«AMANAT» партиясының Қостанай облыстық филиалында саяси ұйымның жаңа тұғырнамасын талқылау жөнінде кеңес өтті. Жиында алғаш болып сөз алған партия филиалының атқарушы хатшысы Бибігүл Аққожина бірінші кезекте саяси тұғырнаманы регламенттейтін негізгі құжаттарды жаңарту қажет екенін айтты.
Жаңа саяси тұғырнаманы әзірлеу бойынша жұмыс биыл сәуір айында басталды. Партия Төрағасы Ерлан Қошанов оның алдағы күндері атқарылатын нақты бағыттары мен мақсат-міндеттерін айқындап берді.
Диалог алаңына қатысушылар партияның басты идеологиялық құжатында көрініс табуы тиіс тұғырнаманың мазмұнын толықтыру, аса маңызды құндылықтар, қағидаттар бойынша өз ұсыныстарын жеткізді. Сарапшылар талқылау барысында саяси платформада тұғырнаманың бастапқы құндылықтары айқындалғанын атап өтті.
Мәселен, диалог алаңының мүшесі А.Двуреченский қаңтардағы оқиғаларды еске ала отырып, саяси платформа жастарға түсінікті әрі қызықты болуы керек деген ұсыныс жасады. Ал Г.Капенова АҚШ елінің тәжірибесін мысалға келтірді. Ол шетелдік депуттардың халықпен, өздері сайланған жергілікті жерлерде жұмыс жүргізуге көбірек мән беретінін айтты. Р.Нұрмағамбетов «партияның саяси платформасының мәтіні қысқа, қарапайым және әрбір азаматқа түсінікті тілде жазылуы тиіс» деп мәлімдеді.
Қорыта келе, қатысушылар партия әрқашанда «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын сақтап, халықтың ахуалын білуі және оларды шешуге көмектесуі керек деген ортақ пікірге келді.