Президент барлық жауапкершілікті сезінетінін көрсетті
Президент барлық жауапкершілікті сезінетінін көрсетті
Фото: yandex.kz
750
оқылды
Парламент палаталарының бірлес­кен отырысында Президент Қ.Тоқаев халыққа Жолдауын жариялады. Көп нәрсе айтылды. Елдің әлеуметтік-эко­номикалық жағдайына қатысты та­лайдан бері қордаланған проблемалар­ды шешу мәселесі басты назарға алынды. Күзде Президент сайлауын өткізу  туралы ұсынысы ешкім күтпеген, бірақ Әділетті Қазақстанды құру жолындағы аса маңызды шешім екені анық.  Қаңтар оқиғасынан бергі аралықта ендігі бағыт қалай болады деп бас қатырып жүргендерге анық та ашық әңгіме айтылды. «Еліміздегі саяси жаңғыру енді экономикалық өзгерістерге ұласуға тиіс. Мемлекет, ең алдымен, бәріне бірдей мүмкіндік беріп, әділдік орнатады. Қоғам игілігіне арналған қызмет деңгейі жоғары болуына кепілдік береді»,- деген тұжырымның түп-төркінінде Мемлекет басшысы өзі бастаған реформаларды түбегейлі жүзеге асыру үшін барлық жауапкершілікті мойнына алғанын аңғаруға болады. Жағдай өте күрделі. Елдің тұрмыс-тіршілігі қиындады. Қант бағасы бір көтерілді. Артынша жанар-жағармай тапшылығы сезіле бастады.  «Осының бәрі Үкіметтің нақты шешім қабылдауға келгенде өте баяу қимылдап, батыл қадам жасай алмауынан болып отыр. Мұндай жағдайға азаматтардың да көңілі толмайды. Әрине, бұл – орынды», – деп Президент Үкімет жұмысын сынға алды. Тәуелсіздік алғалы шикізатқа тәуелді болып келе жатырмыз. Экономиканың өзекті салаларын былай қойғанда жеңіл өнеркәсіп өркен жая алмай отыр. Соның салдарынан күні кеше мектеп формасына байланысты жұрт базар жағалап сандалып кетті. Көршілес Қырғыстан мен Өзбекстан еліміздің нарығын «жаулап алды» десек те болғандай... Мемлекет басшысы «Еңбек өнімділігі төмен, инновация жеткіліксіз. Ұлттық табыстың игілігін жұрттың бәрі бірдей көріп отырған жоқ», – деді. Еңбек өнімділігі қалай жоғары болады, егер жұрттың арасында мүлдем жұмыс істегісі келмейтіндер көп болса?!.Парламенттік каникул кезінде елді аралағанда 150-200 мың теңгенің жұмысын істеуге барғысы келмейтін азаматтардың да бар екенін көрдік. Біз озық 30 елдің қатарына қосылғымыз келеді. Ал солар әлемдегі басқа мемлекеттерден қалай озып кетті? Осы  туралы ойландық па? Алға кеткен елдің бәрінде бірінші кезекте темірдей тәртіп бар. Екіншіден, жұмыс істемеу, еңбек етпеу, дені сау, тепсе темір үзетін жастардың көрінгенге телміру, алақан жаю, күндіз-түні босқа жату деген нәрсе жоқ. «Мен пәленшенің малайы емеспін» деп адал еңбектен арланатындар да табылады. Менің ойымша, біз еңбекке деген көзқарасты түбірімен өзгертуге тиіспіз. Жұмыссыз, әрекетсіз жату дегенді болдырмау керек. Қыбырлаған адам несібесінен құр қалмайды. Алматы облысының Еңбекшіқазақ ауданында жеміс ағаштарының көшеттерін көбейтіп, алақандай бақшасынан 10-15 миллион кіріс тауып отырған азаматтар бар. Қызылорда