Инсульттің жасарғаны алаңдатады – Мыңжылқы Бердіқожаев
Инсульттің жасарғаны алаңдатады – Мыңжылқы Бердіқожаев
1,276
оқылды
«Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңім­пазы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі, нейрохи­рург Мыңжылқы Бердіқожаев мидың тамырларына жоғары технологиялық ота жасайтын санаулы дәрі­гердің бірі. Ол осы уақытқа дейін 6000-нан астам ота жасап, дер­тінен сауыққан талай науқастан «Мың болғыр Мың­жылқы» деп бата алып жүрген маманмен медицина, қа­терлі дерттердің алдын алу мәселесі төңірегінде сұх­баттасқан едік. – Елімізде жыл сайын 40 мың­нан аса адам инсульт алып, 5 мыңға жуығы алғашқы он күнде жарық дү­ниемен қоштасып жатады екен. Осы статистикаға қатысты не айтасыз? – Сіз келтіріп отырған статис­тикаға басқа аурумен ауырып қайтыс болған адамдар да кіріп кетуі мүмкін. Менің ойымша, сол 40 мың деген диагноздың ішінде 10-20 пайыз ауытқу орын алған болуы мүмкін. Мысалы, бірнәр­се­ден уланып қалған немесе онколо­гиялық ауруға шалдықққан нау­қастарда да жүрек бірден тоқтап қалатын жағдайлар кез­деседі. Құ­жаттарда осындай өлімдердің де себебі инсульт деп толтырылып ке­туі ғажап емес. Отандық меди­цинада бұндай жағдайлар орын алып жататынын жоққа шығара алмаймыз. Ко­ронавирустық ин­фек­ция өршіген сәтте көптеген адам осы дерттің құрбаны болды. Әрі құрбандар саны күн санап өсті. Кейіннен са­раптама жасалғанда марқұм­дардың кейбірінің мүлде басқа аурудан көз жұмғаны анық­талып жатты. – Демек инсульт алғандар, одан қайтыс болғандар саны көр­сетілген статистикадан әлдеқайда аз болуы мүмкін ғой... – Иә. Егер дәл сондай болса, онда еліміздің тұрғын санына шаққанда шамамен 0,02 пайы­зы осы дерттің құрбаны деуіміз­ге тура келеді. Сонда да бұл халқының саны 20 миллион­ға жетпейтін еліміз үшін қауіпті көрсеткіш. – Ал инсульттан кейінгі 10 күн­нің ішінде көз жұматындардың көп болуына қатысты не айта аласыз? – Әлемдік тәжірибе бойынша, осы диагнозбен ауруханаға түскен адамдардың 20 пайызы алғашқы екі-үш аптада қайтыс болады. Демек біздегі 1 жыл ішінде 5 мың адам инсульттан бақилыққа атта­нады деген дерек сендіреді. Бірақ, бұл жоғарыда айтқан әлемдік тәжірибедегі статистикамен са­лыстырғанда біршама төмен, жақсы көрсеткіш. – Ең өкініштісі, бұл дерт түрі жыл сайын жасарып бара жатыр деген дерек бар. Оның себебі неде? – Иә, өкінішке қарай, бұл да рас мәлімет. Мәселен, АҚШ, Еу­ропа елдерінде дерттің бұл түріне көбіне егде жастағы адамдар шал­дығып жатады. Инсульттың жаса­руының негізгі себебі ретінде се­міздікті ай­туға болады. Көпшілік фаст-фудқа құмартады. Әсіресе жастар мен балалар арасында осы тағам түріне аңсары ауатындар­дың саны күн санап артып келеді. Көшедегі жыл­дам әзірленетін та­ғамдардың құ­рамында көмірсудың мөлшері өте көп. Олар көбіне тез сіңіріледі. Тез қорытылған тамақ зиянды майға айналады. Одан кейін жастар ара­сында энерге­ти­калық сусындарға деген қызы­ғу­шылық та арта түсті. Мұндай су­сындар жүрекке артық салмақ түсіріп жатады. Осыдан ба­рып инсультпен бірге қант диабеті, қан қысымының жоғарылауы се­кілді өзге де қауіпті аурулар өршиді. Ең бастысы, артериялық ги­пертония дерттен уақытылы дұрыс емделмеудің салдары әлгіндей жағдайға әкеп соғады. – Қазіргі кезде отандық ме­дицина инсультті емдеуге қауқарлы делік. Дегенмен, қауіпті індеттің алдын алу үшін қазақстандықтар не істеуі керек? Жалпы, біз неге мән бермей жүрміз? – Бұл орайда, барлық отан­дасымды физикалық тұрғыдан белсенді болуға шақырар едім. Әр адам күніне бес мың қадам жаяу жүруді әдетке айналдыруы керек. Екінші кезекте суды көбірек ішуді дағдыға айналдырып, күніне екі-үш литр су ішуіміз қажет. Суды көп ішу адам қанының қоюланып кет­пеуіне көп септігін тигізеді. Тағы бір еске­ретін қарапайым ғана нәр­се, тұр­ғын­­дар өз қан қысым­ын жылы­на екі рет өлшеткені абзал. Сол