Мемлекеттік қызмет цифрлық форматқа көшеді
Мемлекеттік қызмет цифрлық форматқа көшеді
327
оқылды
«AMANAT» партиясы жанындағы Ақпараттық-коммуникациялық техно­логиялар комитетінің отырысында депутаттар еңбек саласын цифрландыру және халықты әлеуметтік қорғау мәселелерін талқылады. Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов бүгінде әлеу­меттік салада еңбек жағдайы, жұмыспен қамту, көші-қон, әлеу­меттік көмектер мен қыз­меттер, әлеуметтік қамсыз­дан­дыру және сақтандыру сияқты бағыттарды қамтитын 16 ақпараттық жүйе жұмыс істейтінін айтты. Сонымен қатар, 45 мемлекеттік қызмет түрінің 43-ін электронды фор­матта алуға болатынын жет­кізді. Оның ішінде 21 қызмет проактивті түрде көрсетіледі.
«Банкроттық салдарынан таратылған заңды тұлғалар қызметкерлерінің өмірі мен денсаулығына келген зиян­ды өтеу жөніндегі төлем, яғни ай сайынғы төлемдер түрінде әлеуметтік көмекті таға­йын­дау – мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері жөнінде­гі ВАК-қа сұраныстың аз түсуіне байланысты 2023 жылға дейін автоматтанды­руға жатпайды деп танылды. Сондай-ақ сот актілері бо­йынша тарихи деректердің болмауы да өзекті мәселеге айналды. 2021 жылы барлығы 399 қызмет көрсе­тілді», – деді Ербол Оспанов.
Осылайша, министрлік бүкіл Қазақстан халқының (19,4 млн адамды туғаннан бастап) дербес есебін жүр­гізеді. Сондай-ақ 13 мем­ле­кеттік ор­ганмен және екінші деңгейдегі банктермен ақ­параттық жү­йелердің 500-ден астам ин­теграциясы іске асырылды. Министрлік әлеуметтік, еңбек саласындағы мемле­кеттік қызметтерді трансфор­мациялау және реинжини­рингтеу аясында осы жылдың соңына дейін біраз жұмысты жоспарлап отыр. Атап айтсақ, «Электронды Үкімет» пор­та­лында үш қызметті жүзеге асыру, төрт қызметті проак­тивті форматқа көшіру, үш «жасырын» қызметті автомат­тандыру және оларды мемле­кеттік қызметтер тізіміне ен­гізу. Қазір осы бағыттар бо­йынша техникалық жұмыстар жүргізіліп жатыр және бұй­рықтың жобасы әзірленді. Ербол Оспанов әлеуметтік-еңбек саласын цифрландыру, сондай-ақ мемлекеттік қыз­меттерді трансформациялау және реинжиниринг бойын­ша жұмыс жалғасатынын жеткізді.