облысы, Шиелі ауданы, Ыбырай Жақаев ауылында бақшасында кәдімгі шылаушынды көбейтіп, нәпақасын арттырып жүрген жігіттерді білеміз. Түркістан облысының бірқатар аудандарында қауын, қарбыз, алма, жүзім, жаңғақ өсіріп миллиондап табыс тауып жүргендер жетерлік. Бірақ осындай оң өзгеріс жаппай қарқын алып жатқан жоқ. Өз тірілігін бастап, кәсібін ашып, жеке бизнеспен айналысқысы келетіндер банктен қаражат ала алмайды. Алса да пайызы өте жоғары. Ауылдарда кепілге қоятын жылжымалы мүлік жоқтың қасы. Тұрған үйлері талапқа сай келмейді. Президент «Қазақстанда шағын және орта бизнесті қаржыландыру үшін 42 миллиард долларға жуық қаражат жетіспейді.  Сөйте тұра, банктерде триллиондаған теңге қаржы іс жүзінде экономикаға еш пайдасын тигізбей босқа жатыр», – деп мәселені төтесінен қойды. Бір мәселені терең түсініп алған абзал. Игілікті сырттан ешкім келіп жасап бермейді. Жасайтын өзіміз. Қиналсақ, қиналатын өзіміз. Қиындықтан жол тауып шығатын да өзіміз. Бүкіл реформалардың өзегі – халық. Халық бәрін мемлекеттің иығына арта бермей, жүкті тең дәрежеде көтере білсе, көп нәрсе реттеледі. Жауапкершілікті Президент сезініп отыр. Ел де соны сезінуі керек. «Еліміздің басты құндылығы – адам. Бұл – айқын нәрсе.  Сондықтан, ұлттық байлықты тең бөлу және баршаға бірдей мүмкіндік беру – реформаның басты мақсаты. Ұлт саулығы жақсы болса ғана, қоғам орнықты дамиды», – деп Қасым-Жомарт Кемелұлы денсаулық пен білім беру салаларына айрықша тоқталды. Үкіметке денсаулық сақтау саласын және жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру жүйесін қайта қарауды тапсырды. «Қуатты ұлттың діңгегі – халық. Ең бастысы, азаматтарымыздың денсаулығы мықты, білімі терең болуы керек», – деген Жолдау мәтініндегі жолдарды мен былай түсінемін. Ұлттың денсаулығы мықты болмаса, басқа тірлік - далбаса. Ал осы денсаулық мәселесіне біз қалай қараймыз? Бір ғана мысал келтірейін: жаһандық соғыста жермен-жексен болған Германия қазір қай деңгейде? Бүкіл ЕуроОдақты алға сүйреп келе жатқан қуатты мемлекет. Германияға барған адам біледі, түнгі сағат 10-нан кейін көшеде жан баласы жүрмейді. Ел тегіс ұйқыға жатады. Бұл темірдей тәртіп. Қалыптасқан қағидат. Бізде қалай? Түнгі сағат 2-ге дейін бала да, шаға да үлкендермен бірге ұйықтамайды. Ертесіне түске дейін де, үшке дейін де жатқан қалың ұйқы. Кешке тұра салып, түнімен қайта жортатын жастарымыз қаптап жүр... Ұйқысы бұзылған ұлт – басын көрінеу қатерге тіккен жұрт. Ұйытқысы болмаса сүт те ұйымайды. Ұйқысыз ел ұйытқысыз сүт сияқты болады. Тәртіп дейміз. Ел тәртіпке бағыну үшін ең әуелі ұйқының тәртібін орнықтыру керек. Сосын еңбек тәртібі қалыптасады. Жалпыға бірдей еңбек тәртібі қалыптасса, жағдай жөнделеді. Қазақтың көші түзеледі. Қазақстанды қуатты мемлекетке айналдырамыз десек, осындай қарапайым қағидаларды орнықтырудан бастау қажет.

Нұртөре ЖҮСІП, сенатор