Көшбасшы әйелдерге арналған Tomiris оқу бағдарламасының қатысушылары анықталды. Іріктеуден өткен 30 ару 5-9 қыркүйекте өтетін 5 күндік қарқынды оқу бағдарламасына қатысады.
Көшбасшы әйелдерге арналған Tomiris оқу бағдарламасының қатысушылары анықталды. Іріктеуден өткен 30 ару 5-9 қыркүйекте өтетін 5 күндік қарқынды оқу бағдарламасына қатысады.
Бағдарламаға қатысу үшін 18 шілде – 15 тамыз аралығында барлығы 342 өтініш жіберілді. Оның ішіндегі 125 өтініш талапқа сай келді. Бірінші кезеңде конкурстық комиссия мен тәуелсіз сарапшылар 125 үміткердің түйіндемесі мен уәждемелік хатын қарап, баға берді. Нәтижесін-де, қорытынды сұхбат кезеңіне 60 адам өтті. Екінші кезеңде комиссия мүшелері финалға өткен үміткерлермен сұхбат жүргізіп, ашық дауыс беру арқылы көшбасшы әйелдерге арналған Tomiris оқу бағдарламасына қатысатын 30 әйел азаматын іріктеп алды.
Tomiris жобасы Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Конрад Аденауэр қоры, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясының қолдауымен жүзеге асуда.
«Бізге еліміздің әр өңірінен шыққан 125 көшбасшының ішінен таңдау жасауға тура келді. Әр қатысушының артында іске асырылған жобалардың, жетістіктер мен жеңістердің тарихы тұр. Іріктеліп алынған 30 қатысушы біздің бағдарламадан көп нәрсе үйренетініне сенімдімін және Tomiris бағдарламасына қатысу олардың саяси мансабында жаңа деңгейге көтерілуіне көмектеседі деп сенемін», – деді конкурстық комиссияның төрағасы, «AMANAT» партиясы Саяси менеджмент академиясының директоры Данияр Мұқитанов.
Биыл 18 шілдеде «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы Tomiris әйелдер көшбасшылығы бағдарламасына өтінім қабылдайтынын жариялады. Бағдарлама қатысушылардың әртүрлі деңгейдегі басшылық лауазымдарға тағайындалуына немесе сайлануына көмектесетін дағдысын, білімі мен құзыретін дамытуға бағытталған.
Бағдарламада «AMANAT» партиясы басшылығымен, АҚДМ өкілдерімен және Парламент Мәжілісінің депутаттарымен кездесулер қарастырылған. Сондай-ақ ХДО (Германия) партиясының Әйелдер қанаты делегациясымен кездесу жоспарлануда. Барлық қатысушыға Нұр-Сұлтан қаласында тұру мен көлік шығындары өтеледі. Оқыту қорытындысы бойынша қатысушылар өз өңіріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған саяси жобаларды әзірлейді және қолданысқа енгізеді. Академия жыл соңына дейін коучингтік онлайн-сессиялар арқылы әдіснамалық қолдау көрсетуді қамтамасыз етеді.