***
3 қыркүйек, сағат 13:00. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өрт шарпыған аумақтың ауданы 2 мың гектардан асатыны анықталды. Тілсіз жаумен күресуге жан-жақтан көмек ағылды. Өртті сөндіруге бас-аяғы 500-ге тарта маман, бірнеше техника, тіпті пойыз, ұшақ және тікұшақ жұмылдырылды. Апаттың мән-жайын барлау үшін оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин аттанды.***
3 қыркүйек, сағат 18:00. Әулиекөл ауданындағы орман өртін сөндіру жұмыстары жалғасуда. Төтенше жағдайлар министрлігінің су ағызу құрылғылары бар 2 тікұшағы өртті сөндіру үшін әуеге 12 рет көтеріліп, 36 тонна су шашты. Олар суды өрт орнынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан табиғи су қоймасынан алып жатыр. «Жығылғанға жұдырық» дегендей, күннің ыстығы әлі басылар емес, керісінше, ауаның температурасы +38 градусқа, ал желдің жылдамдығы секундына 28 метрге дейін жетіп, жалынның өршуіне жағдай жасап тұр. Өрт аумағы 3000 гектардан асты. Тілсіз тажал енді елді мекендерге ауыз салды: Озерное ауылындағы 8 тұрғын үйде өрт шықты. Өртті сөндіруге 6 өрт сөндіру автомобилі мен 8 су тасу машинасы тартылды. Тұрғындарының саны 250 адамды құрайтын Озерное ауылы мен 1000 адамды құрайтын Аманқарағай ауылының солтүстік бөлігінен тұрғындарды эвакуациялау жұмыстары жүргізілді. Сондай-ақ Калинино ауылынан 228 адам, Лесное ауылынан 363 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Сағат 17.20-да Аманқарағай ауылындағы мұнай базасына қауіп төнді, оқиға орнында 3 өрт сөндіру автоцистернасы жұмыс істеуде. Алапат өрттен шыққан қою түтіннің кесірінен республикалық маңызы бар «Қостанай – Әулиекөл – Сұрған» тасжолы жабылды.***
3 қыркүйек, сағат 22:00. Орманның 9 400 гектардан астам аумағы отқа оранды. Озерное ауылында 8 тұрғын үй мен 1 әкімшілік ғимарат, Аманқарағайда 98 тұрғын үй мен шаруашылық құрылыстар, Лесное ауылында 1 тұрғын үй – барлығы 108 ғимаратты және Аманқарағай мұнай базасының аумағын өрт жалмады.***
3 қыркүйек, сағат 23:10. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мен өртті сөндіру шараларына басымдық беруді, сондай-ақ төтенше жағдайдың салдарын жою үшін қажетті қаражат бөлуді тапсырды.***
3 қыркүйек, сағат 23:20. Көмекке мұқтаж халық үшін Қостанай облысындағы өртке байланысты облыстық департамент жанынан жедел желі іске қосылды. Жергілікті атқарушы органдар эвакуацияланған адамдарды Әулиекөл орта мектебі мен Әулиекөл мектеп-интернатына орналастырды.***
4 қыркүйек, сағат 8:00. Аманқарағай ауылында мұнай базасы аумағындағы және Лесное ауылындағы өрт сөндірілді. Аманқарағай ауылы мен Озерное ауылының тұрғын үйлеріндегі өрт оқшауланып, мамандар жеке ошақтарды сөндіруге кірісті. ТЖД мәліметіне сай, 10 адам жеңіл және орташа ауырлықтағы жарақат пен күйік алып, уланған. Олардың 4-еуі аудандық орталық ауруханаға, 6-уы тексеруден және көмек көрсетілгеннен кейін үйлеріне жіберілді. Ахуалдың жақсаруына байланысты республикалық маңызы бар Р-36 тасжолында көлік қозғалысы мен пойыз қозғалысы толық қалпына келтірілді.***
4 қыркүйек, сағат 10:00. Табиғи апаттан 86 жастағы мүгедектігі бар ер адам мерт болды. Оның мәйіті Аманқарағай елді мекеніндегі үйінділерді қарау барысында табылды. Өрт қаупі бар елді мекендерден 1800-ден аса адам эвакуацияланды. Тосын апаттан ес жиып үлгермеген халықтың бір бөлігі – эвакопункттерге, бір бөлігі – туыстарының үйіне, енді бір бөлігі әскерилер тіккен шатырларға орналастырылды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин Қостанай облысында 106 мың гектар орман қорының 43 мың гектарын өрт шарпығанын мәлімдеді. «Қазір 8 өрт ошағы бар. Елді мекендердегі тұрғын үй құрылыстарына өрт тарауына жол бермеу үшін үш жауынгерлік учаске құрылды, онда ТЖ министрлігінің бөлімшелері белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Сонымен қатар, үш әуе кемесі жұмыс істеуде, қосымша тағы үш әуе кемесінің келуін күтеміз», – деді Юрий Ильин. Сондай-ақ ведомство басшысы арнайы комиссия Әулиекөл ауданында өрт салдарынан зардап шеккен үй иелеріне келтірілген залал мөлшерін бағалап жатқанын, мемлекет тарапынан барлық шығын өтелетінін айтты. «Волонтерлік ұйымдар да белсенді көмек көрсетіп жатыр. Қазір зардап шеккен халық үшін қаражат пен мүлік жиналып жатыр. Сондықтан әкімдік көмек көрсетуге ниет білдірген ұйымдар мен азаматтардан мүлік пен ақшалай қаражатты халық арасында бөлу бойынша жұмыс істейді», – деп толықтырды Ильин.***
