Суды басқаруға стратегиялық шешім керек
Суды басқаруға стратегиялық шешім керек
602
оқылды
Жыл өткен сайын елімізде су тап­шылығы сезіліп, сала­ның олқылығы көрініп жатыр. Инвестиция көлемі аз, инф­ра­құрылым тозғаны шындық. Таяу­да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жол­дауын­да бұл мәселені ескеру­сіз қалдырмады. Президент ұлттық қауіпсіздік жайы­мен ті­келей байланысты саланы да­мытуға бағытталған тап­сыр­малар беріп, пробле­ма­ның күрделеніп бара жат­қа­нын ескерткен болатын. Осы­ған орай, біз су саласының мә­селелерін жан-жақты са­рап­тап көрдік. Ауызсу қоры аздық етпейді Ең алдымен, Жолдауда су са­ла­сын дамытудың үш жылдық жобасын әзірлеу қажет екені ай­тыл­ды. Себебі сырттан ке­летін су жыл сайын азайып барады. Ал елде бар судың 40 пайызы құмға сіңуде. Осы жай­ларға тоқталған Прези­дент инфрақұры­лымның тозғанын сынға алды.
«Ел экономикасын тұрақты дамытуға су тапшылығы қатты кедергі болып отыр. Қазір бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесіне ай­налды. Сырттан келетін су азайып барады. Сол судың өзін тиімсіз пайдалану жағдайды одан әрі ушықтырып отыр», – деді Қ.Тоқаев.
Сондай-ақ салада автоматтандыру және цифрландыру деңгейі төмен. Ғылыми не­гіздеме жоқ, мамандар тапшы. Бұл мәсе­лелерді шешу үшін алдағы уақытта Үкімет жанындағы Су кеңесінің жұмысын жандан­дыру қажет екені сөз болды. Кеңеске білімді сарапшыларды жұмысқа қабылдау көзделді. Енді қажет мамандарды даярлау үшін аталған саладағы іргелі әрі мықты жоғары оқу орындарын анықтау тапсырылды. Үкімет жанындағы Су кеңесі құрылғалы бері ел көзінен тысқары қалғаны анық. Алдағы уақытта кеңес үшін атқарар шаруа қыруар. Мысалы, елімізде суды пайдалану­дың тиімділігі өте төмен деңгейде екенін айтпаса да білеміз. Суға қойылған тариф шығынды өтемейді, инвестиция көлемі аз, су инфрақұрылымдары ескірген. 2020 жылы елде 2 200-ден астам иесіз, өздігінен ағатын ұңғымалардың бары айтылған. Ал суармалы егістіктің тек 16 пайызына ғана тамшылатып суару технологиясы мен жаңбырлатқыш қондырғылар пайдаланылады. Қалған 84 пайыз егістік бұрынғыдай суды шығындап отыр. Экономикада су ресурстарының мұндай жетіспеушілігі бұрын соңды болған емес. Былтыр Маңғыстаудағы қуаңшылық соған дәлел. Бұл аздай, кен орындарын игеру қарқын алған соң су тапшылығы артты. Соның бір мысалы – республикадағы жер қойнауын пайдаланушылар жерасты суларының маңынан кен орындарына барлау жүргізіп, ұңғымалар қазуда. Сал­дарынан жерасты сулары мұнаймен ара­ласып, ластануда. Мысалы, алдыңғы жылы Ақтөбе облысындағы Көкжиде, Қызылорда облысындағы миллионнан астам тұрғыны бар қаланы қамтамасыз етуге жететін үлкен Мыңбұлақ жерасты сулары кен орын­дарының кесірінен ластанғаны анықталды. Осылардың барлығы шөл даланың көбеюіне әкелді. Енді халық тұтынатын ауызсу да азайған. Қазақстанда жерасты суларының көлемі туралы нақты ақпарат жоқ. Кейбір дерек­көздерде Қазақстанның жалпы тұщы су қоры 429 текше шақырым деп бағаланған. