Бабын тапқан бөдене бағып та байиды
Бабын тапқан бөдене бағып та байиды
1,205
оқылды
Алматыдан ауылға оралған Азамат пен Әйгерім Сарқан ауданының шалғай ауылында бөдене өсіріп, табыс тауып жүр. Жас отбасы күніне 1 000 дана бөдене жұмыртқасын сатады. Олар жылдың аяғына дейін бөденелердің қатарын 10-15 мыңға дейін көбейтуді жоспарлап отыр. Осылайша, тәулігіне 10 мың дана жұмыртқа жеткізіп, диеталық ет өңдірісін жолға қоюға ниетті. Табиғаты тамылжыған, жері құнарлы Сарқан ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мүмкіндік мол. Бұл орайда шаруалар салаға мемлекет қолдауын айқын сезініп жатыр. Бөдене шаруашылығын қолға алған жас отбасы 7 адамды жұмыспен қамтыған. Олардың орташа айлық жалақысы 90-100 мың теңгені құрайды. Отбасылық бизнесті қолға алған жас жұбайлар отбасылық өмірін Алматы қаласында бастаған. Сол жақта бірер жыл тұрған соң аңсары ауылға ауған олар қазір өз таңдауларының дұрыс болғанына бек сенімді.
– Өзім Қарағандының тумасымын. Жоғары оқу орнын да сол жақта бітіргенмін. Ал жұбайым осы Сарқан ауданының Қарғалы ауылында туып-өскен. Мұнда көшіп келгелі 3 жыл болды. Шынымды айтсам, ауылға қоныс аударғалы жұмысқа құлшынысым артты. Балалар да шаруаға бейім болып өсіп келеді. Ауылда тек екі қолды қусырып қарап отырмай, мол мүмкіндікті тиімді пайдаланып, тірлік етсең болғаны. Бұрындары ауыл шаруашылығы саласынан хабарым болмады. Тек бөдене еті мен жұмыртқасының пайдасы туралы естіп, біліп жүрдім. Бір туысқанымыз қатты ауырып, бөдене етінің арқасында аяғынан тік тұрды. Осылардың барлығын ой елегінен өткізгеннен кейін өз бетімше ізденіп, осы шаруашылықтың жұмысын қолға алдым. Бөдене баптаумен қоса омарташылыққа да ден қоя бастадық. Жылы­жайда қияр, қызанақ, дәмдеуіш шөптер өсіріп, саудалаймыз, – дейді отағасы Азамат Абыроев.
Қазір Азаматтың шағын фермасында 1 000 бөдене бар. Инкубаторға салынған 7 500 жұмыртқаның алдынан 17 күннен кейін балапан шығады. Балапандардың мекиендері 40 күннен соң жұмыртқалай бастаса, әтештері 45 күннен кейін сойылады. Экологиялық жағынан таза әрі денсаулыққа аса пайдалы диеталық еттің 1 келісі 3 200 теңгеден сатылса, жұмыртқаның 1 данасы 23 теңге тұрады. Сарқандық кәсіпкердің өнімдері өзге бөдене шаруашылығына қарағанда сәл де болса арзандау. Өйткені ол жергілікті фермерлер арқасында алғашқы болып жеммен қамтамасыз ету мәселесін реттеп алыпты. Бұрын бөденелері үшін азықты Ресейден алып келсе, қазір шикізатты жергілікті шаруалардан сатып алып, құрама жемді өз күшімен дайындайды. Жақында ғана 100 тонна шикізат алу туралы келісімге келген. Жас отбасына өнімдерін өткізу де еш қиындық тудырмайды. Бөдененің еті мен жұмыртқасына сұраныс жоғары. Артылғаны Талдықорған мен Алматы қалаларындағы сауда нүктелеріне жеткізіледі. бөдене өсіру Азамат болашақта өз шаруашылығының іргесін кеңейтіп, өндіріске заманауи технологияны енгізуді ойластырып жүр. Ал әзірше барлығын өз күшімен, өз қолымен істеп, кәдесіне жаратуда. Бөденелерге арналған торды да өзі тоқып, инкубаторды да өзі құрастырған. Сонымен бірге былтыр оның омартасында 23 ара ұясы болса, биыл оның санын 50-ге жеткізген. Алдағы уақытта ара ұясын 200-ге апару да ойында бар. Жұбайы Әйгерім де отағасына қолғабыс етеді. Бақшадағы, жылыжайдағы жұмысты мойнына алған ол да таңның атысынан күннің батысына дейін тыным таппайды.
– Қияр, қызанақ, көк бұрыш, тәтті бұрыш, түрлі дәмдеуіш өсіремін. Өнімдерді бірінші кезекте ауыл тұрғындары сатып алады. Сарқан қаласына ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесіне апарамыз. Жылыжайды қолға алғанымызға екі жыл болды. Былтыр қызанақ, қияр, көк шөптің барлық түрлерін өсірдік. Қыс айларында жерлестеріміз балғын көкөністерімізді жаппай сатып алды. Биыл қиярды көптеп ектік. Жылы­жайға фитолампалар орнатып, тамшылатып суару әдісін қолданамыз, – дейді Әйгерім.
Ол жақында «Бастау Бизнес» бағдарламасы бойынша оқып, қайтарымсыз грант алу үшін өз жобасын қорғап шыққан. Енді отбасымен бірге конкурс нәтижесін күтіп отыр. Азаматтың айтуынша, Черкасск ауылдық округінің әкімі жас кәсіпкерлерге қолдан келген қолдауды көрсетеді. Соның арқасында соңғы кездері елді мекенде қолынан іс келетін азаматтардың қатары артқан. Жергілікті кәсіпкерлер халықты төмен бағада сапалы өніммен қамтамасыз етуге барын салып жүр. Қазір Черкасск ауылдық округінде облыстық және аудандық маңыздағы жолдар жөнделіп жатыр. Келер жылы көктемге қарай облыстық маңыздағы Қойлық – Қарғалы арасындағы жолға орташа жөндеу жұмыстары аяқталады. Бұл жолдың көп бөлігі ауыл ішімен өтеді.
– Отбасыммен бірнеше жыл Алматы қаласында тұрдық, тынымсыз жұмыс істесек те пәтер жалдап, «шықпа жаным, шықпамен» күнелттік. Ауылға көшкен соң аяққа нық тұрдық. Өз ісімізді аштық. Шаруашылықпен айналысқан бәрімізге ұнады. Қазір ұзақ мерзімге бизнес жоспар жасап, оны іске асыруға барынша тырысып жатырмын, – дейді жас кәсіпкер.
Расында, жастар ауылда «жұмыс жоқ» деп қалаға көптеп бет түзейтін шақта Азамат пен Әйгерім сынды жас отбасылардың қол ұстасып, ауылға келгені қуантады. Құр келмей кәсіп бастап, бірнеше ауыл тұрғынының екі қолына бір күрек тауып берген іскерлігі де сүйсінтеді.

Болат АБАҒАН, Жетісу облысы