ар­қылы артериялық гипер­тония­ның алдын алуға болады. Өкінішке қарай, ауырып қалсақ бірінші дә­рігерге емес, емшіге жүгініп жатамыз. – Сізді халық эндеваскулярлы әдіспен ми аневризмін емдеудегі білгір дәрігер деп таниды. Емдеудің бұл түрі әлемдік медицинаға қашан енгізілген? Бізде қашаннан бастап қолданылады? – Нейрохиругиядағы ми қан тамырларындағы ұйыған қанды эндеваскулярлы әдіспен алып тастау әлемдік тәжірибеде бар. Бұл әдістің ерекшелігі сол бұрынғы кездегідей бас сүйекті ашпай-ақ, адамның шабындағы тамырдан қажетті препаратты жіберу арқы­лы бас сүйектің астында ор­на­ласқан тамырдағы ұйыған қанды алып тастай аламыз. 2010 жылдан бастап бірнеше үлкен ғылыми зерттеудің нәтижесінен кейін бұл әдіс алтын стандартқа айналды. Қазақстанда алғаш рет бұл әдіспен елордадағы Ұлттық Нейро­хи­рур­гия орталығында ота жасалды. Бізге бұл әдісті израйлдік про­фес­сор Шимон Маймон үйретті. Ол бізге невроваскулярлық бұзылуды емдеудің жаңа әдісі – тамырішілік хирургияны үйретті. Бастапқыда біз оған ота кезінде жәрдемдесіп, кейін оның басшылығымен өзіміз жасай бастадық. Негізі ми мен омыртқаның қан тамырлары өте күрделі па­тология­ны құрайды. Сондықтан көптеген дәрігерлер бұл әдіске тәуекел ете бермеді. Соңғы жыл­дары осы отаға қажетті құрылғы­лардың бәрі да­мығаннан кейін біршама жеңілдей түсті. Қазіргі таңда еліміздегі бір­неше облыс орталықтарында ота­ның осы түрін жасайтын мамандар бар. – Сіздер жасап жүрген ота түрі Қазақстанда өзге елдерге қараған­да әлдеқайда арзан. Сол себепті көптеген алыс-жақын шетелдіктер бізге келіп ота жасатады екен. Шынымен солай ма? – Иә, рас. Елімізде 2020 жылғы пандемия басталғанға дейін бізге келіп ота жасатуға ниетті шетелдік емделушілер өте көп болды. Оның бірінші себебі, өзіңіз айтып өткендей, біздің елде отаның бұл түрі алыс-жақын шет мемле­кет­терге қарағанда едәуір арзан. Жа­қында ғана АҚШ-тың бір азаматы өз елінде медициналық сақтандыру полисі болмағандықтан бізге келіп ақылы түрде ота жасатып кетті. Ол елдегі отаның құны біздікінен он есе қымбат екен. Еуропа елде­рін­дегі құны да сол шамалас. Бір қызығы, кейде өзіміздің кейбір отандастарымыз да елімізде осындай технологияның бар еке­нін білмей, жиған-терген қаржы­сын қалтасына басып, осы ота үшін шетел асып жатқандығын да естіп қалып жүрміз. – Бұл күнде тек елімізде емес, алыс-жақын шетелдерде де мо­йындалған мамансыз. Көптеген өзге елге барып, түрлі тренингтер, ше­берлік сағаттарын өткізіп жүрсіз. Өзіңізге шетелдерге қоныс аударып, жұмыс істеуге ұсыныстар түсті ма? – «Болашақ» бағдарла­ма­сы­мен Ресейдің Санкт-Петербург қаласында білім алдым. Одан кейін бағдарламаның талабына сәйкес елге келіп, бес жыл жұмыс істеген соң, білімімді жетілдіру мақсатымен Германияға барып оқыдым. Сол кезде маған сол жақ­та қалып жұмыс істеуге ұсыныс түсті. АҚШ-та, Канадада тұратын әріптестерім «Сіздердің елде дә­рігер болу қиын әрі қауіпті сияқты ғой. Бізге келсеңізші, өзіңізге ла­йық жұмыс тауып береміз» деген кездері болды. Бұл кезде біздің елде ота үстелінде қайтыс болған жанның өліміне дәрігерді кінәлап соттасып жататын. Бірақ кейде елімізде жап-жақ­сы жұмыс істеп жүрген әріп­те­сімнің істі болғанын көргенде сол шетелдік дәрігерлердің ұсынысына құлақ асқаным дұрыс па еді деп те қаласың. Бірақ «Қазақстандағы науқас­тарды кім емдейді» деген ой жібер­мейді. Оның үстіне бізде науқаспен қазақ тілінде емін-еркін сөйлесе алатын дәрігерлер аз. Әсіресе сырттан келген қандас бауыр­ла­рымыз «бұл елде де қазақша сөй­лейтін дәрігер бар екен ғой» деп таңданасын білдіріп жатады. Сон­дай сәтте ешқандай шетелдің шақыртуына мойын бұрмай жұмыс істей бергің келеді. Аталарымыз, «Өзге елде сұлтан болғанша, өз елдіңде ұлтан бол» дейді ғой. Әзірге сол ұстанымдамын. Бір сөз­бен айтқанда, елден ешқайда кет­кім келмейді. – Әңгімеңізге рақмет!

Алматы