Расында, аталмыш апат күйретіп кеткен жұртқа жаны ашып, жәрдем беруге ұмтылған тілекші халық қарасы күннен-күнге көбейіп келеді. Төтеннен келген апат ешкімді бей-жай қалдырмады. Мемлекет, кәсіпорындар, ұйымдар, компаниялардан бөлек, қарапайым азаматтар тарапынан да көлдей көмек көрсетіліп жатыр. Олар әрбір қалада құрылған жедел штабтарға әл-шамасы жеткенше азық-түлік, көрпе-төсек, киім-кешек, басқа да қажетті заттарды апарып беріп, қапалақтап қалған қостанайлық ағайынның көңілін там-тұмдап болса да жамауға тырысуда. Бүгінде Торғай топырағына камаз-камаз болып ағылған гуманитарлық көмекпен бірге жер-жердегі қазақтың «Біз сендерді қиындықта тастамаймыз» деген аппақ, риясыз ниеті де келіп жетіп жатқандай. Осы орайда халықаралық шолушы Қуаныш Еділхантегі өзінің Facebook парақшасында мынадай ойымен бөлісіпті: «Германияның Кёльн қаласында ірі демонстрация болып өтті. Кейбір деректерде оған 70 мың адам қатысқан дейді. Сондағы талабы – үкіметке Ресейдің «СП-2» газ құбырын ашқызу. ...Осы жерде еуропалықтардың менталитеті айқын көрінеді – олар тек тұтынып үйреніп қалған халық. Азия, Африка, басқа да колониалды тәуелді елдердің табиғи ресурстарын шексіз пайдаланып жаман үйренгендер сондайға әбден бауыр басып, ол солай болуға тиісті нәрседей көреді. Үйлерінде жылу 3-4 градусқа азайса басқаларды тірідей жеп қоюға әзір. Украин балалары қырылып жатыр-ау, халқы босып жүр-ау, сондықтан РФ газынан бас тартып басқыншыға ақша бермей тұра тұрайық деген түсінік оларда жоқ болып тұр. Ал біздің халықтың менталитетін қараңыз – өздері аш-жалаңаш, жетісіп отырған ештеңесі жоқ болса да, Қостанай халқына деп бүкіл елден жылу жинап, соған бәрі ат салысып жатыр...». Қаржылай, материалдық көмектен бөлек, қара күшпен де қолұшын бергісі келгендер ерікті ретінде Әулиекөлге аттануда. «Екі қарым сынғанша, екі табаным ойылғанша, өртке қарсы алыса аламын. Жараланып, жалын шарпып, күйік шалғандар болса, сапалы медициналық көмек көрсетер қабілетім бар, жақсы оқыған фельдшермін» деп ақын Ұларбек Дәлейұлы сол еріктілердің бірі болып, қазір Әулиекөл аумағын қалпына келтіруге көмектесіп жүр. Жалпы, әлеуметтік желіде жарияланып жатқан посттарға қарап, дүйім елдің аңқылдаған көңілін бұл жолы да кәдімгідей сезіндік. Бұған дейін Арыстағы, Жамбылдағы апаттарда жұрт болып жұмылып, қолда барын беруге асыққан ағайын бүгін де ауызбірліктің әдемі үлгісін көрсетіп жатыр.***
Әулиекөлдегі апат шетелдік БАҚ назарынан тыс қалған жоқ. Бірақ олардың осы жаңалықты жеткізуі мен оған әлеуметтік желіде қалдырған пікірлерінің ауанына қарап, бір-бірінен ерекшеленетінін көрдік. Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Әзербайжанның бұқаралық ақпарат құралдары оқиғаны бар күйінде беріп, қандай да бір болжам айтудан немесе тосын интерпретация жасаудан өздерін аулақ ұстаған. Азаматтарының да әлеуметтік желідегі пікірлерінен тек тілектестік байқадық. Әсіресе қырғыз ағайынның «Керек болса, біз де барып көмектесуге әзірміз», «Қазақ бауырымыздың басына төнген зауал бізге де бөтен емес» дескен жып-жылы посттары жүрегімізді жылытты. Ал кейбір ресейлік БАҚ-та бұл құбылысты сипаттай келе, біздің халықтың ойын сан-саққа жүгіртетін сумақай пікірлерді бірнеше мәрте көзіміз шалды. Өкінішке қарай, осындай посттар әлеуметтік желіде қазақстандықтардың қызу талқысын туғызуға ықпал етіп те жатыр.***
5 қыркүйек. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қостанайға келіп, орман өртінен зардап шеккендермен кездесті. Ол Әулиекөл ауылындағы мектепте орналасқан эвакуациялау пунктінде тосын апаттан тоз-тозы шыққан халқын жұбатып тұрып: «Сіздердің баспанасыз қалғандарыңызды білемін. Үкімет екі, екі жарым айда сіздерге бұрынғыдан әлдеқайда жақсы жаңа үйлер салып береді», – деді. Нендей нәубетке тап болса да, Президенттің өзі келіп жұбату айтқаны желеу болды ма, жер-жердегі жұрттың жұмыла қол ұшын беріп жатқаны жанын жылытты ма – жергілікті тұрғындардың көңілі сәл-пәл демделіп қалғандай болды. Күндердің күнінде жағдай оңалар, сынық көңіл қайта қалпына келер, сөз жоқ. Ең бастысы, тосын сынаққа ұшырағандардың жүгін жұрт болып жеңілдетуге асығатын бауырмал мінезімізді ешқашан жоғалтып алмасақ екен...Ботагөз МАРАТҚЫЗЫ