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өткен жылдың соңында «Қазақстанда тұщы судың үлкен қоры бар, 3,5 мыңнан астам жерасты көздері анық­талды» деп мәлімдеген. Олардың жалпы көлемі алдын ала мәліметтер бойынша 100 текше шақырымнан асады. Оның 58 па­йызы Алматы, Жамбыл және Қызылорда облысына тиесілі. Алайда бұл сандарға мамандар күмәнмен қарайды. Саланы зерттеп жүрген инженер-гидрогеолог Анар Тілеулесованың айтуынша, ресми ақпарат нақты емес. Елімізде тұщы су қоры қанша екенін ешкім білмейтін көрінеді. Оған қоса, 3,5 мыңнан астам жерасты суының көзі бар дегенімізбен, жер-жерде табиғи су көз­дерінің, бұлақтардың тартылып қалып жатқаны белгілі. Халықтың 93 пайызы таза ауызсумен қамтылғанымен, ауызсу мәселесі әлі де көптеген өңірлерде өзекті болып отыр. Жалпы, тұщы су қорымыз 2025 жылға 75 текше шақырымға дейін, ал 2050 жылға дейін тағы 50 пайызға азаяды деген болжам бар екен. Осындай мәселелер жол тосып тұрғанына қарамастан салаға жауапты министрліктің су мәселесінде ескі жолды ұстанатыны алаңдатады. Су қоймасынан әрі аса алмай жүр Президент су мәселесін сөз етісімен Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі аяқасты іске көшкендей сыңай танытты. 2023 жылдың соңына дейін Қа­зақстанда су саласын басқарудың мемле­кеттік жүйесінде институционалдық өз­герістер жүргізілетінін, оның шеңберінде Су ресурстары комитеті мен оның бассейн­дік инспекцияларын нығайту және Су ко­дексін әзірлеу жоспарланғанын хабарлады. Су саласын дамытудың үш жылдық жобасы әзірленіп, Қазақ су шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында өзгерістер болып, оның жанынан салалық талдау орталығы ашылады екен. Оның үстіне, Су кодексімен жұмыс басталғанға ұқсайды. Қадірін ел сезінсін деген бастамамен тарифті көтеру жайы да айтылған. Қош, бәрі құптарлық қадам. Дегенмен біздегі министрлер су мәселесіне келгенде сол баяғы су қоймасын салуды айтудан әрі аспайды. Таяуда Экология министрі Серікқали Брекешев 2025 жылға дейін 8 жаңа су қоймасы са­лынатынын айтты. Былтыр ғана Экология министрі болып тұрғанында Мағзұм Мырзағалиев еліміздің тоғыз өңірінде 39 жаңа су қоймасын салу жоспарланып, 115 млрд теңге қажет екенін мәлімдеген еді. Ол жоба қазір қалай іске асып жатқанын біл­мейміз. Енді биыл тағы қойма салу қозғалды. Жалпы, 2021 жылғы дерек бойынша, ел аумағында 309 су қоймасы бар, оның 83-і мемлекеттікі, 191-і коммуналдық, 35-і же­ке­меншік. Тағы 31 су қоймасының құры­лысы жүріп жатқан. [caption id="attachment_216366" align="aligncenter" width="1528"]су © коллаж: Елдар Қаба[/caption] Иә, қойма салудың пайдасын жоққа шығармаймыз. Су қоймасын салу арқылы көктем сайын су тасқынынан зәрезап болатын 70 шақты елді мекендегі қауіп сейіледі. Трансшекаралық өзендердің су көлеміне тәуелділік азаяды. Бірақ соңғы уақытта дамыған елдер су қоймасын жойып жатқанда, біз көбейтудеміз. Неге? 2020 жылы Сардоба су қоймасында болған оқыс жағдайды ұмытпадық. Су қоймаларының жоғарыда айтып өткен пайдасымен қоса, қауіпті тұстары да бар. Осы ретте «су қой­маларының құрылысы қаншалық сапалы, оны тікелей бақылауға алатын құзырлы органдар бола ма?» деген сұрақ туындайды. Тасқыннан қашып, тасқынға тап болмасы­мызға кепілдік жоқ. Осы уақытқа дейін қоймалардың кері әсерін айтып келген техника ғылымының докторы, профессор Мәлік Бөрлібаев түп­теп келгенде Арал теңізіндегі табиғи апатқа су қоймаларының каскады себепкер бол­ғанын айтады. Сол сияқты Балқаш көлінің мә­селесіне Қапшағай су қоймасы мен Қытай аумағында Іле өзенінің бассейнінде салынған 7 ірі су қоймасының кесірі тиген. Қарапайым тілмен баяндасақ, мәселе мынада – су қоймалары табиғи процестерді тежеген соң балықтар уылдырық шашуын азайтып, био­логиялық өнімділік бәсеңдейді. Жағалаудың жойылуы, құм көшкіні пайда болып, жердің тұздануына да тікелей су қоймаларының көбеюі себепкер. Осы баяндаған табиғи апаттың бәрі қазір Аралда кездеседі.
