болып табылады. Өте маңызды, елі­міздің болашақ дамуына, тағдырына қатысты ауқымды мәселелер көтерілді. Ең бастысы, Мемлекет бас­шы­сы Жолдауда алғаш рет бо­лашақ сайлау науқан­да­рының кестесін жариялап, еліміздің бүкіл саяси жүйесінің жаңарып-жаңғыруына жол ашып берді», – деді Е.Қошанов.
Мәжіліс Төрағасының пі­кірінше, Жолдауда айтқан бар­лық мәселе қоғам сұра­нысына сай келеді. Қазір қа­зақстандықтарды толған­ды­ратын ең басты мәселе – эко­номиканың дамуы, халықтың әл-ауқатын арттыру. Елді баға мен тарифтердің өсуі алаң­датып отыр. Президент Жол­дауда көптің көкейінде жүр­ген осы сұрақтарға нақты жауап берді. Ол «Азамат – бизнес – мемлекет» арасын­дағы қаты­нас­ты түбегейлі өзгертуді ұсынды. Сонымен қатар Палата Спикері ел Президенті Пар­ламент жұмысының негізгі бағыттарын айқын­дап берге­ніне баса назар аударды.
«Ағымдағы сессияда де­путаттар жұмыс істейтін заң жобаларының ерекше маңызы бар және оны қоғам да күтіп отыр. Сондықтан оларды қа­рау ке­зінде халықтың, аза­маттық қоғам өкілдері мен са­­рап­шылардың пікірі мей­лінше ескерілуге тиіс», – деді Е.Қошанов.
Жалпы отырыс барысында депутаттар бірқатар жаңа заң жобаларын жұмысқа алды. Олар: «Қа­зақстан Респуб­ли­касының Конституциялық Соты туралы», «Қазақстан Рес­публикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы», «Про­куратура тура­лы», «Қа­зақстан Республи­касының кейбір конститу­ция­лық заңдарына Мемлекет басшысының 2022 жылғы 16 наурыздағы Жол­дауын іске асыру мәселелері бо­йынша өз­герістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конс­титу­ция­лық заң жобалары, сондай-ақ «Қазақстан Рес­публикасы­ның кейбір заңнамалық ак­тілеріне Мемлекет басшысы­ның 2022 жылғы 16 наурыз­дағы Жолдауын іске асыру мәсе­лелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу ту­ралы» ілеспе заң жобасы. Сондай-ақ, жалпы отырыс барысында депутаттар рати­фикациялық заң жобаларын жұмысқа алды. Жалпы отырыста Палата Қазақстан Республи­касы Парламенті Мәжілісінің де­путаты ­Андр­ей Григорьевич Линниктің өкілеттігін мер­зімінен бұрын тоқтату туралы қаулы қабылдады.