Алматыдан Қостанайға 120 тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді
Алматыдан Қостанайға 120 тонна гуманитарлық көмек  жөнелтілді
419
оқылды
Алматыдан  Қостанай облысындағы орман өртінен зардап шеккендерге гуманитарлық жүк тиелген төрт жүк көлігі жөнелтілді.      Сарыарқадағы ағайынға көмек қолын созуға қала тұрғындары мен кәсіпкерлер атсалысты. Олар барлығы 120 тонна азық-түлік, ең қажетті бұйымдарды жинап барлығы алты жүк көлігін аттандырды. «АMANAT» партиясы Алматы қалалық филиалының  атқарушы  хатшысы Мейіржан Отыншиевтің айтуынша, қалада гуманитарлық көмекті қабылдайтын бірнеше пункт 4 қыркүйекте өз жұмысын бастаған. Шұғыл әрекет етудің арқасында сол күні кешкісін Қостанайға екі жүк көлігімен алғашқы көмекті жіберіп үлгерген. «Алғашқы күні  50 тонна көмек жинап, оның 40 тоннасын 4 қыркүйек кешкісін Қостанай облысына жөнелттік.  Бүгінде 80 тоннаға жуық қосымша көмекті жіберіп жатырмыз. Қала бойынша барлығы 120 тонна гуманитарлық көмек жиналды», – дейді Мейіржан Отыншиев. Оның айтуынша, қала тұрғындары азық-түлік өнімдерін: су, қант, май, жарма, күріш, картоп, печенье, кептірілген жемістер, киім-кешек, қажетті заттар, төсек-орын жабдықтары, сондай-ақ тұрмыстық техника, құрылыс материалдарын әкеп, өз үлестерін қосуда.
 «Бұл жұмыс азаматтарымыздың, қала басшылығының, сондай-ақ кәсіпкерлердің қолдауының арқасында жүзеге асырылып жатқанын атап өткім келеді», – деді М. Отыншиев.
Ол жүк көліктерімен бірге Қостанай облысына жүктерді жөнелту мен таратудың барлық процесін үйлестіретін еріктілер де жіберілгенін айтты. «Жастар рухы» жастар қанаты филиалының өкілі Әкежан Кеңесов еріктілердің өздері зардап шеккендерге көмектесуге ниет білдіріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, гуманитарлық көмекті жинау мен тиеуге еріктілер, кәсіпкерлер мен қала тұрғындарынан құралған  200-ден астам адам атсалысқан.
 «Біз қалалық волонтерлік ұйымдарды біріктірдік. Гуманитарлық көмек көрсету пункттерінде жастар саясаты басқармасының фронт-офисінің волонтерлері, сондай-ақ студенттер арасынан шыққан Мемлекеттік Жастар саясаты қорының волонтерлері жұмыс істеді. Қайырымдылқ ісінен мегаполистің жәй  тұрғындары да шет қалмады. Олар бізге киім-кешек, балалар  тағамы сынды әртүрлі қажетті заттарды  әкеліп берді», – дейді Алматы қаласы әкімдігі Мемлекеттік жастар саясаты қорының директоры Әзиз Қайденбек.
Сонымен қатар, алматылық еріктілер өрт салдарынан қираған орындарды  қалпына келтіру жұмыстарына да  қатыспақ. Олар сондай-ақ, Қостанай облысында тауарларды жинайтын арнайы қоймалар ұйымдастырып, қиналып жатқан халыққа  барынша көмек қолдарын созуға ниетті.