«Су қоймаларын сала беру адамдардың табиғи процеске жағаласуын көрсетеді. Су қоймасындағы температураның тік стра­тификациясына барлық өзен-көлдердің экожүйесі жаңылысады. Көктемдегі су тасқыны жылдық ағынның 80 пайызын құрайды. Ол ағын экожүйелерді сақтап отырады. Біз оны су қоймалары арқылы тежейміз. Енді өзен-көлдердің тартылуына әсер еттік. Сосын келіп кей аймақтарда табиғи үрдіс бұзылып, су тапшылығы пайда болды. Түбегейлі жою керек демеспіз, су қоймалары көбейсе, көрші елдерге тәуелді су тапшылығын жоярмыз. Дегенмен өзен-көлдердің экожүйесін толық бұзамыз. Оның үстіне, біздегі әдіс-тәсілдердің Кеңес ке­зеңі­нен аса бір ерекшелігі жоқ, ескірген. Кеңес заманында табиғатты қорғау заң­дарына қайшы, судың ағынын қатты тежеу болды. Сосын халықты бұрын су басқан жерлерге орналастыра берді. Ата-бабала­рымыз ертеде бұрын су басқан аймақтарға көшпеген. Себебі ол жерді түбі су қайта шайып өтерін білген. Сондықтан гидро­логия саласындағы адамдар табиғаттың өз заңы бар екенін ұмытпағаны жөн», – дейді Мәлік Бөрлібаев.
Кеңес көңіл аударар жайт көп Енді Үкімет жанындағы Су кеңесіне жауапкершілік пен жүктеме артпақ. Өйткені кеңес анықтауы тиіс дүние өте көп. Мәселен, біз жоғарыда жерасты суларын сөз еттік. Оған қатысты заңның олқылығы көп. «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану» кодексінен жерасты сулары мүлдем алынып тасталған. Бұл аз ба, су шаруашылығына жауапты мекемелер кімге бағынарын білмейді, яғни ешкімде жауап­кершілік жоқ. Саланы министр­ліктерге, облыс әкімдіктеріне, комитет­терге бөліп тас­таған. Сондықтан әуелі мә­селенің заңна­малық жағы қолға алын­ғаны жөн секілді. Бір-біріне қайшы заң­дарды Әділет минис­трлігі бір жүйеге келтір­месе, жер қойнауын пайдалану­шы­лардың әрекеттерін заң аясында шектеу қиынған соға бермек. Бар­лық су ресурс­тары бір мекемеге бірік­тірілгенде ғана жауапкершілік болады. Бұл тұста суды пайдалануды бақылау схемасы да жасалу керек. Елімізде қанша мекеме қандай мөлшерде су алатыны жайлы нақты ақпар жоқ. Елімізде қуаты тәулігіне 50 текше метрге дейінгі су беретін скважи­наларды бұрғылау үшін арнайы рұқсат алудың қажеті де жоқ. Қараңыз, 1 текше метр – 1 мың литр су. Тәулігіне 50 мың литр су алатын нысандарды кез келген адам оңай сала береді. Осыдан кейін су үнемдеу жайлы айту қаншалықты орынды? Бұл кемші­ліктердің бәрін түзеу үшін салаға жаңа тех­нологиялар енгізілуі керек. Ал қазір ондай технологияның енгізілгенін көріп отырған жоқпыз. Ауыл шаруашылы­ғында тамшыла­тып суару технологиясын енгіземіз деп әлек болғалы 20 жылдан асты. Суды көп мөл­шерде пайдаланатын меке­мелерде, кәсіп­орын­дарда, жылу-электр орталықтарында суды қайта пайдалану тех­нологиясы жоқ. Аймақтарда гидроло­гиялық посттары мүлде құрылмаған. Рас, республикада жерасты су көздері көп. Олардың ең ірілері Қызылорданың солтүстік-шығысында, Атырау облысында орналасқан. Балқаш көлінің аумағында да жерастында термоминералды сулардың үлкен қоры бар. Құндылығы жағынан бұлардан кем түспейтін өзге де су көздері көп. Экология министрлігінің Геология комитеті су құдықтарының қайда апара­ты­нын, қалай жұмыс істейтінін, қанша су ай­дайтынын анықтап, есепке алумен ай­налы­сып жатқанын жиі айтады. Бірақ нақ­ты нәтиже туралы жаңалық жоқ. Ұңғы­ма­лардың саны жайлы деректен бей­хабармыз. Шетелдерде тасқын мен еріген судан бас­тап, тау жоталарында су қой­маларын құру қолға алынған. Израиль, Аустралия, Кипр, Ұлыбритания сияқты елдер жаңбыр суын да кәдеге жаратып отыр. Осылайша, респуб­ликадағы су ре­сурстарының қорлары туралы нақты ақ­параттың жоқтығының кесірінен пробле­маға ұрындық. Енді Үкімет пен Су кеңесі мәселеге зер салып, шешу жолдарын дереу қарастырғаны абзал.