Кәсіпкерлік кең қанат жаяды
Кәсіпкерлік кең қанат жаяды
938
оқылды
Елімізде 2021-2025 жылдарға арналған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба аясында бизнесті түрлі қолдау шаралары жүзеге асырылуда. Бұл жобаның ішіне бизнесті қолдау және дамыту жөніндегі «Бизнестің Жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы кіріктірілген. Мәселен, «БЖК-2025» тетігі арқы­лы 2022 жылдың 1 қаңтарында келесідей қаржылай қолдау жасалған: несиесінің жалпы сомасы 1 263,3 млрд теңге болатын 31 969 жоба субсидиялан­ды, субсидия көлемі 86,3 млрд теңге. Несиесінің жалпы сомасы 300,1 млрд теңге болатын 16 806 жобаға кепіл болды, кепілдік сомасы 149,8 млрд теңгені құрады. Республикалық бюджеттен және Ұлттық қордан 330 жоба бойынша 1,165 млн теңгеге мемлекеттік грант бөлінді. Жетпей тұрған инфрақұрылымдарды тартып беру бойынша көлемі 18,667 млрд теңгеге 58 жоба қаржыландырылды. Сонымен қа­тар мемлекеттік бағдарламаның ма­ңыз­ды бағыттарының бірі болып ішіне сервистік қолдау және кеңес беру бойынша жобалар кешені енетін кәсіпкерлік әлеуетті нығайту міндеті саналады. Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметтеріне сәйкес, 2021 жылы бағдарламаның қатысушылары шамамен 45,3 мың жұ­мыс орнын ашып, ел қазынасына сомасы 921,7 млрд теңге болатын салық ау­да­рып, 4,7 трлн теңге көлемінде өнім өндірген. «Ал «ҚЗЭ» бағдарламасында несиелендіруге жататын басым жобаларға арналған тауарлар тізіміне сәйкес кә­сіп­керлерге жеңілдетілген несие беру және несиелерге кепіл болу қарастырылған. Соның ішінде «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы несиесінің жалпы сомасы 350,9 млрд теңге болатын 372 жоба субсидияланған. Төленген субсидия көлемі 29,2 млрд теңгені құрады. Несиесінің жалпы сомасы 45,9 млрд теңге болатын 145 жо­­баға кепіл болды, кепілдік сомасы – 20,4 млрд теңге.
Осы ретте «БЖК-2025» және «ҚЗЭ» бағдарламалары бизнесті қолдауда ең бір нәтижелі әрі сәтті бағдарламалар екенін атай кеткен абзал. Олар жүзеге асырылып келе жатқаннан бергі аралықта шағын және орта бизнес субъектілері 106 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашып, 36 трлн теңге болатын өнім шығарып және қызмет көрсетіп, бюджетке жалпы сомасы 2,3 трлн теңге салық төлеген», – дейді Ұлттық экономика министрлігі Мемлекеттік қолдау және кәсіпкерлікті қорғау департаменті директорының орынбасары Рашид Джурабеков.
Мемлекет басшысының 2022 жыл­ғы 11 қаңтардағы тапсырмаларын орын­дау мақсатында Ұлттық экономика министрлігі оңтүстік және батыс өңірлердегі ШОБ субъектілерін жеңілдікпен несиелеудің жекелеген механизмін жасап шығарды. Мәселен, несиенің құнын арзандату үшін сыйақы мөлшерлемесі 5 пайыз болатын жеңілдетілген несие енгізілді, өңдеу өнеркәсібінің басым салаларындағы не­сие­ге кепіл болу 85 пайызға дейін жет­кізілді. Жеңілдікті жағдайларды сақтап қалу үшін және келеңсіз жайттардың ШОБ субъектілеріне тиетін салдарын азайту үшін кәсіпкерлердің қазақстандық екінші деңгейлі банктердегі несиелерін қайта қаржыландыру тетігін енгізу туралы шешім қабылданды. Сондай-ақ шағын кәсіпкерлік субъек­тілеріне 5 млн теңгеге дейін қай­та­рымсыз негізде экономиканың басым секторларында мемлекеттік гранттар беріледі. Ұлттық жоба аясында 2022 жылдың басынан бері 1 шілде күнгі мәлімет бо­йынша келесідей қаржылай қолдаулар көрсетілді: несие сомасы 208,8 млрд теңге болатын 3 233 жоба субсидияланса, несие сомасы 90,3 млрд теңге болатын 2 259 жобаға кепіл болды. Ал рес- публикалық бюджеттен 225,4 млн тең­ге сомасына 60 мемлекеттік грант беріл­ді. Жетпей тұрған инфрақұрылымды тартып беру бойынша 2022 жылға 48 жобаны 22,1 млрд теңгеге қаржылан­дыру қарастырылған. «ҚЗЭ» тетігі бойынша да («Даму» КҚҚ» желісі) оңтүстік және батыс өңірлерде: несие сомасы 140,9 млрд тең­ге болатын 93 жоба субсидияланып, несие сомасы 5,1 млрд тенге 22 жобаға ке­піл берілді.
«Ұлттық жоба аясындағы кәсіпкерлерді қаржылай емес қолдауға келсек, ол өз мазмұнында әлеуетті және жаңадан бастаушы кәсіпкерлерді бизнес жүр­гізуге үйрету және және консультациялық қолдау бойынша жобалар кешенін қамтиды. Облыс және аудан орталықтарында, моноқалаларда және кіші қалаларда Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталықтары (КҚКО) жұмыс істейді. Онда «БЖК-2025», «Еңбек», «ҚЗЭ» бағдарламалары бойынша ақысыз негізде, офлайн және онлайн режимде көмек көрсетіледі. Одан бөлек, кәсіпкерлерге қолданыстағы бизнесін жүргізуге бухгалтерлік және салықтық есепке алу, статистикалық есеп беру, интернет маркетинг, заң қызметтері ақпараттық технологиялармен қамту, мемлекеттік сатып алу, отандық тауар өндірушілерге өнімдерін өткізуге көмектесу түрінде сервистік қолдау жасалады. 1 шілдедегі мәлімет бойынша, 11 976 кәсіпкерге 13 571 сервистік қызмет түрінде және КҚКО-ларда 21 906 тұтынушыға 72 534 консультация түрінде осындай қаржылай емес қолдау көрсетілді», – дейді министрлік өкілі Рашид Сұлтанұлы.
Сондай-ақ ұлттық жобада 6 пайыздық мөлшерлемемен шағын несиелер беру қарастырылған. Моно және кіші қалалар мен ауылдық елді мекендер үшін бұл несиелер салалық шектеулерсіз, инвестициялық мақсаттарға, 20 млн теңгеден аспайтын сомада, ал ай­на­лым ақшасын толықтыру үшін кепілзатсыз негізде 5 млн теңгеге дейін 5 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Одан бөлек, «ҚЗЭ» бағдарламасының басым жобаларының сыйақы (7%) мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау және несиелерге ішінара кепіл болу (50%, 1 млрд теңгеге дейін) сынды несиелендіру механизмін жүзеге асыру жалғасуда. Кәсіпкерлік экономиканың қозғаушы күші десек, Президент бастамасымен жүзеге асқан ұлттық жобалар сол қозғаудың қуаты.