Сырбойылықтар Қостанай өңірінде болған табиғи апатқа байланысты зардап шеккендерге гуманитарлық көмек көрсету жұмыстарына кірісіп кетті. Осы мақсатта «AMANAT» партиясы облыстық филиалымен Қызылорда қаласы, 7 аудан және Төретам кентінде, барлығы 9 гуманитарлық көмек қабылдау пункттері ашылып, сағат 9.00-ден бастап азаматтардан келген көмектерді қабылдауда.
Қабылдау пунктіне алғаш болып өз көмегін жеткізгендердің бірі - партия белсендісі, BIALI ЖШС-ның төрағасы Асхат Шәукенбаев. Ол осындай қиын сәтте өзінің қостанайлықтармен бірге екенін жеткізіп, барлық жерлестерді жұмыла көмек көрсетуге шақырды.
Қостанайлық ағайынға көмекке «AMANAT» партиясы облыстық, қалалық, «Тұран», «Теміржол» филиалдарының ұжымы да ортақ қаржы жинап, азық-түлік өнімдері мен төсек бұйымдарын алуға үлес қосты.
Қазір гуманитарлық көмек қабылдау пункттерінде «Жастар рухы» Жастар қанаты облыстық филиалының мүшелерінен волонтерлер тобы құрылып, қайырымдылық көмекті аталған өңірге жөнелту шараларына белсене атсалысуда.
Атап өтейік, қабылдау пунктіне тез бұзылмайтын азық-түлік өнімдері, гигиеналық заттар, киім-кешек пен төсек бұйымдары жинақталады. Қаржылай көмек көрсету үшін ертең республика бойынша арнайы есепшот ашылмақ.
Қазір көмек қабылдау пункттерінің жұмысы жалғасып жатыр. Барша жерлестерді қайырымдылық шараға белсенді атсалысуға шақырамыз!